Қоғам

Той-томалақты ашық аспан астында өткіземіз

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласындағы Ертістің сол жағалауында бой көтеріп жатқан «Аралдар резиденциясы» мәдени-демалыс орталығында, сонымен қатар, «Шашуро» ЖК мен «КазРосПромАрматура» ЖШС-інде болып, ондағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ботбай тауына көтеріліп, мұндағы Мемлекеттік Ту мен «Қазақстан» жазуының қазіргі ахуалын көріп қайтты.

Той-томалақты ашық аспан астында өткіземіз

700 адам емін-еркін сыйып кетеді

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ алдымен шаһардың Сол жағалау ықшамауданында орналасқан «Аралдар резиденциясы» мәдени-демалыс орталығында болды. Бұрындары қайық стансасының ескі ғимараттары ғана тұрған жерде қазір қызу жұмыс жүргізілуде. Орман арасындағы алаңқайда алып ақ шатыр мен шайхана, асхана сияқты бірнеше ғимарат бой көтерген. Жақын арада мұнда түрлі мәдени іс-шаралар, мерекелік басқосулар мен той-томалақтар өткізуге болады.

– Жұмысты күз айынан бері жүргізіп келеміз. Осы уақыт ішінде 700 адамға арналған шатыр тігіп, бұрынғы қайық стансасының ғимараттарын жөнге келтірдік. Шатыр шетелден арнайы жеткізілген, ыстық-суыққа төзімді, өте мықты материалдан жасалғанын атап өткім келеді. Қазір бізге берілген бір гектар жердің аумағын абаттандырып, келген қонақтардың демалысын мәнді ететін жаңа жобалар әзірлеудеміз. Құрылыс басында 40-қа жуық жұмысшымыз еңбек етуде, – дейді «Пять звезд» ЖШС-нің басшысы Мұхтар Тойбазаров.

Мәдени-демалыс орталығы иесінің жаңа жобалар дегені, іргесіндегі су қоймасында қайық-катамарандармен серуен ұйымдастырып, жастардың неке қию рәсімдерін өткізетін су үстіндегі алаңқайлар салу, ал қыс айларында мұз қалашығын тұрғызып, атшанамен экскурсиялар өткізу екен. Сонымен қатар, орталық төрінде ақшаңқан киіз үй мен алтыбақан орын тебетіні де белгілі болды.

– Облыс орталығында дәл осындай орталықтар жоқтың қасы. Сондықтан мұнда келушілердің, мерейтойлары мен үйлену тойларын ашық аспан астынды өткізуге ниет білдірушілердің қарасы көп боларына сенімім мол. Сол сияқты болашақта бұл жерде ірі халықаралық іс-шаралар мен классикалық музыка кештерін де өткізуге болады. Осы орайда, бұл жерді абаттандыру және көркейту кезінде ұлттық нақыштағы дүниелерді пайдалануға көп көңіл бөлгендеріңіз жөн. Шетелдік қонақтарды қызықтыратыны да сол. Келушілерге қымыз, шұбат сияқты ұлттық өнімдерімізді ұсынсақ, одан тек ұтарымыз хақ, – деген аймақ басшысы нысанды межелеген уақытынан кешіктірмей, келесі айда пайдалануға беру керектігін тапсырды.

Өндіріс көлемін үш есе
арттыруға әлеуеті жетеді


Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ат басын тіреген келесі нысан «Шашуро» жеке кәсіпкерлігі болды. Былтыр іске қосылған бұл кәсіпорын негізінен сыра және табиғи ауызсу шығарумен айналысады. Бүгінде «Шашуро» өнімі облысымыздың ірі кәсіпорындары тарапынан зор сұранысқа ие болуда. Бұл туралы кәсіпорын директоры Виталий Суков мәлім етті.

– Өнімдерімізді барынша таза, қоспасыз етіп жасауға ден қоюдамыз. Мысалы, қаладағы сауда нүктелерінің сөрелерінде пайда болған «Настоящее» атты сырамызды әзірлеу үшін Алматыдан маман алдырып, соңғы технологияларды қолдануға тырыстық. Сыраға қажетті шикізатты Германия мен Ресейден тасымалдаудамыз. Қазір айына 50 тонна сыра өндіре алатындай жағдайға жеттік. Сол сияқты мұқият тазартудан өткізілетін «Лайф» атты ауызсуымыз да сұранысқа ие бола бастады. Қазір «Қазақмыс», «Қазцинк» сияқты ірі кәсіпорындарымыз «Тассайдан» бас тартып, біздің суға көшті. Енді тұрғындар тарапынан да осындай сұраныс тудыруды мақсат етудеміз, – деген В.Суков фабрика конвейерінен айына «Лайфтің» үш мың литрі шығарылатынын айтып, болашақта «Даму» қоры арқылы алынған несиенің көмегімен өндіріс көлемін бірнеше есеге ұлғайтуды мақсат ететіндіктерін жеткізді.

