Қоғам

«Tour de Oskemen» дәстүрлі түрде өткізілетін болды

«Tour de Oskemen» дәстүрлі түрде өткізілетін болды

Арнайы репортаж

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен елімізде тұңғыш рет қолға алынған «Tour de Oskemen» халықаралық веложарысы 14 қыркүйекте Өскеменде өз мәресіне жетті. Жүлде қоры бес миллион теңгеден асқан екі күндік велобәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерін орталық алаңда аймақ басшысы құттықтап марапаттады.
Айта кетуіміз керек, республика аумағында ғана емес, онға тарта шет мемлекеттен велошабандоздар қатысқан жауапты шараны өткізуге себеп жеткілікті еді. Ең әуелі биыл Қазақ елі велоспортының қалыптасуына бір ғасыр толды. Жүз жылдық мерейтой еліміздің өңірлерінде кең көлемде аталып өтуде. Екіншіден, әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген «Pro Team Astana» велоклубы биылғы «Tур де Франс» велокөпкүндігінде нәтижелі өнер көрсетіп, команда капитаны, итальяндық Винченцо Нибали жарыс жеңімпазы атанған-ды. Осындай мерейлі сәттерде үнсіз қалуды жөн санамаған облыс әкімдігі аталған спорт түрін насихаттау және қолдау мақсатында Риддер-Өскемен қалаларының арасын жалғайтын «Tour de Oskemen» веложарысын елімізде бірінші болып өткізу жөнінде бастама көтерді. Нәтижесінде кеншілер шаһары – Риддерден басталған екі күндік «аламан» 14 қыркүйек күні түс ауа облыс орталығында, Өскемен қаласының туған күні мерекесінде түйінделді.
Айтулы жарыстың ашылу салтанаты Риддердің орталық алаңында өтті. Ол жерде қалалық Мәдениет сарайының әртістері мен белсенді жастар концерттік бағдарлама ұсынды. Шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар: – Биыл елімізде отандық велоспорттың 100 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Сонымен қатар Елбасы өзінің халыққа Жолдауында республика тұрғындарын бұқаралық спортпен қамтуды тапсырды. Біздің облыста бұл көрсеткіш 28 пайызға жетіп отыр. Бүгінгі «Tour de Oskemen» бәйгесін өткізудегі мақсатымыз да сол, спортты насихаттау. Олай болса барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді.
Содан кейін велобәйгенің бірінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде әуесқойлар 4,5 шақырымға жаппай жарысты. Бір айта кетерлігі, велосипед мінген жүйріктерді қалалар мен аудандардың әкімдері өздері бастап шықты. Сөйтіп, денешынықтыру арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын нақты істерімен көрсетті.
Риддер – Өскемен бағытындағы 135 шақырымды құрайтын жарыстың екінші кезеңінде барлық қатысушы таулы жерге арналған велосипедтермен жолға шықты. Оларды қолдау үшін Ұлттық велоспорт федерациясының атқарушы директоры Дмитрий Муравьев, Асан Базаев сынды елге танымал спортшылар «пелотонмен» қатарласып біраз жерге дейін жүріп өтті.
Ал үшінші кезең 45 шақырымдық Риддер-Черемшанка тас жолында жалғасын тапты. Бұл сында таулы жерге арналған велосипедтерге мінген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ, ниет білдірген жас үміткерлер қатысты.
«Tour de Oskemen» халықаралық велобәйгесінің ең негізгі кезеңі Риддер – Өскемен тас жолында шоссе велосипедтерін тақымдаған кәсіби шеберлер арасында қызды. «Pro Team Astana», «Almaty Bro Team», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, сондай-ақ, Ресей елінің командалары сайысқа түсті. Олар қос қаланың аралығын жалғап жатқан табиғи қалпының мұрты бұзылмаған көрікті жерлермен жүрді. Велобәйгені ұйымдастырудың тағы бір айта кетер артықшылығы, спортты насихаттап қана қоймай, бір жағынан алыс-жақыннан ат сабылтып келген қатысушыларға өңірдің көзтартар әсем жерлерін көрсету, туризмді насихаттау.

