Қоғам

ТОҚСАН ЖАС – ЕҢБЕКПЕН ӨТКІЗГЕН ЖЫЛДАРДЫҢ ТӨЛЕУІ

ТОҚСАН ЖАС – ЕҢБЕКПЕН ӨТКІЗГЕН ЖЫЛДАРДЫҢ ТӨЛЕУІ

Мұхтар Абрарұлы «Асылзада» деп атаған естелігінде әкесі туралы көл-көсір тарихты тарқата келіп, туған анасы Гүлғасыл туралы «анам жайында айтпасам күнә болар» деп ақталудан соң, «анам Гүлғасыл – арғын-тарақтының сөз ұстаған биі Нүсіптің тоғыз ұлының ішінде еркелеп өскен жалғыз қызы. Тарбағатай баурайындағы Тасты өзенінің жағасында орналасқан әкесінің қара шаңырағында дүниеге келген ол таза қазақи тәрбие алған. Ауыл мектебінен хат танып, Құран оқитындай деңгейге жеткен соң оқуын одан әрі жалғастырмаған. Құл-Мұхаммед әулетіне келін болып түскенше қаланы да көрмеген…» – дейді. Одан әрі Шығыс Түркістан армиясының 19 жасар поручигі әкесінің Нүсіп бидің сыпыра бидай ішіндегі арпа болған жалғыз перзенті, он бес жасар еркетотай қызына үйленгенін сөз етеді. Сол одақтан бес ұл, бес қыз өмірге келіп, Әкетай Құл-Мұхаммедұлының әулетінен бір қауым ұрпақ өскеніне сүйсініс білдіреді. Анасы туралы естелікті Мұхтар Абрарұлы мынадай ілтипатты лебізбен аяқтайды: «Күйеуінің тоқсан жасқа дейін бабын тауып, он баласының біреуін емізе, екіншісін арқалай, үшіншісін жетектей жүре жеткізген ер мінезді аяулы анам маған өзі ресми түрде иеленген «Батыр ана», «Ардақты ана» болуымен қатар барлық қазақ әйелдерінің киелі символындай көрінеді…».
Бұл енді қазіргі Мақаншы, Үржар еліне мәлім шындық. Десек те… Осы әулетпен ширек ғасырға таяу уақыт араласып, сол кісілердің қолынан бірнеше мәрте дәм татып, арғы-бергі тарихымен біршама таныс болғандықтан, бүгінде 85 жасты артқа тастап отырған Гүлғасыл апайдың төркіні туралы бізге мәлім кейбір жайтты сөз етуді жөн деп білдім.
…Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде Мақаншы ауданының тұрғыны, жас шамасы сексенге ентелеген зейнеткер ақсақал Тұрсынқұл Төлекұлынан өзгеше мәнді хат алдым. Айтуынша, «руы тарақты, өзіңмен туыспын, ғасыр басында тағдыр жазуымен Абралыдағы тарақтылардан бөлініп, Мақаншыға бір қауым ел боп қоныс аударғанбыз. Қазан төңкерісінен кейін жан сақтау қамымен Бақтыдан әрі асып, Шығыс Түркістанға аудық. Сол жақтан 70-жылдардың басында Мақаншыға қайтып оралып, Тарбағатайдың түстік бөктерінде бір жүзден астам үй болып, түтін түтетіп отырмыз. Заман ағысына ілесіп жан сақтау қамымен жат елді кезіп жүргенде, Медеу қарағым, ата шежіремізден айрылып қалдық. Тарақты екенімізді білеміз, соның қай атасынан тараймыз – бізге беймәлім. Менің жадымда сақталған алтыншы, әлде бесінші атам – Марғұл деген кісі. Ал оның әкесі – кім?.. Білмейміз, жадымыздан өшкен… Сені, қарағым, шешіре жинаушы дейді. Жиған-тергеніңді қара, Марғұл атамыздың есімі кездесер деген үміттемін…» – деген сарында хат алайын.
Тарақты атанған бабамыздың сегізінші ұрпағы Қармыс атамыздың төрт әйелінен 12 ұл туып, бәйбішесінен көрген екі ата – Әлі мен Сары тарақтылар Балқаш көлінің жағасынан үдіре көшіп, 1860 жылы Семей облысының Қарқаралы уезіне қарасты Абралы мен Дегелең болыстарына қоныстанған (бұл деректі біз Ә.Бөкейхановтың қатысуымен 1901 жылы Воронеж қаласының баспасынан жарық көрген «Каркаралинский уезд» кітабынан алып отырмыз). Осы екі атаның бергі ұрпақтары соңғы біржарым ғасырда қаулап өсіп, Шығыс Қазақстан облысында екі мың түтіннен асты. Осы әулеттің қазірде 21-22 атаға жеткен шежіресі қолымда болатын (әрине, әртүрлі қолжазба нұсқасы). Сол тізімді қарасам – Қармыстың Әлі бұтағынан – Жанту, одан Атан, одан – Жолманбет, одан – Базар мен Көбет туады делінген. Базардан – Есенбол, Құлболды, Қуан, Бабан және Жолан; қызықты қараңыз, осы ЕСЕНБОЛДАН – МАРҒҰЛ дара туып, одан – Санапай және Жақып деген екі әулет тарағаны жазылыпты да, «бұлар туралы нақты дерек беймәлім» делінген бір нұсқада. Тұрсынқұл ақсақалдың ауызекі дерегінше, осы екі атаның ұрпақтары XIX ғасырдың аяқ шенінде Мақаншы өңіріне қоныс аударған-міс.
Қысқасы, қолымдағы осы деректі Тұрсынқұл ақсақалға хатпен хабарлап, күн қызған кезде Алакөлге демалуға бармақпын, сол кезде Марғұлдан арғы аталарыңыздың тарамын қолыңызға беремін деп хат жаздым. Нәтижесінде Тұрсынқұл ақсақалдың көмегімен мақаншылық, үржарлық тарақтылардың бертіңгі ұрпағын шежіреге қостым.

