Ағымнан жарылсам

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері: – Менің жұрт қатарлы қателесуге, еркін жүруге хақым жоқ

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері: – Менің жұрт қатарлы қателесуге, еркін жүруге хақым жоқ

Ең алғаш ұшаққа төрт-бес жасымда отырдым


– Тоқтар Оңғарбайұлы, сіз алаштың атын айдай әлемге әйгілеп, қазақтың арасынан тұңғыш болып көкке самғадыңыз. Бала күнгі арман, бала күнгі қиял сізді биіктерге жетелеген болар…

– Шамасы төрт-бес жаста болуым керек, бір күні ауылға санитарлық ұшақ келіп қонды. Бұл сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сол сәтте ауылдағы бүкіл балалар ұшаққа қарай жүгірді. Бір жағынан, қорқамыз, екінші жағынан, көктен қалықтап келіп қонған үлкен құсты дәл жанынан көруге соншалықты ынтық болдық. Бірақ біз ұшақтың үстінде шыр айналып тұрған дүниенің аты винт, оның өмірге қауіпті екенін білмедік қой ол кезде. Ауылдың қарасирақ балаларына не керек? Қызық керек. Ұшқыштар «кетіңдер, әрі жүріңдер» деп бізге зекісе де құлаққа ілмейміз. Біраз жерге дейін жүгіріп барамыз да, ұшаққа қайта келеміз. Біздің бәріміз кетпейтінімізді білді ме, сол сәтте олар керемет айла ойлап тапты. Бұл «ЛИ-2» маркалы үлкен ұшақ еді. «Кімнің ұшқысы келеді? Отырыңдар» демесі бар ма?! «Отырыңдар» деген сөзді күтпегендері қорқып, ауылға қарай қашты. Ал мен сияқты ержүректері ұшақтың ішіне кірдік.

– Қандай сезімде болдыңыз?

– Соншалықты қобалжыдым, жүрегім лүпілдеді деп айта алмаймын. Өйткені, ол кезде ұшақтың не екенін де соншалықты түсінбедік қой. Бірақ басқалар «қорқақ» деп бетіме баспасын деп барынша намысқа тырыстым. Сол ғажаптың ішіне кіргендердің арасында ең кішкентайы мен шығармын, соған қарамастан батылдығымды көрсеткім келді. Содан не керек, біздің көңіліміз қалмасын деді ме ұшқыштар ұшақты мәшине секілді ары-бері жүргізді де, бізге айтты: «Міне, бұл ұшақты енді сендер күзетесіңдер. Бұл жерге ешкімді жолатпаңдар. Өйткені, енді бұл сендердің үйлерің болады». Баламыз ғой, қапысыз сендік. Сөйтсек, олар ауылдағы бір сырқаттанған кісіні алып кетуге келген екен. Олар қашан көкке көтерілгенше, біз сол ұшақты күзетумен болдық. Ал енді сол ұшақтың самғап бара жатқандағы сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тым кішкентай бала болсам да, жан дүниеме ерекше әсер етті. Соңынан ұзақ қарадым. Тіпті, түсіме де кірді. Түсімде құс сияқты ұшып жүр екем. Сол сәт менің де тағдырыма әсер етсе керек. Сенсеңіз, осы оқиғадан кейін бүкіл ойым, іс-әрекетім ұшақпен байланысты болды. Омыртқаны ұшақ етіп, олай-бұлай жүгіремін. Құдды, өзімді ұшып жүрмін деп елестетемін.

