«Торпедо» 2023-24 жылдарғы 1хBet Pro hokei Ligasy тұрақты чемпионатын төртінші орынмен аяқтады. Енді өскемендік ұжымды жарыстың шешуші кезеңі, яғни плей-офф күтіп тұр.
Ал тұрақты чемпионат аясындағы соңғы ойынында жерлестеріміз Көкшетау қаласында жергілікті «Арланмен» шеберлік байқасқан болатын. Осы ретте, көкшетаулық ұжым биылғы жарыста ең көп ұпай жинаған және чемпиондықтан негізгі үміткер саналатын команда екенін айту керек. Соған қарамастан, «торпедолықтар» бұл ойынды өте сенімді өткізді. Тіптен, азулы қарсыласын 1:4 есебімен жеңіп жатқан кездері де болды. Алайда, кездесудің соңына қарай өскемендік хоккейшілер шаршаған болуы керек, айдында жиі қателесе бастады. Мұны байқаған көкшетаулықтар «Торпедоны» қыспаққа алып, қонақтар қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастыра бастады. Соңғы жиырмаминуттықта ойын тізгінін түбегейлі өз қолдарына алған айдын иелері мачтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда таразы басын теңестіріп кетті.
Ал қосымша уақытта қанаттанған «арландықтар» тағы бір шайба соғып, жеңісті қолдан жұлып әкетті. Қорытынды есеп 5:4 «Арланның» пайдасына!
Бұл ойында «Торпедо» сапынан Александр Архипов, Егор Кожевников, Степан Рифель мен Дмитрий Быковтың қанжығасы майланғанын айтқан жөн.
Осылайша, «торпедолықтар» 63 ұпай жинап, тұрақты чемпионаттың үздік төрттігін түйіндеді. Жоғарыда жазғанымыздай, алда жерлестерімізді жарыстың плей-офф кезеңі күтіп тұр. Алда дегенде де, өскемендік команданың плей-офф аясындағы алғашқы кездесуін өткізіп те үлгергенін айту керек. Жеребеге сәйкес, біздің жігіттерге «Ақтөбе» хоккейшілері қарсылас атанды.
Кеше газетіміз беттеліп жатқанда Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында қарсыластар арасындағы алғашқы кездесу өтті. Бұл туралы басылымның келесі санында жазатын боламыз.