Арқадағы Дегелең тауынан отыз-қырық шақырым, Шыңғыстаудың теріскей бөктеріне орналасқан Матай адырын қоныстанған тарақты ауылдарының қыруар жылқысы қолды болып, сол малдың ізіне түскен қуғыншылар Ақшатауды бойлап із кесіп, одан әрі Аягөз өзенінен асып, ақырында іздеген жоғын Мөни байдың Тарбағатайдың күнгей бетіндегі жылқысынан табады. Тарақтының Жолдыбай аулының жолбасшысы Құрақ батыр жігіттерімен Мөнидің аулына келіп, оған: «Қолды болған малымызды айыбымен қайтар! Болмаса жекпе-жекке өзің шық!» – деп қотанда ат ойнатады-міс. Мөни де осал кісі емес, өз даугерін шығарып: «Сендерде мал басы бар екен, бізде азаң, оның есесіне жер мол. Қолды болған мал бізде қалсын, төлеуіне жер алыңдар. Қоңсы болып шаруа күйлейік…» – дейді-міс. Құрақ батырдың жігіттері бұл сөзге ден қойып, жермен қоса байдың жалғыз қызы Нұрбикені сұрайды. Бізді осы жорыққа аттандырған Дүйсенбі байдың он алты жасар ұлы Қаршыға ортамызда, сол жігіт сізге күйеубала болсын. Қолды болған жылқы қызыңыздың қарғыбауы саналсын…» – деген мәміле айтады. Ақыры, осы байламға тоқтап, Құрақ батырдың жігіттері мал орнына байдың еркетотай қызын иеленіп еліне қайтады. Келесі жылы нақ сол жігіттер қысылып-қымтырылып отырған Матай адырын тастап (бұл өңір менің төртінші атам Құрманбай ауылы атанған бабаларым 1930 жылға дейін қоныс еткен малға жайлы қоныс. Атақты әншіміз Әміре Қашаубаев та осы адырда туған), Жанпейіс, Жанбөбек есімді ағайындылар және Толыбай, Мұрынбай, Алшынбай аталары ауыл-аймағымен Тарбағатайдың түстік өңіріне көтеріле көшіп, Қарабауыр, Қарашоқы, Тастыбұлақ деген жерлерге қоныстанады. Сәл кейініректе Еміл өзенінің жағасынан да жер алған. Қаршыға Дүйсенбіұлының ауылы Кішіарқарлы, Тастұма және Егізқызыл деген жерлерден кең қоныстар иеленген. Біраз жылдан соң осы аймаққа қоныс ауыстырған тарақтылар, біздің шамалауымызша, қаулап өсіп бір старшын ел болған. Мұхтар Абрарұлы нағашым деген Нүсіп би де осы ортадан шыққан адам. Ол тоғыз ұлымен қоныс еткен Тарбағатайдың түстік беткейіндегі Тасты өзені де (сірә, Тастыбұлақ та осы) біз жоғарыда атаған шұрайлы қоныстардың ту ортасында болар деген ойдамыз (тегінде мен Тарбағатайдың арғы-бергі бетін жете білмеймін, осы заманғы даңғыл жолмен олай-бұлай жүйткіп өткенді қанағат еткен жолаушымын). Нүсіп бидің бергі ұрпақтары Тұрсынқұл Төлекұлы маған берген шежіреде нақты аталмайды. Сол тізбенің орта тұсында жоғарыда аталған Жанбөбектң бір ұрпағы – Ноғай делінген. Абрар ақсақалдың үйінде болған бір кездесуде Гүлғасыл апамыздың бауырларының бірі маған: «біздің әкеміз – Ноғай деген кісі. Сіздің кітабыңызда оның есімі бар, бірақ бергі ұрпақтары толық таратылмаған,..» – дегені есімде.

