Қоғам

Тозған үйлер неге жөнделмей тұр?

  Тозған үйлер неге жөнделмей тұр?

2011 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Енді бес жылдан соң аяқталғалы отырған аталмыш бағдарлама бойынша біздің облыста 267 тұрғын үйге жөндеу жүргізілді.

63 нысанның жұмысы шала болып шықты

Бірақ қаншама қаржы жұмсалып, жөнделіп бітті деп желпінткен осыншама тұрғын үйдің 63-і қазір қайта жөндеуді күтіп тұр. Себебі, бірінің қасбеті қайта құлап жатса, екіншісінің шала жабылған төбесінен су кетіп, үшіншісінің шатыры ұшып, тұрғындардың жүйкесін тоздыруда.
Аймақта терможаңғырту жұмыстарын жүргізумен айналысуға орай арнайы құрылған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының «Шығыс Қазақстан облысы тұрғын үй пайдалану басқармасы» ЖШС директоры Алмат Арсланбаев шала, сапасыз жөнделген бұл 63 тұрғын үй бағдарламаның қанатқақты жобасы бойынша алғашқы 2011-2013 жылдар аралығында жамап -жасқалған баспаналар екендігін айтады.
2012 жылдары «Ертіс» ӘКК» және «Өскемен тәртіп» мекемелерінің үйлестіріп, ұйымдастыруымен жергілікті мердігер кәсіпорындарды жалдау арқылы осы үйлерге жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасыздығы екі-үш ай өтпестен-ақ мәлім болып, тұрғындар наразылығын тудырған болатын. Бірақ сол үйлерді қайта жөндеп, кеткен кем-кетіктің, олқылықтың орнын толтыру әлі күнге дейін кейінге қалдырылып келеді. Неге?
– Бағдарлама басталған 2011-2013 жылдары аймақтағы ескі тұрғын үйлерді жөндеуге қаржы өте көп көлемде бөлінді. Осы жылдары республикалық бюджеттен біздің облысқа 2 млрд. теңге бөлініп, бізге дейінгі екі оператор арқылы ол ақшаға 170 баспанаға жөндеу жүргізілді. Бірақ жөнделіп біткен 63 көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылғандығы анықталды. Жұмысты жүргізушілер құрылыс нормалары талаптары мен ережелерін сақтамаған, мысалы, жобада көрсетілген қаңылтыр шатырдың қалыңдығы 0,7 мм. болса, оның орнына анағұрлым жұқа 0,45 миллиметрлік қалыңдықтағы материалдар пайдаланылып, құжатта оны 0,7 мм деп көрсеткен. Олардың арасы ажырап, су кетіп, шашылып, жарамсыз болып қалды. Осындай сапасыз жөндеу жұмыстарымен бірге ұйымдастыру, бақылау шаралары да жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Жөнделіп біткен үйерді қабылдап алушылар жағынан да үлкен қателік, кемшіліктер жіберіліп, олар шала-шарпы жүргізілген жұмыстарды тексеріп, анықтамай, қағаз жүзінде қабылдап алған. Екі оператор кәсіпорынның, мердігер құрылыс мекемелерінің көзбояушылықпен атқарып, тапсырған едел -жедел, сапасыз жұмыстарына қатысты талап арыздары жазылып, қазіргі күні оларға қатысты істер прокуратура, қаржы полициясы органдарына беріліп, сотта қаралып жатқанымен, проблемалы үйлерді қайта жөндеу шаралары жүргізіліп жатқан жоқ. Өкінішке қарай, сот үдерісі ұзаққа созылып келеді. Дегенмен, сол кезде жөндеу жүргізген құрылыс кәсіпорындарының бәрі «жауапсыз мердігерлер» тізіміне алынып, олардың бұдан былай жұмыс істеуіне тосқауыл қойылды. 2013 жылдан бастап «Облыстық тұрғын үй пайдалану басқармасы» құрылып, жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру біздің өкілеттігімізге берілді. Сапасыз жөнделген үйлерді қаржының табылу ретіне қарай өз қаражатымыз есебінен қайтадан жөндеп жатырмыз. Соңғы екі айда Өскемендегі үш көпқабатты тұрғын үйге қайтадан жөндеу жүргіздік. Қайта жөндеуді қажет ететін үйлердің бәрі де бірте-бірте толықтай жөнделетін болады, – дейді «Шығыс Қазақстан облысы пайдалану басқармасы» ЖШС директоры Алмат Арсламбаев.

