Той алдындағы қарбалас

Күн бұрын Республика алаңындағы киіз үйлердің қатары көбейе бастады. Мұнда думан іздеп келген қала халқы қазақ үйдің қалай тігілетінін көзбен көріп, мәре-сәре болды.
Той алдындағы қарбалас. Қазақ үшін ең думанды, ең қызғылықты сәт шығар бәлкім. 21 наурыз күнгі өскемендіктердің көңіл-күйі де солай болатын. Ұлыс күні Өскеменде бірнеше күн қатарынан тойланады дегенді естіген тұрғындардың алаңға бірі келіп, бірі кетіп жатты. Тек кетпей, тігіліп бітпеген киіз үйге ырымдап уық қадасуға тырысты көбі. Әншейінде сәлемнің өзін есеппен беретін қала қазақтары ауылдағы аңқылдақ ағайынға ұқсап кетті бір сәт. Самарқанның көк тасын жібіткен Наурыз шуағы қала халқының самарқау көңілін де балқытып жіберсе керек.
Шараны ұйымдастырушылар бұл күнге «Келісім күні» деп айдар таққан екен. Келісім десе қазір көз алдымызға өз ұлтының жыртысын жыртқан этникалық топтар елестейтін болды ғой. Солардың даңғазасы ары өткен, бері өткен халыққа орталық алаңда думан басталып кеткенінен хабар беріп тұрды. Орыс, шешен, кәріс, армян, әзірбайжан диаспораларының концерттік көріністері бәрінен бұрын алаңда үй тігіп жүргендердің көңілін көтерді.
Түс ауған кезде кезек қара домбыраға тиген. «Домбыра Party» думанына «Жұлдыз» өнер мектебі мұрындық болған екен. Әуелі осы мектептің ұжымы күй тартыстың көрігін қыздырып, көрерменге сахна ұсынған. Алайда ешкім төрге оза қоймады. Бір сағатқа созылған шарада кілең кәсіби күйшілер алаңды күйге бөлеп барып тыныстады.

Бұл күннің басты шарасы жас жыршылардың сайысы болғанын кейін білдік. Тыңнан түрен салып, таптаурын сценарийге жаңа леп қосқан О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұжымы. Алаңдағы елдің уақытына қиянат жасаудан сақтанса керек, сахнаға күн бұрын іріктелген алты өнерпаз ғана шықты. Әйтпесе бұл сайысқа 30 үміткер ниет білдіріпті. Іріктелген алты үміткер таңды таңға қосып жырламаса да, жаһандану дәуірінде ауыз әдебиетінен адыра қалмағанымызды аңғарта алды. Жаттаған жыр үш минуттан кем болмау керек деген талапты барлығы асыра орындады. Мұхтар Шаханов пен Мағжан Жұмабаевтың поэмалары да Қобыланды мен Алпамыстай халық жырына айналып бара жатқанын көрдік. Бәріне ортақ кемшілік – жырды мақамсыз айту еді. Қазылардың мұндай сынынан Сабилиян Бақыт есімді алтыншы сынып оқушысы ғана аман қалды. «Қобыланды батырды» ерекше мақаммен мүдірмей айтқан Сабилиян байқаудың бірінші жүлдесін қанжығасына байлады ақыры. Екінші орынды Риддер қаласынан арнайы келген 7-сынып оқушысы Махмұт Жәнібек иеленді. Ал үшінші орын Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Айсымбат Еркінге бұйырды. Ұйымдастырушылар байқауды дәстүрлі шараға айналдырмақ.
-Жыршылар сайысына халықтың қызығушылығы осынша жоғары болады деп ойлаған жоқ едік. Қатысуға ниет танытқандар көп болды. Сондықтан алдағы уақытта байқаудың ережелерін ширатып, бұдан да үлкен ауқымда өткізсек деген ойымыз бар. Жас буынның ауыз әдебиетіне деген қызығушылығы жақсы. Бүгінгі байқауда іріктеуден өткен үміткерлердің көбі мектеп оқушылары болғанын өздеріңіз де көрдіңіздер, – дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана директоры Жанар Кенжебекқызы.
Қазақтың салт-дәстүріне арналған викториналық байқауда оқушылар оза шапты. Үлкендердің бала алдында қызарған шағы болды бұл. Қас қарайғанша орталық алаңнан қаланың әр бұрышына музыка үні талып жетіп тұрды. Зият пен зейінге құмар думаншылар тоғызқұмалақ тақтасында тоқайласты. Ал жастар жағы ақсүйек ойнай алмаса да, «Караоке» алаңында танысып, табысып жатты.
Есімжан Нақтыбайұлы