Енді осы шежіре жинаған әрекетімнің көңілді қалайша көншіткенін айтайын.
1994 жылдың аяқ шенінде мен «Тарақты және Қаракесек шежіресі» деп атаған кітабымның қолжазбасын әзірлеп алып, Алматыға бардым. Бірнеше баспаларға кіріп едім, солардың қожалары шежіренің терімі өте күрделі әрі жауапты жұмыс десіп, әкесінің құнын сұрады. Зейнет жасына іліккен әрі Жазушылар Одағындағы тұрақты жұмысы тоқтаған қаламгердің қалта жағдайы түсінікті. Десем де біршама дайындықпен барғанмын. Содан семейлік тума екенін естіген соң, «Атамұра» баспа корпорациясын құрып, жаңа кәсіпке кіріскен Мұхтар Құл-Мұхаммедке бардым. «Жібек жолы» даңғылының теріскей шетіндегі 157-санды екі қабат шағын ғимаратты иеленіпті. Мені сырттай біледі екен. «Мақаншының орта мектебінде жүргенімде сіздің «Жетінші толқын» деген ғылыми-қияли хикаятыңызды бас алмай оқып, қатты таңғалғанмын. Одан да бергі кітаптарыңызды да аздап білемін,..» – деп шежіренің қолжазбасын алып ақтара бастады.
Сәлден соң:

– Менің шешем тарақты екенін білесіз бе? – десін. – Шешемнің ата-бабалары Тарбағатай өңіріне өткен ғасырдың аяқ шенінде қоныс аударған. Нақты қай жерден көшкенін білмеймін.
Бұл енді мен үшін күтпеген, кәперіме алмаған жағдаят.
– Онда сен маған жиен болдың. Мен тарақтының Сары атанған тармағының тумасымын. Ал оның ағасы Әлі деген кісі. Сенің нағашыларын осы тармақтан, – деп қолжазбаның сол тарауын ашып, Мақаншы ауданындағы тарақтылардың шежіресі мен сол жаққа көшу тарихы жазылған беттерді көрсеттім.
Мұхтар қолына калькулятор алып, кітаптың көлемін есептеді.
– Қанша қаражат әкелдіңіз? Біз кітап шығаруды жуықта ғана бастап, шаруамызды өндірте алмай жатырмыз. Нағашылық жолыңызды ескеріп, мына кітабыңызды тегін шығарсам да болар еді. Өйтуге жағдайымыз көтермейді. Жә, қандай таралыммен шығаруды қалайсыз?
– Он мың дана жетер деймін,.. – деп әкелген қаржымды алдына қойдым.
Мұхтар бетіме одырая қарап, іле жымиды.
Мен де ойымдағы межеден төмендемей, мына қаржы жетпесе, шежірені сатудан соң кемшінін төлеймін, қолхат беремін деген ойымды айтттым.
– Жарайды, ағасы. Келістім. Терімді бірер аптада бастаймыз. Соны оқуға қайыра келесіз. Қысқасы, наурыз айына дейін шежіреңізді шығарамын…

