Қоғам

«Торпедо»тұңғыш рет жартылай финалға шықты

«Торпедо»тұңғыш рет жартылай финалға шықты
«Торпедо» Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің жартылай финалында! Кеше кешке Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында Петербордың «Динамосымен» соңғы, шешуші кездесуін өткізген хоккейшілеріміз 5:2 есебімен жеңіске жетті.
Естеріңізде болса, осыдан үш күн бұрын жерлестеріміз қонақта 3:4 есебімен ұтылып қалған болатын. Ең өкініштісі, Алексей Ждахин шәкірттері бұл ойын барысында 3:1 есебімен алда тұрған.
Есесіне, ақтық, жетінші ойында жерлестеріміз жеңістен дәмелі қарсыластарының қақпасына бес шайба соғып, үміттерін су сепкендей басты. Тіптен, 35-ші секундта өткізген шайба да торпедолық шабуылдардың екпінін әлсірете алмады. Бұған қоса, ойын соңына қарай Нева жағасынан келген хоккейшілердің жүйкесі сыр беріп, ашықтан ашық тәртіп бұза бастады. Нәтижесінде, айдыннан қуылулар да жиіледі. Бұл мүмкіндікті өскемендіктер мүлт жібермеді. Александр Шин мен Алексей Белозеровтың дубльдері және де Станислав Тунхузиннің дәл соққысы қарсыластар арасындағы айқастың нүктесін қойды. Сериядағы есеп 4:3 «Торпедо» пайдасына.
Осы тарихи жеңісінің арқасында өскемендік команда тұңғыш рет Жоғары хоккей лигасының жартылай финалында өнер көрсетпек. Мұндай оқиға клуб тарихында әлі болып көрмеген. Келесі кезеңде торпедолықтар не Балашиханың «Динамосымен» не түмендік «Рубинмен» күш сынасатын болады.
Бұл кеште Спорт сарайына жиналған бес мыңға жуық жанкүйер ойыннан кейін үйлеріне тамаша көңіл күймен тарқасып жатты. Солардың бір-екеуін сөзге тартып, ойыннан алған әсерлерін сұрадық.
– Мен бұл ойыннан ерекше қуат алып шықтым. Жалпы, «Торпедоға» жас кезімнен жанкүйермін. Осыдан бірер жыл бұрын команда мұндай белестерді бағындырады дегенге сенбес те едім. Себебі, ол кездегі «Торпедоның» халі өте нашар еді ғой. Ал қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Командамның келесі ойындарын тағатсыздана күтетін болдым. Клубты осындай деңгейге көтерген облыс басшылығына рақмет, – дейді 40 жылдық жанкүйерлік өтілі бар Владимир Михаилович.
Ал тағы бір сұхбаттасымыз Бектас Молдаханов негізінен астаналық «Барыстың» жанкүйері екен. Дегенмен, Елордадан Өскеменге қонаққа келген ол бұл кеште «Торпедоға» жанкүйер болып отырады.
– Команданың болашағы бар сияқты. Ойын өрнегі де ұнады. Әрине, Құрлықтық хоккей лигасының деңгейіне жету үшін әлі де көп еңбек етіп, тер төгу керек. Дегенмен, бүгінгі ойыннан ләззат алдым. Командаларыңызға жеңіс тілеймін, Братина кубогы «Торпедоға» бұйырсын, – дейді ол.

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button