Тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар

Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, тоғызқұмалақ ұлттық ойыны осыдан төрт мың жыл бұрын пайда болыпты. Алайда, елімізде тоғызқұмалақ туралы білетіндердің қатары аз.
Тоғызқұмалақтың ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі болады. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін-ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданып жатады.
Неміс ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, аталмыш ойын ертеде ғұндардың әскери-танымдық ойыны болған. Мөде қаған тұсында бұл ойын түрі «Орда» деп аталыпты.
Бүгінде тоғызқұмалақ ойынының әлемде әртүрлі үлгілері бар. Мәселен, Египетте осыған ұқсас ойынды «калах» деп атаса, Шри-Ланкада «олинда калия», қырғыздарда «тогузкоргоол», африкалықтарда «манкала», «габата», «абапа» деп аталады екен. Сол сияқты американдықтарда да бұл ойынның өз үлгілері бар. Елімізде 1974 жылы алғаш рет тоғызқұмалақтан республика біріншілігі өтті. Содан бері ел чемпионаты жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Еліміздегі әуесқой тоғызқұмалақшылардың федерациясы 2001 жылы құрылыпты.
Тоғызқұмалақ ойынының қазіргі үлгісі 1948 жылы қалыптасқан. Бұл ұлттық ойынымыздың заман талабына сай классикалық ережесін жасауға Мұхтар Әуезов пен Халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың сіңірген еңбектері зор. Содан кейін 1980 жылы тоғызқұмалақ ойынының негізгі қағидаларына тағы да өзгерістер енгізіліпті. Ал 1997 жылдан бастап Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстар өткізу қолға алынса, 2001 жылы республикамызда ардагерлер мен жасөспірімдер арасындағы чемпионаттар бөлек өткізіле бастады. Сол ойындардың жеңімпазы, ұлттық дәрежедегі жоғары санатты төреші, өскемендік Болат Жұмаділов еді. Бүгінде Болат Жұмаділов Өскемендегі тоғызқұмалақ үйірмесінде мектеп оқушыларын ұлттық ойынға баулып жүр. Өзінің айтуынша, оның басты мақсаты – жастарды ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақыру.
– Біз тоғызқұмалақтың мәдени мұра ғана емес, жастардың зердесін, ойлау жүйесін жетілдірудегі маңызды зияткерлік спорттық ойын түрі екенін атап өтуіміз керек. Бұның басқа спорттық ойындардан айырмашылығы – ақыл-ойды дамытады. Қазіргі жаћандану заманында біз мәдени мұраларымызды жаңғыртуымыз қажет, – дейді Болат Жұмаділов.
Болат Жұмаділовтің шәкірттері көп. Солардың бірі, Шығыс Қазақстан облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы, еліміздің спорт шебері – Гүлжан Қилыбаева. Ол тоғызқұмалақ үйірмесін жүргізіп, көрген-білгенін жастарға үйретіп жүр. Ол 1998 жылы тоғызқұмалақ бойынша Ұлан ауданынан шыққан алғашқы республика чемпионы атағына ие болған. Алмасай ауылының орта мектебін бітіргеннен кейін, Гүлжан Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжін тәмамдаған. Гүлжан тоғызқұмалақты 1990 жылдан бастап ойнап, жарты жылдан кейін аудандық спартакиада жеңімпазы атанып,
аудандық құрама командаға енген. Кейіннен тоғызқұмалақтан облыс чемпионы атанған. Ал 1998 жылы Астанада мемлекет жүлдесіне өткен бірінші халықтық спорт ойындарында спорт шебері нормативін орындаған.
Гүлжан Қилыбаеваның айтуынша, аталмыш ойынды әуесқой деңгейінде үйрену үшін бір-ақ күн жеткілікті екен.
– Тоғызқұмалақты кәсіпқой дәрежеде үйренгіңіз келсе, ойынның күрделене беретінін түсінесіз. Өзіміздің төл спортымыз болғандықтан, Қазақстан құрамасы тоғызқұмалақтан әлем бойынша алдыңғы орында тұр, – дейді Гүлжан Қилыбаева.
Айтпақшы, тоғызқұмалаққа шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Нью-Йорк қаласындағы Аляска университеті – тоғызқұмалақты арнайы зерттеп отырған бірден-бір орталық. Оқу ордасында тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасау қолға алынған. Лондонда тоғызқұмалақ тектес ойындардың мұражайы бар. Берлин қаласында «Неміс зияткерлік ойындар мұрағаты» ғимаратында тоғызқұмалақ туралы шыққан еңбектер жинақталуда. Испан азаматы Виктор Ватутиста тарихымызда тұңғыш рет ағылшын тілінде тоғызқұмалақ ережелері мен компьютерлік бағдарламасы орналастырылған арнайы сайт ашып, интернетте арнайы сабақтар өткізіп отыр.
Ажар Сағатбекова