«Тарақты және Қаракесек шежіресі» атанған кітабым 1995 жылдың наурыз айында жарық көрді. Бір мың данасын Алматыда, «Союзпечать» атанған мекемеге өткізіп, қалғанын көлік жалдап Семейге алдырып, осындағы почта мекемесіне беріп, сатуға шығарттым. Бағасын 250 теңге деп жаяу делдалдарға беріп едім, олар соны екі-үш есе қымбатқа сатты. Бес кітап үшін бір қой алғанын да естідім. Қысқасы, шежіренің өтімі ерен болды. Тек «Союзпечать» та жырымдап сатылған кітаптың құнын толық қайырмады. Тегінде мен саудаға ебім жоқ пендемін. Баспаға төлеген қаржымды өтеген соң, дүңгіршектердегі кітаптарымды жинап алып, сұраушы жұртқа тегін тараттым. Ал делдалдардың қолындағы кітаптар сұраусыз кетті. Ал «Атамұра» кітаптың барлық таралымын қолыма бергенде-ақ: «Сіз бізге қарыз емессіз. Осындай сұранысқа ие еңбегіңізді бізге бергеніңізге ризамыз!..» – деген-ді.
Ескерту парыз: менің осы еңбегіме жер-жерден жүздеген хаттар келді. Бәрі де ерекше құнды еңбек деп рақмет айтады, аталмай қалған аталары, туыстарын қосуды өтінеді. Тіпті сол шежірені қайыра шығарсам, шығынын көтеруге әзірлік білдіргендер де болды, менің деректерімді рұқсатсыз көшіріп, өздерінше тың шежіре «жасап», пайда тапқан пысықтар болды. Мысалы, Павлодар қаласынан үш-төрт жігіт көзімді бадырайтып қойып, осындай ұрлық жасады. Солармен соттасуға менің уақытым да, арым да жетпеді. Байқауымша, шыққан тегін білу, ата-бабасын қадір тұту – біздің қанымызға тән дара қасиет!..

