Тоғыз елдің жаңа технологиясымен танысып, серіктестер тапты

Кеше Өскеменде «MinTech-2017» 21-ші халықаралық тау-кен өндіру, металлургия және көмір өнеркәсібінің жабдықтары мен технологиялары көрмесі ашылды. Спорт сарайында өтіп жатқан көрмеге Германия, Швеция, Швейцария, Қытай, Чехия, Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстанның осы саладағы жетекші өндірушілері – 60-тан астам компания қатысуда.
Шағын кәсіпорындарымыз да шет қалған жоқ
-«MinTech» халықаралық көрмесінің Шығыс Қазақстанда өткізіліп отыруы кездейсоқтық емес. Көрме кешені алғаш құрылған 2003 жылы өз жұмысын Өскеменнен бастаған болатын. Қазақстандағы ғана емес, өнеркәсібі жоғары дамыған, түсті металлургиясы мен тау-кен өндірісі қарқынды өркендеп келе жатқан Шығыстағы отандық кәсіпорындардың бұл іс-шарада өзге елдердің озық технологиясымен, жаңа жетістіктерімен танысуына, олардың шетелдік ірі индустриялық компаниялармен тікелей байланыс орнатуына таптырмас мүмкіндік береді,-деді көрменің ашылу салтанатында «ҚАЗЭКСПО» ХКК президенті Мариям Молдағалиева.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбеков, «Best & Alliance Group» компаниялар тобының бас директоры Болат Бағадаев, «Қазцинк» компаниясының өкілі Андрей Добраумов мамандандырылған «MinTech-2017» көрмесінің еліміздегі, өңіріміздегі тау-кен байыту, металлургия өнеркәсібінің өркендеуіне жол ашар барлық заманауи жетістіктерді көрсететін бірден-бір қолайлы алаң, іскерлік белсенділіктің орталығы екендігін айтып, шараның Қазақстан экономикасының ең маңызды секторын әрі қарай дамытуға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.
Спорт сарайының кең ғимаратына қойылған шетелдік және отандық жетекші кәсіпорындар өнімдері мен олардың шығарып отырған құрал-жабдықтары туралы айшықты ақпараттық стендтер, баннерлердің аса көптігі биылғы көрменің ауқымы кеңейгендігін бірден аңғартты. Жылдан-жылға танымалдылығы арта түскен шараға өзге елдер мен өңірлерден бөлек, біздің облыстан да бірнеше шағын кәсіпорын алғаш рет қатысып, әйгілілердің қатарынан орын алды. Өскемендегі «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС көрмеге келуші отандық және шетелдік кәсіпорындарға осы зауытта шығарылып жатқан өнеркәсіптік газдарды шаңнан тазалауға арналған құрал-жабдықтары мен өнеркәсіптің түрлі салаларына арналған шаң тұту технологияларын ұсынды. Аймақтық Индустрияландыру картасына еніп, өндірісіне жаңа технологияларды енгізіп жатқан өскемендік жаңа зауыттың құрал-жабдықтарындай өнімдер елімізде басқа ешқай жерде өндірілмейді. Сирек кездесетін бұл өнімдер де көрмеге келген қазақстандық кәсіпорындар өкілдерінің назарын өзіне аударды.
Германияда өндіріліп жатқан геологиялық барлау құралдары, чехиялық металл өңдеу, ресейлік ультрадыбыстық тау-кен технологиялары, Украинадағы резеңке техникалық бұйымдар зауытының инновациялық өнімдері, Беларусь елінің жерасты жүктегіштері мен мұнаралық бесаспап крандары, өзіміздің Петропавл, Павлодар сияқты қалаларымызда өндіріліп жатқан жаңа өнімдер, басқа да көптеген құралдар мен жабдықтар «MinTech-2017» халықаралық көрмесінің мәнін ашқан, қатысушылардың қызығушылығын тудырған заманауи жетістіктер болды.
Сертификаттау саласы бойынша кеңес берілді
Көрмеден көрген елімізде жоқ озық технологиялар мен жаңа жабдықтар тау-кен байыту, металлургия саласының келешегі үшін аса маңызды болғанымен, оларға қол жеткізу отандық, өңірлік кәсіпорындарға қыруар қаржы тұрады. Ол құрал-жабдықтарды ортадағы дилерлерден емес, тікелей өнім өндірушіден сатып алса, бағаның да, сапаның да мәселесі қатар шешіледі. Отандық кәсіпорындар экспортын ұлғайтып, өзімізде жоқ құрал-жабдықтарды шеттен сатып алудың тиімділігін арттыру мақсатында «Ұлттық сертификаттау және сараптау орталығы» АҚ облыстық филиалының мамандары көрмеге қатысып жатқан отандық, шетелдік компаниялар өкілдерін басқа елге шығарылатын, Қазақстанға импортталатын жабдықтарға біздің елден берілетін сәйкестік сертификаты, сараптамалар, тауарларды құжаттандыру жөнінде ақпараттандырып, кеңестер берді.
Екі күнге созылған көрме аясында «Қазақстан тау клубы» ұйымының ұйымдастыруымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жобасындағы ресурстар мен қорлар туралы халықаралық есептілік стандарттарына көшу» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өтті.
Сондай-ақ, Өскеменге алыс, жақын шетелден келген компаниялар мен отандық кәсіпорындар өкілдері облыстың жетекші тау-кен және металлургиялық кәсіпорындарының, «КЭМОНТ» АҚ кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