Баспанаға бас ауыртпайтын әкімдер де бар

Кәсіпорындардың, салалық қадағалаушы органдардың, мамандардың осындай шала-пұла жұмысының, жүрдім-бардым бақылауының, сауатсыздығы мен біліксіздігінің салдарынан аймақтағы қалалар мен аудан орталықтары тұрғындарының терможаңғырту бағдарламасына деген сенімділігі азайып барады. Бағдарламаға қатысуды айтпағанда, осы бағдарлама бойынша баспаналарын жөндеткен аймақтағы бірнеше қалалар мен аудан орталықтарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары ай сайын төлеп, өтеп отыруы тиіс несие қаржыларын қайтармай, бірнеше айға кешіктіріп келеді.
Облыс бойынша бүгінгі күні несие қаржыларының қайтарымы 51 пайызды құрап отыр. Зырян шаһарының тұрғындары да, әкімдігі де ескі үйлерді жөндеу жұмыстарына жұмыла кірісіп, бұл бағыттағы шараларды жүйелі жүргізіп келе жатса, семейліктер көш соңында жүр. Несие қарыздары Өскемен бойынша -75 пайыз, Зырян қаласы бойынша -111, Семей қаласынан-16, Аягөз қаласынан-19, Ұлан ауданынан -88 пайыз көлемінде қайтарылуда.
Жөндеу жүргізілген көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары 7-10 жылда жабылуы тиіс несие қарызын қайтаруды бұлайша кешіктіре берсе, несие қайтарымы есебінен аймақтағы басқа үйлерге жөндеу жүргізу мүмкіндігі азая бермек. Өйткені, ендігі жаңғырту жұмыстарының дені мемлекетке қайтарылатын несие қаржысына атқарылады.
Ұлттық экономика министрлігінің селекторлық кеңесінде айтылғандай бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан терможаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда бесінші, несие қарыздарын қайтару көлемі жағынан үшінші орында келеді.
Облыста жөндеуді күткен ескі үйлерде есеп жоқ. Бағдарлама басталғаннан бері көпқабатты тұрғын үйлері аса көп Глубокое ауданында бірде-бір үйге жөндеу жүргізілмеген. Осы аудандағы қоғамдық кеңестің мүшелері кент тұрғындарының бейқамдығынан, аудан әкімдігі басшыларының оған бастамашы болып, бас ауыртпай отырғандығынан Глубокоедегі тұрғын үйлердің жылдан-жылға кетеуі кетіп бара жатыр дейді. Аудан тұрғындарының хал-ахуалының, ауданның әлеуметтік жағдайының бір өлшемі – жайлы баспана, жақсы тұрмыс екенін түсінбей, түсінсе де түк істемей отырған аудан әкімдері, тұрғын үй инспекциялары бұған «елдің өз шаруасы» деп қарап, жалтаруда.
Ал, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жарақтандыруға белсене қатысып отырған екі-үш ауданның бірі -Катонқарағай ауданының көпқабатты тұрғын үйлерінің тұрғындары бағдарламаның игілігін көріп отырғандарына, аудан орталығындағы жылу жүйесінің жаңаланып жатқандарына көңілдері тоқ.
Семей мен Өскемен қалаларында жертөлесі, ішкі инфрақұрылымдары шіріп, төбесі түсуге айналған баспаналар тіптен көп. Мамандардың есептеуінше, екі қаладағы тұрғын үй қорының 80 пайызы тозған.
Терможаңғырту бағдарламасымен жөндеу жүргізуге орай биылғы жылға республикалық бюджетке 1 млрд. теңгеге өтінім берілгенімен, облысқа 190 млн. теңге ғана қаржы бөлінген. Бұл қаржыға Өскемендегі, Шемонайхадағы, Зайсандағы, Катонқарағай ауданындағы, Ұлан ауданындағы үйлер, барлығы 11 баспана жөнделініп жатыр. Қайтарылған 128 млн. теңге несие қаржысына да жөнделіп жатқан үйлер бар. Аягөз, Зырян, Риддер, Катонқарағай, Өскеменнің үйлері қайтарылған қаражатқа жөнделініп жатыр. Өскеменнен бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 282 тұрғын үйдің жобалық құжаттары әзірленіп, дайын жатқанымен қаржыны күтіп, кезекте тұр.
-Керісінше, Семей қаласының тұрғын үйлері бағдарламаға қатыспауда. Осы қаладағы бірнеше мың тұрғын үйдің басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Биыл Семейде үш үй қайтарылған қаржы есебінен жөнделуі тиіс болатын, осы қалаға бағытталған қаржы қорда сақталынып отырғанымен, ол үйлердің тиісті жобалық құжаттары әлі жасалып, дайындалып біткен жоқ, жаз маусымы бітіп те қалды,- дейді басқарма директоры.
Бүгінде облыста 205 мыңнан астам тұрғын үй бар болса, соның бес мыңнан астамы көпқабатты тұрғын үйлер. Олардың 50 пайыздан астамы өткен ғасырлардың 40-60 жылдары салынған. Әбден тозған олардың бәрі қайтадан қалыпқа келтіріп, бастан-аяқ жаңалауды күтіп, жөнделмей тұр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button