Шежіре кітабымды жариялау мені Абрар ақсақалдың әулетімен үлкен достыққа, туыстыққа ұласқанын ескерту парыз. Рас, «Атамұра» баспасымен әдеби байланысымыздың нығаюына да сол жайттың әсері тигені анық. 1995 жылы дүркіреп өткен ұлы Абайдың туғанына 150 жылдық тойы туралы мен Семей облыстық әкімиятының тапсырмасымен «Абай тойы» деген атаумен қазақша және орыс тілінде альбом-кітап жаздым. Осы кітапты ерекше көркемдеп шығаруға қажеттілік туғанда, сол туындыны мен мемлекеттік баспа емес, «Атамұра» корпорациясында шығаруға ықпал еттім. Неге деген сұрау туғанда айтқаным: мемлекеттік баспалар бәз-баяғы әдетіне басып, мәтінге қысым жасайды, суреттерді де өз қалауынша беруге, иә бермеуге әуей болады. Ал «Атамұра» корпорациясы біздің ұсынғанымызды бұзбайды әрі техникалық мүмкіндігі зор – шетелдік жаңа аппаратураға ие… деген ой айттым. Ақыры, солай еттік. Нәтижесінде «Абай тойы» 5 мың дана таралыммен, аса көркем және Қазақ елі тәуелсіздік алғалы өткізген тұңғыш дүбірлі тойдың шежіресі іспетті альбом-кітап болып жарық көрді. Оның тұсаукесерін 1996 жылы Семейде дүркіреп өткіздік. Мұхтар Абрарұлы сол тойға бір топ қызметкерлерімен келді. Сірә, осы жайт та менің жазушы ретінде «Атамұра» баспа корпорациясымен байланысымды нығайта түсті. Соған дәлелге осы баспа «Жетінші толқын» хикаятымды «Қазақ әдебиетінің үздік жүз кітабы» топтамасы бойынша көркемдеп шығарғанын, «Қазақтың Қанышы» романым мен «Мен білетін Ер Ғабең» атты деректі новеллалар жинағымды аса көркемдеп жариялағанын айтамын. Ескертер бір жайт: сол кезде авторға қаламақы төлейтін бірден-бір баспа болатын,ал өзге баспалар қаламақы қайда, кітап шығынын да өзіңнен талап ететін дөрекі жағдаят қалыптасқан-ды…
Менің қырық жылдан астам уақыт өзіме машық еткен әуей ісім – шілде айының он шақты күнін Алакөлдің Барлық тауымен жанасатын жағасында өткізу. Әмбе соған жалғыз бармаймын, көбіне бала-шағамды апарамын, е сыйлас достарыммен барамын. Сондай сапарларымның бірінде, бұл енді өткен ғасырдың аяқ шені, екі-үш үйден қосылған немерелеріммен барған бір сапарымда, көл жағасынан қайтып келе жатып, Абрарде ақсақалдың үйіне тоқтадым. Гүлғасыл апамыз да, Әбекең жездем сөйткеніме ерекше қуанды. Қарсылығымды тыңдамай, жаяу базарға барып, тірі қой алып келіп, бата жасатып, қолма-қол сойғызды. Апамызбен де сол жолы көбірек әңгімелесіп, жақынырақ білістік (Ол кісілермен Алматыда, Мұхтар тұңғыш қызын ұзатқан тойында танысқанмын). Аттанарда немерелерімді алдына тізіп қойып, Әбекең өзі сыйлық үлестірді; одан гөрі әрбіріне берген батасы тіпті керемет әсер туғызды. Сірә, сол сапарда арнайы ат басын бұруымыз Әбекеңнің де, Гүлғасыл апамыздың да көңілінде ерекше сүйсініс туғызған. Соған дәлел – соның артынша балалары өзара бас қосып, әке-шешесінің алтын тойын жасады. Алматыдан екі автомобильмен Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Асанәлі Әшімов, Қалтай Мұхамеджанов, Төрегелді Шарманов, Қадірбек Сегізбаев, Қабдеш Жұмаділов бар оншақты құрметті қонақ келді. Күллі Семейден Хафиз Матаев ақсақал және мен құрметті қонақ болдық. Одан кейін де әкесінің сексен жасқа толған тойын Үржар қаласында өткізді. Сол тойға да мен қосағыммен шақырылдым.
Осы күнде той-думан атаулы ерекше мол. Кейде қайсысына барарыңды білмей қиналасың. Енді біреулер әрбір жылын қызықтап, дабыралап өткізуге әуей. Мен өзім аса тойқұмар кісі емеспін. Бірақ – жазушы, иә көркемөнер түлғалары үшін әрбір он жылын жиын жасап атап өту бүгінде игі дәстүрге айналды. Өйткені, осы он жылда не істеп, нендей еңбекті жарық дүниеге әкелгеніңді қорытындылап, жұртшылыққа әйгілеуге қажеттілік туады. Айтып-айтпай не керек, мен де, менен де гөрі достарым мен бала-шағам жетпіс жылдық мерейтойымды өзім тұратын Семей қаласында атап өтуді жөн көріп, 2006 жылдың көктеміне әзірлік жасады; сөйтуіне басты дәлел – «Шығармалар жинағымның» алты томы жарық көргені. Отбасылық ақылдасуда біздің үй Абрар ақсақал мен Гүлғасыл апайды және Семей мен Өскеменде тұратын екі баласын шақыруға ұйғарым жасадық. Ал Мұхтар Абрарұлы о күнде ҚР Президенті Кеңсесінінің баспасөз-хатшысы. Әрине, оны да келінмен бірге шақырдық. Әлбетте қызмет жағдайына байланысты Мұхтар келе алмай, құттықтау хат жолдады, ал Гүлғасыл апай екі баласымен тойыма арнайы келді. Мәселе қонақтардың сыйлық жорасында емес, сексенге ентелеп қалған туыс апайымның қанға тартып, сонау Мақаншыдан Семейге келуінде… Осы жайттың ерекшелігіне дәлел үшін Семейде тұратын қызы мен күйеубаласының менің бәйбішеме сыр ғып шерткен бір жайтты қайталауға мәжбүрмін: «Біздің шаңырақ көтеріп, дербес үй болып, Семейде тұрғанымызға бірнеше жыл болды. Содан бері шешемді үйіме келтіре алмай аңсап жүруші едім. Медеу ағайдың арқасында шешемді Семейде қарсы алдым. Сіздерге әке-шешемнің құрметі ерекше екен. Аман болыңыздар, сіздерге көп рақмет! Қатты ризамын!..».
Менің кәміл сенген ойымша, біздің қазақты ерекше даралайтын бір ерекшелігі – ағайыншылық бекем байланыс, үлкенді қадір тұту, әрине, қаны бір туыстығыңды қадірлей білу керек. Осы жөнмен саралағанда, өмір бойы қажырлы еңбекпен өмір сүріп, алды тоқсанға келіп, екіншісі 85 жасты игеріп отырған Абрар ақсақал мен Гүлғасыл апайға балалары мен немере, шөберелерінің қызығын қуаныштай беріңіздер деген тілек білдіремін.
Мақаншының Мәдениет сарайында өткен салтанат үстінде Бибігүл әпкеміз сахнаға шығып:
– Әбеке, менің ертерек шейіт болып кеткен әкем Төлегеннің абралылық екенін білетін шығарсыз. Осы сапарда мен сіздің бәйбішеңіз Гұлғасыл апайдың да түбі Абралы екенін өзінен естідім. Демек сіз маған жездесіз, оны мойындайсыз ба? – деді.
Сахна төріне қойылған креслода отырған Абрар ақсақал қолын сарт-сұрт соғып:
– Өзіңдей өңді әйел заты балдызыңмын деп тұрғанда, мойындамасқа шарам қанша?! Сендей ерекше сұлу әрі халық еркесі атанған Бибігүлдей балдызым барына мен аса қуаныштымын. Жә, мұнымен не айтқалы тұрсың? – десін.
Бибігүл Төлегенқызы да адамды бірден баурайтын әдемі күлкісімен төрдегі елі-зайыптыларға жақындай түсіп:
– Мен сізге мәселенің турасын айтайын: он баланың әкесімін деп сіз, Әбеке, тым шірене бермеңіз. Сол балаларды жарық дүниеге келтірген, от пен судан қорғап, он үй етіп отау шығарған адам, басты еңбекқор – қасыңызда отырған менің Гүлғасыл апайым. Бұл шындықты мойындайсыз ба, Әбеке?
– Мойындаймын, сұлу балдыз. Әулиенің сөзі – айтып тұрғаның…
– Сондықтан да мен, Әбеке, қазір сіздің бәйбішеңізге арнап ән шырқаймын.
Залдағы жұрт дүркірей қол соқты. Бибігүл әнші өзін дүйім жұртқа сүйкімді еткен «Бұлбұл» әнін шырқады. Халық сүйсініп әншіге қошамет білдірді.