Алты-жеті жасқа келгенімде өз қолыммен пышақпен жонып, ұшақ жасап алғаным бар. Содан кейін Теміртауға ұшақ туралы кино келсе, міндетті түрде көретінмін. Кітаптарға да айрықша қызығушылығым артты. Бас алмай оқимын. Жай кітаптар емес, кілең ұшқыштар жайында. Нұркен Әбдіров атындағы ауыл біздің ауылмен іргелес еді. Ол кісі соғыста ерекше ерлік көрсеткен ұшқыш болыпты. Кеңес Одағының батыры атанған ұшқыштың ержүректілігі мен батылдығы жайында кішкентайымнан естіп өстім. Қайсар азамат ұшағымен жанармай сақталған үлкен қоймалардың біріне соғылып, жарылып, қайтыс болған. Алайда немістердің біразын шейіт еткен екен. Мен де сол кісінің жолын қуып, ерлігін қайталағым келетін. «Шіркін, ол кісі біздің бейбіт өміріміз үшін шайқасып, жанын қиды ғой, неткен батырлық» деп тәнті болатынмын. Содан кейін, өсе келе Талғат Бигелдиновтің батырлығы жайында білдім. «Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алыпты. Оның жасаған ерлігін ешкім қайталай алмас. Мені күні бүгінге дейін сол кісідей бола аламын ба деген ой мазалап келеді.

Теңіздің жағасында демалу дегенді
енді-енді біліп келе жатырмын


– Сонда сіз ол кісінің қандай қасиеттерін үлгі тұтасыз?

– Үлгі алатын қасиеттері өте көп. Жүрісі, тұрысы, ойы, әрбір сөзі үлгі аларлықтай. Ол кісі бір нәрсені айтып түсіндіреді, егер адам түсінбесе, бұрылады да кете береді. Ешкімге жалынбайды, ешкімге басын имейді. Тағы бір айта кетерлігі, ол кісі еліміздегі көптеген қалалардағы зәулім ғимараттардың авторы.

Жатқан тастың астына су кірмейді. Ол үшін тасты көтеруің керек. Егер адам еш еңбектенбей, бүк түсіп жата берсе, ешкім оған несібесін әкеп бермейді. Адам алдына мақсат қоюы керек және сол мақсатқа жету жолында жан аямай еңбектенгені жөн. Мен еңбекке ерте араластым. Оның бір себебі, жеті айлығымда әкем өмірден өтті. Мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, жетілдіріп, жеткізіп, үлкен өмірге жолдама берген – анам. Үлкен апам да мұғалім болған кісі, баланы тәрбиелеуде тәжірибелерінің мол болғаны анық. Сол кісілер маған: «Сен үлкен азамат болуға тиіссің. Әке орнына әке болу міндетің! Шешеңді қорға, сол кісіні асыра, аяла» деп үнемі айтып отыратын. Міне, мен осындай үлкен жауапкершілікті сезініп өстім. Тіпті, бұл ой жатсам да, тұрсам да ұйқы бермейтін.

Жоғарыда айттым, еңбекке жас күнімнен бел шеше араластым. Әлі күнге солай. Демалыс дегенді, әсіресе, теңіздің жағасында демалу дегенді енді-енді біліп келе жатырмын ғой.

– Аға, жүрегіңіз бірінші кезекте кім деп, не деп соғады?

– Қазір, әрине, отбасым, балаларым деп соғады. «Ойбай, Отаным, туған жерім» деп айтпай-ақ қояйын. Өйткені, әр адам бірінші кезекте өз балаларын қорғауы керек. Отанды қорғау, туған жерді аялау – мәңгілік міндет. Халқымның, туған елімнің өмірі мені үнемі ойландырады. Қазір менің үш немерем бар. Үшеуі де қыз. Енді әулетімнің жалғасы ретінде бір қарадомалақ немере сүйсем деген арманым бар.

Әрбір қауіпті марапаттай берсе,
менің кеудеме орден сыймас еді


– Сіз ғарышта 7 күн, 22 сағат, 13 минут уақыт болдыңыз. Осы уақытта нені ойладыңыз?

– Көп нәрсені ойладым. Ең әуелі «азғана уақытқа келдім, жүктелген міндеттерді қалай атқарамын деген ойлар маза бермеді. Ғарыштағы сегіз күннің азғана уақытын ұйқыға арнадым. Жұмыстан бас алмадым десем де болады. Мен тек Қазақстанның атынан ғана емес, Кеңес Үкіметінің атынан да аттандым ғой. Оның үстіне бұл уақытта Кувейтте соғыс болып жатты. Мұндағы табылып жатқан насостарды, жанармайларды зерттеп, барлық ақпаратты дер кезінде жерге жеткізіп отырдық. Сондай-ақ, Австралиядағы өртті де зерттедік. Түнде жап-жарық болып кетеді екен, лапылдаған өрттің қарқыны енді сұмдық еді. Сол тілсіз жауды қалай сөндіру керек, өрт сөндірушілер қай жақтан келу керек деген сияқты маңызды ақпараттарды жерге жеткізумен болдық.