Кәсіпорын жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өнім сапасын жіті бақылауда ұстап отыруды, өндіріске жаңа технологияларды енгізу жағын қарастыруды тапсырды.

Шығарылатын өнімнің сапасы мен көлемін арттыру қажеттілігі жайын аймақ басшысы «КазРосПромАрматура» зауытына жасаған сапары барысында да атап көрсетті. 2013 жылы Ресейдің Челябі машина жасау зауытымен бірлесіп құрылған кәсіпорында қазір жалпытехникалық мақсаттағы шарлы крандар өндірілуде. Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны аймақтық Индустрияландыру картасына енгізілгенін атап өткен жөн.

Кәсіпорын директоры Зоя Новолодскаяның айтуынша, «Өскеменнің «КазРосПромАрматура» зауыты» ЖШС деп аталатын зауытты дамыту бағдарламасы 4 жылға есептеліп, 4 негізгі кезеңнен тұрады екен. Бүгінде Өскеменде басты кәсіпорын – «ЧелябинскСпецГражданСтрой» жеткізетін жинақтаушылардан шарлы крандарды құрастыру учаскесі пайдалануға беріліп, табысты жұмыс істеуде. Өткен жылдың өзінде ғана бұл жерде 70 мың шарлы кран шығарылған екен. Биылғы сәуір айының өзінде ғана зауытта шөлмектердің 6 мың данасы өндіріліпті.

– Алдағы уақытта өндіріске қажетті дәнекерлеуші құрылғылар мен жаңа станоктар сатып алуды көздеп отырмыз. Жалпы, тауарларымыздың сапасы жоғары, шетелдік өнімнен еш кем емес, үш жылдық кепілдігі де бар. Ал бағасы анағұрлым арзан. Қазір негізінен аймақтағы ірі кәсіпорындардан тапсырыстар түсуде. Дегенмен, болашақта өнімімізді сыртқы нарыққа шығаруға мүдделіміз. Өндіріс көлемін екі-үш есеге дейін өсіруге әлеуетіміз жетеді, – деген З.Новолодская кәсіпорынның Астана, Алматы және Атырау қалаларында бөлімшелері мен қоймалары бар екенін жеткізді.

– Осындай сирек өнімді алыстан тасымай, өзімізде шығарғанымыз әрине, дұрыс. Дегенмен, тауарды лайықты деңгейде жарнамаламасақ, ісіміз оңға баспайды. Жергілікті кәсіпорындармен жұмысты ширату қажет. Олармен әріптестік байланыс орнатыңыздар. Біз де өз тарапымыздан бұл бағытта қажетті көмегімізді көрсететін боламыз. Ең бастысы, өндіріс көлемін арттыра беру қажет, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Кешенге келушілер саны артады

Аймақ басшысы шаһардың шығысындағы тауда орналасқан мемориалдық кешенде болды. Қазіргі кезде мұнда теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте желбіреген көк байрақ пен одан сәл төменде орналасқан «Қазақстан» жазуын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өскемен қалалық тұрғын үй шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жандос Байырхановтың сөзіне сенсек, тау шыңындағы мемориалдық кешендегі мемлекеттік рәміздер – Елтаңба мен Әнұран да жаңаланбақ. Ал ең басты жаңалық – ауа райының қолайсыздығына байланысты алып туды көтеріп-түсіру енді арнайы электр қозғалтқыш арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл уақыт жағынан да аса тиімді екен. Бұған дейін көк байрақты тұғырына көтеру үшін кем дегенде жарты сағат кететін болған екен.

– Кешенді қалпына келтіру жұмыстарын тездетіп аяқтаңыздар. Жаз айларында мұнда келушілердің саны еселеп артатынын білесіздер, сондықтан, қажетті жұмыстарды кешіктірмей қолға алуларыңыз қажет. Адамдар демалатын ағаш үйшіктердің іші-сыртын жөнге келтіріңіздер. Тауға көтерілетін жол бойындағы орындықтарды да бояп, тақтайшалардағы жазуларды жаңалаған жөн. Алдағы уақытта облыс орталығында шағын ЭКСПО өтетіні белгілі, сондықтан, бұл жерге шетелдік қонақтар да көптеп келеді, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қала басшылығына мемориалдық кешен аумағында сенбілік өткізуді жүктеді. Сондай-ақ, тауға Аблакетка кенті жағынан көтерілетін жол салу қажеттігін айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button