Велобәйгеге 1300 адам қатысты

Жалпы, халықаралық веложарыста кәсібилері бар, әуесқойлары бар жиыны 1300-ге тарта үміткер бақ сынады.
Олардан бөлек Өскеменнің Защита ықшамауданы жағынан кіреберістегі жол-патрульдік полиция бекетінен бастап орталық алаңға дейінгі аралықты қамтыған жекелей сынға Түркия, ОАР, Англия, Швеция, АҚШ, Кения, Ямайка, Филиппин және басқа да бірқатар елдердің өкілдері МТВ-велосипедтермен қатысты.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаевтың айтуынша, веложарысқа қатысушылардың ішіндегі ең жасы 7 жасар риддерлік Сергей Марилов болса, ең үлкені 70 жастағы тарбағатайлық белгілі велосаяхатшы Түгелбек Қасымов. Түгелбек ағамыз аталған спорт түрімен айналысқан 35 жылда әлемнің қырықтан астам елін велосипедпен аралапты.

«Tour de Oskemen» дәстүрлі түрде өткізілетін болды

– Мен әлемнің талай елін велосипедпен араладым. Сол сапарларымның бәрінде, мейлі қай жерде болсам да айналамда спортты, сол арқылы бейбітшілік пен татулықты насихаттауға тырысып келемін. Өйткені спорт адамдарды ұлтына бөлмейді. Мен өзімнің ісім арқылы кейінгі жастарға спортпен шұғылданудың пайдасын айтып, өнеге көрсетіп жүрмін, – дейді қарт велошабандоз Түгелбек Қасымов.
Сонымен «Tour de Oskemen» велобәйгесінің қорытындысы Өскеменнің орталық алаңындағы қала күніне арналған мерекеде шығарылды.
– Велоспорт бұл көпшілікті қызықтыратын, маңызы жоғары спорт түрі. «Астана» командасының арқасында бүгінде Қазақстанды әлемнің көптеген елдері танып, білуде. Біз бұл спортты насихаттап, ары қарай дамыта түсуіміз керек. Осы орайда, міне, бірінші рет «Tour de Oskemen» жарысын қолға алдық. Аталған велобәйге енді дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады. Бүгінгі шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан, қолдау көрсеткен жерлесіміз, белгілі велошабандоз Дмитрий Муравьев бастаған азаматтарға, демеушілер «Қазцинк», «Азия Авто», «ТМК» сынды кәсіпорындарға, ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғыс айтамын. Жеңімпаздарды жүлделерімен шын көңілден құттықтаймен, – деп ізгі тілегін білдірді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Өз кезегінде аталған шараны ұйымдастырушылардың бірі, жерлесіміз Дмитрий Муравьев осындай тың бастама көтеріп, спортты дамытуға елеулі үлес қосып жүрген өңір басшысына ерекше алғысын айта келе «Астана» командасының толық спорттық киімін сыйға тартты.
Сонымен жарыс нәтижесі бойынша, шоссе велосипедтерімен сынға түскен кәсіби спортшылар арасында мәре сызығын бірінші Александр Шушемоин (СҚО) кессе, оның ізін ала Виталий Зверев (Павлодар облысы) келді. Ал үшінші орын Дмитрий Лукьяновқа (Қостанай облысы) бұйырды.
Ал ең жас велошабандоздар арасындағы «аламанда» Егор Ильиныхтың алдына түсер ешкім болмады. Одан кейін көмбеге жеткен Мейіржан Қайсаров күміспен күптелсе, Владимир Логинов қола жүлдегер атанды.
Шоссе велосипедімен 135 шақырымдық жарысқа түскен ардагерлер арасында бірінші орынды Андрей Линник (Алматы), екіншіні Аркадий Ким (Алматы), үшінші орынды Геннадий Крупяков (Алматы) еншіледі.
Дәл осы қашықтықта МТБ бойынша қырық жасқа дейінгілер арасында өткен сында Сергей Мазурин бірінші, Александр Еременко екінші, Иван Чакилев үшінші келді.
Сол сияқты қырық жастан асқандар, 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, қыздар арасында да жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, олардың әрқайсысына демеушілер дайындаған тиісті сый-сияпаттар көрсетілді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button