Тоғыз жобаны жүзеге асырып отыр
Көгілдір көктемнің алғашқы күні «Нұр Отан» партиясы үшін де ерекше. 1 наурыз – еліміздегі көшбасшы партияның құрылған күні. 1999 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен құрылған партияға биыл 18 жыл толып отыр. Осыған орай «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы арнайы шара өткізіп, партия қатарына жаңадан қабылданғандарға мүшелік билет тапсырды.
– Бүгін біз үш мерекені қатар атап өтіп отырмыз. Бүгін – Алғыс айту күні. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясының да дүниеге келген күні. Партияның туған күні еліміз бойынша биыл кеңінен аталып өтіп отыр. Осыдан он сегіз жыл бұрын Президент сайлауындағы үгіт-насихат штабының негізінде құрылған партия бүгінде еліміздегі ең үлкен ықпалды күшке айналды, – деген сөзін бастаған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов партияның осы он сегіз жыл ішінде атқарған жұмыстарына да кеңінен тоқталып өтті. Бүгінгі таңда партияның араласпайтын, шешпейтін мәселесі жоқ. Елімізде Елбасының бастамасымен қолға алынған халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған мемлекеттік, аймақтық бағдарламалардың жүзеге асырылуын, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаржының дұрыс игерілуін бақылап, бағыт-бағдар беріп отыратын да осы партия. Тек өткен жылы біздің облысқа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 46 жобаны іске асыру үшін 18 млрд. теңге қаражат бөлініпті. Мұның барлығы да ел экономикасының қарқынды дамуының арқасында мүмкін болып отыр.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы қазіргі күні «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық шақ», «Айқын тариф», «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел», «Ұлы дала елі», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Жастар – Отанға», «Сәтті қадам» сынды тоғыз жобаны іске асыруда. Партия мүшелерінің қатары да жылдан-жылға артуда. Бүгінде партияның облыс бойынша 80 мыңға жуық мүшесі бар. «Нұр Отан» партиясының қоғамды біріктірудегі рөлі қашан да ерекше.
«Нұр Отан» партиясының құрылған күніне арналған салтанатты жиында облысымыздағы бірқатар партия белсенділерінің де еңбектері ескеріліп, марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Өскемендегі «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Сәния Әубәкірова да бар.
– Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауын әрқашан сезініп келеміз. Партия қоғамның әлеуметтік әлсіз тобына қамқорлық жасауды ешқашан ұмытқан емес. Ұжымымызда 120-ға жуық адам – партияның мүшесі, – деді ол.
Сондай-ақ, осы күні партияның қатарына жаңадан қабылданған біраз адамдарға партия билеті салтанатты түрде табыс етілді.
– Мен Елбасының саясатын, ұстанған бағытын ту еткен көшбасшы партияның қатарына өткеніме сондай қуаныштымын. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын мұндай партия бізге әрқашан керек, – дейді партияның жаңа мүшесі Әсемгүл Жандарбекова.
Сондай-ақ, салтанатты жиынға жиналғандар Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ұжымының Алғыс айту күніне орай ұсынған арнайы көрмесін де тамашалады.
Мейрамтай Иманғали