Руханият

Тоқсанға келсе де, газет-журналды көзілдіріксіз оқиды

Тоқсанға келсе де, газет-журналды көзілдіріксіз оқиды

Облыс орталығының байырғы тұрғындарының бірі, Өскемен қаласының және де облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан Афанасья Бытова тоқсан жасқа толды.
Ардагерді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин үйіне барып құттықтап, мерейтой иесіне облыс басшысының құттықтау хатын, гүл шоғын және естелік сыйлығын салтанатты жағдайда табыстады.
– Сіз өңірдің дамуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірдіңіз. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз,-деді Геннадий Бердюгин.
Ардагерді сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Тілеуқабақ Құсайынов және қалалық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Лев Старков құттықтап, сый-сияпат жасады.
Афанасья Бытова 1950 жылы ҚазМУ-ды бітіріп, Алматы қаласы, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ал 1951 жылы Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1952 жылы оны Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлайды. Сол сәттен бастап Афанасья Афанасьевнаның еңбек жолы Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік қызметте жалғасады.
– Мектепті 1942 жылы үздік бітірдім. Әкем соғысқа аттанды. Онда біз Балқашта тұратынбыз. Қолымда кішкене інім қалғандықтан, оқу туралы ой да болған жоқ. Мектепте жұмыс істедім. Әкем соғыстан оралған күннің ертеңінде Алматыға оқуға кеттім, – дейді ардагер.
ҚазМУ-дің филология факультетін ойдағыдай аяқтайды. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтан дәріс алғанын бүгінге дейін мақтан тұтады.
– Мен бүгін 18-ге толып отырмын. Тек соны беске көбейтсеңіздер болғаны,-деп жымияды мерейтой иесі. – Жас шағымызда күн-түн демей қызмет еттік. Жастарды бастап асау Ертісті бағындырғанымыз, металды балқытуға көмектескеніміз дәл бүгінгідей көз алдымда. Комсомол жұмысына мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің өзі ұсынуы еді. Ол мені конференцияда баяндама жасап тұрған кезімде-ақ байқаған екен.
Афанасья Афанасьевна тоқсанға келсе де, газет-журналды көзілдіріксіз оқиды. Елімізде, әлемде болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар. Соғыс жылдарының барлық қиындықтарын бастан өткерген, тылда ұзақ жылдар еңбек еткен ол еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардакты жан. Оның кеудесінде үш «Құрмет белгісі» ордені, үш «Ерен еңбегі үшін» медалі, сонымен бірге, «Тыңды игергені үшін», «Еңбек ардагері» медалдары жарқырайды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button