Қоғам

Тозығы жеткен ғимарат толықтай жөнделді

Тозығы жеткен ғимарат толықтай жөнделді


Жарма ауданының Әуезов кентінде дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берілді.

Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен ғимаратты осы өлкенің кенін игеріп жатқан «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС өз қаржысына жөндеп берді. Кен өндіруші компания бұл нысанға 2014 жылдан бері қамқорлық жасап келеді. Осы аралықта инвестор дәрігерлік амбулаторияны толықтай жөндеуге 31 млн. теңге жұмсаған. Ал 2014 жылы амбулаторияға жедел жәрдем көлігін сыйлап, 2015 жылы үш миллион теңгеге медициналық құралдар алып берген болатын.

Жаңарған ғимараттың ашылуына аудан әкімі Нұрлан Сыдықов қатысып, кент тұрғындарын қуаныштарымен құтықтады.

-Бұл кәсіпорын өзінің әлеуметтік жауапкершілігіне мұқият қарайды. Осыған дейін қаңырап қалған балабақшаны қалпына келтіріп берсе, бүгін амбулаторияны жөндеп отыр. Ендігі жоспарда мектепті күрделі жөндеу мәселесі тұр. Оны бюджет қаражатына жөндеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрлан Сыдықов.

Кент тұрғындары келбеті мен кетеуі кеткен амбулаторияның жайлы әрі жарық ғимаратқа айналғанын көріп, қуанысып жатты. Ал осында жұмыс істейтін дәрігерлер құрал-жабдықтардың толығып, ғимараттың іші еңсені басар қараңғылықтан арылғанын айтады.

-Бұрын ғимараттың іші қараңғы, сырты сүреңсіз болатын. Бұл осында келген науқастарды қойып, медициналық қызметкерлердің де еңсесін басып тұратын. Жөндеуден кейін амбулаторияның іші-сырты жаңа келбетке енді. Мұндай орында жұмыс істеу бізге де қолайлы, – дейді дәрігер Роза Омарова.

Ол салтанатты шараға жиналған жұртқа жаңа медициналық құралдармен жабдықталған бөлмелерді таныстырып, оң өзгерістің дәрігерлер жұмысына қаншалықты жеңілдік туғызып отырғанын паш етті. Амбулаторияның бір бұрышынан «Дені сау баланың кабинеті» де ашылыпты.

-Бұл бөлменің ашылғанына уақтылы тексеруден өтіп тұратын нәрестелердің ата-аналары қуануда. Өйткені, ден сау бөбектер өзге емделушілерден оқшау қаралады, – дейді Р.Омарова.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Юрий Овчинников амбулаторияның инженерлік желілері де жаңартылғанын атап өтті.

-Күрделі жөндеуді кезең-кезеңмен іске асырдық. Өйткені, толықтай жауып тастасақ, тұрғындарға Шар қаласына ағылуына тура келер еді. Бірінші кезеңде астыңғы қабаты жөндеуден өтсе, биыл екінші қабат толықтай жаңартылды. Осы аралықта ғимараттың жылу және кәріз жүйесі де ауыстырылды. Тіпті, электр желілері де әбден ескірген екен. Оны да жаңалауға тура келді. Есік-терезелерін түгелдей пластикпен алмастырдық. Бұл ғимаратта әрлеушілердің қолының ұшы тимеген бұрыш жоқ шығар. Тіпті, баспалдақтардың өзін жамап-жасқап, жаңартып қойдық, – деді кәсіпорын басшысы.

Кен өндіруші кәсіпорын биылдың өзінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 800 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Облыс бойынша инфрақұрылымды дамыту бағытына 750 млн. теңге бөлсе, Әуезов кенті мен Шалабай ауылының инфрақұрылымын жақсартуға 30 млн. теңгеден астам қаржы құйған. Бұл қаржы жергілікті әкімдікпен келісілген меморандум аясында бөлінгенін айта кету керек. Сондай-ақ кәсіпорын меморандумнан тыс 12,2 млн. теңгенің демеушілік көмегін көрсеткен. Оның басым бөлігі тұрғындардың жеке өтініштерін орындауға және мерекелік шараларды қаржыландыруға жұмсалған.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button