Экономика

Тоғыз ауылға көгілдір отын қашан беріледі?

Тоғыз ауылға көгілдір отын қашан беріледі?
Зайсан ауданының тоғыз елді мекеніне көгілдір отын қашан жетеді? Бұған дейін аудан басшысы Темірбек Қасымжанов 1 қыркүйекке дейін аталған ауылдар газбен толық қамтылады деген болатын. Алайда қазір Зайсан қаласындағы автоматтандырылған газ таратқыш стансаның құрылысы (АГТС) және ауданның тоғыз ауылына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып қойғанымен, жергілікті халық көгілдір отынның қызығын әлі де көрмей отыр.
Жуықта өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте белгілі болғандай, газды қосуға барлығы да дайын тұр, тек оны қосу үшін қосымша тағы 58,6 млн. теңге қаржы қажет.
Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановтың айтуынша, биыл ауданның Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал секілді тоғыз ауылында ауылішілік газ желісінің құрылысы аяқталған. Бұл ауылдар газбен жабдықтауға толықтай әзір. Алайда биылғы 26 маусымда сыйға тарту шартының негізінде автоматтандырылған газ таратқыш станса және тоғыз ауылға тартылған газ құбырлары «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нен Зайсан ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілген.
Ауылдар орталықтандырылған газбен қамтуға қосылған кезде 3516 үй көгілдір отынға қосылып, жыл сайын 9 млн. текше метр газ тұтынатын болады. Оның ішінде күнделікті тұрмысқа үш, жылыту маусымына 6 млн. текше метр газ жұмсалады.
Қазіргі уақытта пайдалануға беруші ұйымдар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мен «Интергаз Центральная Азия» АҚ-на сенімді басқаруға беру шарты әзірленген. Қол жеткізілген келісімге сәйкес газбен қамту нысандарын қолданысқа беру және ұстап тұруға жыл сайын 227,0 млн. теңге қаражат қажет.
– 25-30 шілде аралығында нысандарды толық техникалық зерттеу жүргізілді, есебі жасалды. Ағымдағы жылдың соңына дейін АГТС мен газ құбырларын іске қосу және ұстап тұру шығындарын өтеу үшін 58,6 млн. теңге қажет. Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен бірлесіп бюджеттік өтінім әзірлеп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қарауға ұсындық. Егер ол қолданған жағдайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жекелеген шарттар бекітілген соң, ауылдар орталықтандырылған газбен қамту жүйесіне қосылады, – деп түсіндірді аудан басшысы Темірбек Қасымжанов.
Аймақ басшысы өзінің салалық орынбасары Алмасхан Сматлаевқа Зайсан ауданы әкімінің өтінішін тиісті деңгейде қолдау керектігін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі Даниал Ахметов Темірбек Қасымжановтан Зайсан қаласы қашан толық газға қосылып бітетіндігін сұрады, себебі қаланы газға қосу екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Аудан басшысы Зайсан қаласына толық газ тартылғандығын, бүгінде тұрғындардың қырық пайыздан астамы газды қолданып отырғандығын жеткізді.
Зайсан ауданының елді мекендерін газбен қамту шаруасы мұнымен шектелмек емес. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев Зайсанның тағы сегіз ауылын газбен қамту мақсатында магистральды және ауылішілік газ желісінің құрылысына 89 млн. теңгенің екі жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Яғни, алдағы уақытта Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сартерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады.
Тоғыз ауылға көгілдір отын қашан беріледі?
Басқарма басшысы Мұрат Мұсатаев айтып өткендей, газдандыру тек Зайсан ауданымен ғана аяқталмайды. Оның айтуынша, Зайсандағы Сарыбұлақ кен орны арқылы өңірдің оңтүстік аудандарын газбен қамту үшін автоматтандырылған газ таратқыш стансаның (АГТС) және Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарының 60 елді мекеніне магистральды желі тартудың құрылысы қарастырылуда.
– Жоба төрт бағытта инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Ол бойынша Зайсан ауданында сегіз елді мекен, Тарбағатай ауданында – 24, Үржарда – 14, Күршім ауданында – 14 ауыл газбен қамтылады. Аталған ауылдарда 95 314 адам тұрады. 24 мың үйді газбен қамту жоспарланып отыр, – деді Мұрат Мұсатаев.
Төрт бағыт бойынша алдын ала болжамды жылдық газ тұтыну көлемі 47,7 млн. текше метрді құрап отыр. Жоғарыда аталған аудандардың ауылдарына газ құбырын жеткізу және кварталішілік газ құбырын тарту құрылысының құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп болған соң нақты белгілі болмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button