Мүмкін болатын өзгерістердің шет жағасын «Қазцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев мәлім етті.
– «Торпедоның» иесі ауысты. Клубтың бұрынғы қожайыны мен басшылығы кетті, қазір екі жаңа иесі бар. Біз демеуші болып қала береміз. Клубтың барлық шығындары туралы ақпарат қолымызда бар. Шынымды айтсам, көргеніміз көңіл көншітпеді, – деді Андрей Лазарев.
Клубтың шығынына қарасақ, Жоғары лигада ойнап жатқандай әсер қалдырады. Команда әкімшілігінің жалақы қоры бірінші команданың еңбекақы қорынан асып түседі. Хоккейшілер жаңа маусымның алғашқы екі айында жалақының кешіктірілгенін айтып шағымданған болатын. Бұл кезде біз барлық шығындарды тексеріп жаттық. Осы себепті клубтың жаңа басшылығы бізбен ұзақ уақыт бойы цифрларды үйлестірді.
Жаңа басшылық бірлесіп және ашық жұмыс істеуге әзір.
Жалпы, клуб әкімшілігінің жалақысы туралы мәселе алғаш рет туындап отыр. Әкімшілік құрамы бірнеше маусым қатарынан өзгермей келген, дегенмен команда ел чемпионатының турнирлік кестесінде төмен сырғып барады. Егер бұрын клубта хоккейшілер жиі ауысса, енді әкімшілік құрам ауыспақшы.
– Олар өз еңбектері үшін тым жоғары ақы алып келді. Бірақ көрсеткен нәтижелері сол қаржының оннан бір бөлігіне де татымайды. Осы себепті біз әкімшілікке жаңа жалақы мөлшерін ұсындық. Біз осынша беруге дайынбыз дедік. Егер клуб әкімшілік пен бапкерлер көбірек алуға лайық деп санаса, өз қаражатынан төлесін. Егер олар біздей демеушімен ынтымақтастықты жалғастырғысы келсе, біз басқа тұжырымдаманы ұсынамыз. Мен «Қазцинк» беретін ақшаның балалар спортын дамытуға жұмсалуын қалаймын. Өскеменнің «қазақ хоккейінің отаны» деген даңқын қайтару керек. Мүмкін, бізге негізінен шетелдік ойыншылар ойнап жатқан елдегі ересек хоккейден біраз уақыт үздік нәтиже күтпеуге тура келетін шығар. Бірақ қаражаттың басым бөлігін жастар хоккейін дамытуға бағыттаған жөн, – деп ойын білдірді Андрей Лазарев.
«Қазцинк» өкілі шығындардың ақылға қонымды болуы керектігін қадап айтты.
– Бізге формаға және сапарларға ақша берілгені туралы ақпарат ұсынылады, бірақ іс жүзінде ол қаржы бөлінбейді, – деген Андрей Лазарев шындықты жасырмады. – Біз маусымның ортасында команда ойынына кедергі келтіргіміз келмейді, бірақ көктемге қарай клуб басшылығына өз талабымызды қоямыз. Егер олар оны қабылдаса, қолдау көрсетеміз, қабылдамаса, бюджеттен бөлінетін қаражатты місе тұтсын.
Ержан Кеңесұлы