Ескерту парыз: біздің көптеген әншілерге Алла тағала әншілік дарынды, небір таңғажайып дауысты молынан жаратқанымен, осындай кештерде халық алдына шыққанда, не айтарын білмей, қайдағы өтініш, иә өкініштерін сөз етіп, елді ығыр ететін әншілер аз емес, Бибігүл Төлегенқызына жаратушы ерекше дауыспен қоса акылды молынан сый еткен. Әлгінде естірткен бір ауыз лебізімен ол Алтын тойдың ажарын келтіріп, дүйім жұрттың көңілінен шыққан лебіз білдіріп, той иелеріне деген шексіз құрметін жария еткені сонша – сол лебізді мен жиырма жыл өткен соң да зор сүйсініспен қайталап отырмын.

Осы түйіннен туатын қорытынды да мейлінше түсінікті: қадірменді Әбеке, Гүлғасыл апай! Тоқсанды қойып, 100, 120 жасаған қазақтар да қазір әр жерден шығып жатыр. Солардың жасы Сіздерге үлгі болсын, үлкен әулеттің басы болып, ортамызда отыра беріңіздер! Жас кездеріңізде бейнетті белшеден тартқандарыңызды білемін, соның зейнеті ұлғайған жасымыздың төлеуі деген ой Сіздерге сүйеу болғай!..

Сіздерге тәнті һәм мейлінше риза балдыз һәм бауырыңыз – Медеу Сәрсеке

Осы айдарда

Back to top button