Тоқсаннан асқан қариялармен жүздесті
Қазақта «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген ұлағатты сөз бар. Сол қазыналардың біразы кеше Өскеменде бас қосып, қатарлас-замандастарымен шүйіркелесіп, мәре-сәре болысып қалды. Оларды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ерекше құрметпен құттықтады.
– Құрметті ардагер апалар мен ағалар! Бүгін ұлы мереке – Тәуелсіздік күнінің қарсаңында сіздерді, алды бір ғасырды артқа тастаған, кейінгісі сол межеге аяқ басып отырған асылдарды арнайы шақырып отырмыз. Мемлекетіміздің егемен ел болып, осылай дамып жатқанының барлығы сіздердің арқаларыңызда дегім келеді. Сіздер еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тер төктіңіздер. Қазіргі ұрпақ сіздердің алдарыңызда қарыздар. Сондықтан сіздерді бүгін арнайы шақырып, өзіміздің ризашылығымызды білдірейік, жағдайларыңызды сұрайық деп, жинап отырмыз. Сіздер небір күйзелісті кезеңді, ашаршылықты, қайта құруды, жаңа заманның қалыптасуын бастан кешіре отырып, ерен еңбектеріңіз арқылы жас ұрпақты тәрбиеледіңіздер. Ал Тәуелсіздіктің 22 жылында ел қалай дамып жатқанын сіздер өздеріңіздің балаларыңыз бен немере, шөберелеріңіздің жағдайына қарап, біліп отырғандарыңыз сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, сіздердің төккен терлеріңіздің арқасында қазір жағдайымыз жаман емес. Сіздер Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жасы келген адамдарға үнемі көңіл бөліп, жыл өткен сайын зейнетақыларыңызды өсіріп отырғанын білесіздер. Бүгінде облысымызда ардагерлердің бір мыңнан астам бастауыш ұйымы жұмыс істеуде. Біз сіздердің еңбектеріңізге бас иеміз және барлығыңыздың да дендеріңіз сау болып, Алла тағала бабымен қартаюға жазсын. Біз қалай болғанда да үлкенді сыйлаған халықпыз, сондықтан арамызда аман-сау жүрулеріңізге тілектеспіз, – деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Осындай игіліктерді атап-атап айтқан облыс Әкімі сондай-ақ, зейнеткерлерге жасалып отырған жақсылықтарды да нақтылап өткен соң арнайы шақырылған қарттар сөз алды.
Олардың легінде А.Ященко барлық жақсылықтарға негіз болған Тәуелсіздікті тұғырландырып келе жатқан Елбасымызға алғыс айтса, Ұлан ауданының Сағыр ауылынан келген Күлпатай Мағзұмова жиналған қауымды тебірентерлік сөзімен ұйытты.
– Менің жасым 90-да. Жасым келді деп, қарап отырған мен жоқпын. Қолымдағы екі бірдей мүгедек баламды бағып, үй шаруасының бар жұмысын да атқара беремін. Басқа балаларым үйлі-баранды болып, жан-жақта жүрсе де, отын-суымнан тарықтырған емес. Тәңірге мың да бір шүкір етіп, осындай мамыражай күнге жеткізген Елбасымызға құдайдың құтты күні амандық, елге береке-бірлік тілеп отырамын. Тегі, еңбек ете берсең, қартаймайды екенсің. Сондықтан жастарға айтарым, тек еңбек қана елден қалмауға жеткізеді, – деді қария.
Бірнеше қадірменді қарттың сөзін мұқият тыңдаған облыс басшысы: «қай заманда да ұрпақтар сабақтастығы деген болады. Соны негізге ала отырып, бүгінгі қазына-қарттарымыздың өкшесін басып келе жатқан белгілі металлург, «Даңқ» орденінің толық кавалері Қайырбек Айжігітовке сөз берейік» деп, еңбегімен ел ардақтысы атанған азаматқа сөз тізгінін ұстатқан. Қария қазірде ардагерлер бар ынтамен атқарып жатқан жұмыстар турасында айтып, осындай әдемі һәм мәнді кездесу ұйымдастырып, алдыңғы толқын ағаларға құрмет көрсетілуі әр адамды ізгілікке тәрбиелейтінін атап өтті.
Салтанаттың сәнін кіргізген қарттардың бірі шемонайхалық 94 жастағы Алексей Фирсов, глубокоелік Павел Чеботарев (93 жаста), өскемендік Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев қырғын соғыстағы көрген қиындықтары мен бейбіт замандағы еңбектерін тізбектей баяндаса, жастар қауымы атынан сөз алған Станислав Каримов жастарды әр заманның жақсы-жаманына куә болған, сөйтіп, тарихтың сақтаушылары болып келе жатқан қадірлі қарттарға құрмет көрсетуге үйрету керектігін, әр қарияға қамқоршы бекітуді ескеру қажеттігін және олар туралы кітап шығарсақ деген сынды пікірлерін жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде біздің облыста ғасырдың үстінде жас жасаған 66, ал 90-нан асқан екі мыңнан астам қарт адам тұрады екен. Олар үшін аймақта 13 медициналық-әлеуметтік мекеме, «Уба» шипажайы жұмыс істесе, біздің облыста еліміз бойынша алғашқы болып, ролло-пандустар орнатыла бастады.
Өңіріміздің әр ауданынан келген 19 қартқа құрмет көрсетілген салтанат соңына қарай ұландық 103 жасар Қайникамал Әмірсанина елге бірлік, жерге тыныштық, қалың қауымға береке тілеген батасын берді.
Қай мереке тарту-таралғысыз өтуші еді. Бұл жолы да қатарластарымен бір дастарқанда бас қосқан қазына қарттар сыйлықтар алып, мерейленіп тарасты.
Ғафура Сәрсенбайқызы