Қоғам

Тоғыз жатақхана салынады

Тоғыз жатақхана салынады

Өскемен қаласында екі балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бірі – Өтепов, енді бірі – Революционная көшелерінде. Олар осы жылдың мамырында салынып бітуі тиіс еді. Алайда құрылысшылар кешігуде.

Соңғы мерзім ағымдағы жылдың 15 тамызы деп бекітіліпті. Сала мамандары осы уақытқа дейін екі нысан да толық аяқталып бітеді деп сендіріп отыр.
Бұл мәселе аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынатын нысандар жөніндегіжиында сөз болды.

«Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аймақтық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасыШәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы 222 нысан бар, оның жалпы құны 33 миллиард теңгені құрайтын 145-і толық аяқталған.

Семейде екі балабақша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша салынып біткен. Қарағайлы және Ұшақтар ықшам аудандарында орналасқан аталмыш мекемелерде қазіргі кезде 340-тан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Келешекте қалада тағы төрт балабақша салынуы мүмкін. Қазір жергілікті әкімдік әлеуетті инвесторларды іздестіру үстінде.

Облыс орталығында 240 орындық типтік тағы екі балабақша құрылысы жоспарланып отыр. Көкжал Барақ және Өтепов көшелерінің бойынан нысандарға жер телімдері бөлініп беріліпті. Біраққұрылысшылар учаскелерден жерасты суларышыққанын айтып отыр.
Даниал Ахметов тиісті ведомство басшыларына барлық қажетті желілерді тартуды міндеттеді. Ал жерасты суларын шешу мәселесін әкімдік өз мойнына алмақшы.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тегершіктерібойынша салынатын келесі нысандар – студенттер жатақханалары. Бұл – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі.

Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Сырым Дүсіповтіңберген мәліметінше, облыста 4608 орындық 11 жатақхана салу көзделген болатын, оның 4-і жоғары оқу орындарына, қалған 7-і колледждерге тиесілі. Алдағы 2019 – 2022 жылдары 9-ы салынуы тиіс. Қазіргі кезде Өскемен құрылыс колледжі, Өскемен көпбейінді колледжі, Өскемен медициналық колледжі және Семей бизнес және сервис колледжі жатақханаларының жобалық-сметалық құжаттары әзір. Аягөз колледжінің құжаттары шілдеде әзір болмақ, ол жатақхана құрылысы «Казминералс» кәсіпорнымен бірлесе іске асырылады. Жоспардағы Семейдегі екі жатақхана салынып қойған-ды.

– Қай колледжде жатақханаға деген сұраныс жоғары болса, сол құрылысты бірінші бастау керек. Сондай-ақ жұмыстардың сапасына ерекше көңіл аударған жөн, – деді осы орайда облыс әкімі.

Университеттерге келер болсақ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың жатақханаға деген сұранысы – 500 орын. Бірақ оқу орны басшылығы 350 орынды өздерінің ішкі резервтері арқылы ашпақ, яғни жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізу арқылы. Сондай-ақ олар 500 орындық жатақхана салуға инвестор іздестіруде.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың да 600 орындық жатақхана салу жоспары бар. Бірақ бүгінгі таңда оқу орнында жатақханаға деген қажеттілікшамалы. Облыс әкімі келешекте университетте сұраныстың пайда болу-болмауын зерделеуді тапсырды. Бір айдан соң құрылысты жүргізудің тиімділігіне байланысты нақты шешім шығарылуы тиіс.

–Егер жатақханаға деген сұраныс болмаса, қаржы шығындап оны салудың қажеті қанша? Алдымен сұранысқа болжам жасау керек. Барлық жатақханалар алдағы үш жылдың ішінде пайдалануға берілуі тиіс, – деді Даниал Ахметов бұл ретте.

Өкінішке қарай, Семейдегі медициналық академияның жатақханаға қатысты жоспары беймәлім болып отыр. Аймақ басшысы құрылыс және білім басқармаларына оқу орны басшылығымен осы мәселені анықтауды тапсырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button