Мінекей, осындай маңызды істерге атсалыстық. Оның үстіне ғарышқа самғаған ең алғашқы қазақ азаматы болған соң, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Егер мен бір қателессем, бұзақылық жасасам, мүлт кетсем: «мұны Тоқтар істеді» деп айтпайды ғой. «Қазақтар істеді» дейді. Әлі күнге дейін солай. Сондықтан мен өздерің сияқты қателесуге, еркін жүруге хақым жоқ.

– Тоқтар аға, сіз Тайгада жүргеніңізде «Гауһартас» әнінен рухани нәр алып, ерекше сезімге бөленген екенсіз. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Әрбір адамның бойына нәр алып, қуаттанатын ерекше жағдайлары болады. Біреулер күнді, енді біреулер түнді көргенде, біреулер жұлдыздар жымыңдасқанда, ал кейбіреулер суды көргенде осындай сезімді басынан еріксіз өткереді. Ән деген адам жүрегінің ең тереңіне жетеді екен. Қайдан келген күш, қайдан келген қуат екендігін өзің де түсінбей қаласың. Сол сияқты «Гауһартас» әні де маған арналып жазылғандай көрінді. Өйткені, мен сол әнді тереңінен түсінгендей болдым.

Атқан қасқырларымды елге таратып беремін


– Білетіндер сізді аңкөс, қасқыр көп аулайды дейді.

– Мұндай әуестігім бар. Аңға барғанда мініп шығатын үлкен арқалы көлігім бар. «Евро2» стандартындағы КамАЗ. Оны бір бақилық болған досымның інісі сыйға берген. Инженерлік жағынан бір басыма жетерлік білімім болғандықтан, оның ішін жайлы етіп, ең керемет техникамен жасақтадым. Онда адам жатып, демалатын төрт орын қамтылған. Жуынатын бөлме душымен, ас үйі де бар. Еденіне, қабырғаларына жылу тартылған. Қыстың күні аңға аттанғанда осы КамАЗ-ға шаналарымды тиеп алып шығамын. Барлығы үш шанам бар. Ұзақ жолға шыққанда қосымша шанамен жүрмесең суықта бірі істен шықса, қиын жағдай туындайды.

– Атып алған қасқырларыңызды не істейсіз?

– Атқан қасқырларымды басқа да аңдарды үйге алып келмеймін. Барлығын сол жақта елге таратып жіберемін. Биыл баламның тапсыруы бойынша бір ғана қасқырды әкеліп бердім.

– Жылқыны жанындай жақсы көреді деп естідік. Бұл қанға біткен қасиет болар…

– Әрбір қазақтың өмірінде, көңілінде жылқы деген ерекше орын алады. Балаларым Мәскеуде туса да жылқы дегенде шырылдап тұрады. Үлкен балам шенеунік қызметін тастап, ауылға кетіп қалды. Сол жақта егінмен, малмен шұғылданбақшы. Немерелерім сәби күнінен маған қонаққа келгенде атқорадан шықпайды. Аттарды сылап-сыйпап, солармен бірге болғанды жандары қалайды.

– Жылқыларыңыз шетелден алдырған асыл тұқымдылар ма, әлде, қазақы жылқылар ма?

– Шетелден алдыруға менің мүмкіншілігім жетіспейді. Ал қазақы жылқыны қорада ұстаудың қажеті жоқ. Қазақтың жылқысы бұрыннан далаға үйренген, өрісте жүреді. Дегенмен менде жақсы тұқымды жылқылар бар. Оны маған жолдастарым сыйға берген. Қазақтың арасынан шыққан небір мықты-мықты жігіттер бар ғой. Бірақ сонша көп жылқы емес.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button