Қоғам

Тоғжанның бейітіне ескерткіш белгі қойылды

Тоғжанның бейітіне ескерткіш белгі қойылды

Тоқтамыс ауылында өткеннің ізі қалған, ұлы адамдар өмірінің бір бөлшегі іспетті тарихи орындар жетерлік. Мұхтар Әуезовтің осы жерде ең алғаш мектеп ашып, бала оқытқаны жөнінде деректер бар. Ал «Абай жолы» эпопеясының көптеген кейіпкерлері осы топырақта, тауы мен тасында қолтаңбасы қалған жандар.
Солардың бірі – махаббаттың символы болған Тоғжан Сүйіндікқызы. Эпопеядан білетініміз, Аққозыға атастырылған Тоғжанның кезінде Абай атамызбен адамгершілік, рухани байланыстары ерекше болған. Тоғжан 1928 жылы қазіргі «Аққозы» қыстағында дүниеден өткен екен.
Содан бері талай уақыт өтіп, Тоғжанның жерленген зираты қараусыз қалған-ды. Былтыр аудан тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы анамыздың басын қоршау туралы ұсыныс білдірген болатын. Жақында Тоғжан жерленген зират қоршалып, ескерткіш белгі қойылды.

Тоғжанның бейітіне ескерткіш белгі қойылды

Бұл игі бастаманы жүзеге асырған – ауылдың кәсіпкері, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Мұхтаров. Былтыр қолға алған тапсырманы ойдағыдай орындап, сауапты істі соңына жеткізе білді. Тоғжан зираты басында қатым түсіріліп, ел ағалары тарихтан ой қозғап, жастарға ізгі ниеттерін білдірді. «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде бүгінде көптеген тарихи орындар қамқорлыққа алынып жатқанын білеміз. Ендеше, солардың қатарына Тоғжан жатқан орын да еніп жатса құба-құп.
Игі іске ауыл әкімі Ақылтай Садырбай бастаған жастар, ауыл жұртшылығы бір кісідей ат салысты.
Болашақта осындай сауапты істер жалғасын табады деген сенімдеміз.
Алдағы уақытта туризмді дамыту мақсатында арнайы іс-шара жасалып, оған Тоғжан зираты да енгізіліп, келер ұрпаққа таныстырылып отырса деген ұсынысымыз бар.

Бауыржан Мағазұлы

Абай ауданы,
Тоқтамыс ауылы.

Осы айдарда

Back to top button