Қоғам

«Торпедоның» ойыны: «тисе, терекке, тимесе, бұтаққа»

«Торпедоның» ойыны: «тисе, терекке, тимесе, бұтаққа»


Жоғары хоккей лигасындағы «Торпедо» төрт ойынды сырт айдындарда өткізді. Маусым алдындағы «биыл команда жарыс жеңімпазы болады» деген сөздің ауылы алыстап барады. Турнир кестесінің соңында келе жатқан «Ижсталь», «Торос» командаларымен кездесулерде жеңіліске ұшыраған өскемендіктер Нижний Тагилде «Спутниктен» ұпай алады дегенге сенім аз еді. 4:1 есебімен тагилдіктер ұтып, «Торпедо» үш ойында бірде-бір ұпай ала алмады. Соңғы қарсыласы Перьмнің «Молот – Прикамьесімен» 17 қазандағы жекпе-жекте ұтылып қалса, командамыздың елге қарайтын беті болмас еді.

Кезіндегі азулы команда «Молоттың» бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ол он үш ойыннан жеті ұпай ғана алып, кестенің ең соңында келеді. Бірақ осыған қарамастан «Молот» ойынды өте жақсы бастады. Алғашқы кезеңде пермьдіктер «Торпедо» қақпашысын екі рет қапы қалдырды. Сегізінші және 20-шы минуттарда Лебедев пен Кулагиннің соққыларына торпедошылар тосқауыл қоя алмады.

Алайда олар басымдығын сақтай алмады. Ойынның екінші кезеңінде айдында өскемендіктер қожалық етті. Он екі минут ішінде Михайлис, Белозеров, Есіркенов, Коротков «Молот» қақпасын дәл көздеп, «Торпедоны» алға шығарды. Мұнан кейін командалар бір-бір шабуылдарын нәтижелі аяқтады. Сөйтіп, «Торпедо» соңғы сапарынан мүмкіндіктегі он екі ұпайдың үшеуін ғана алып, Өскеменге оралды.

Құрамы жағынан көп командадан мығым «Торпедоның» соңғы ойындары шабуыл шебіндегі әлсіздікті аңғартты. Қарсы қақпаны нысанаға алуда басқалардан екі есе асып түскен команданың жеңілуі осыны көрсетеді. «Тисе, терекке, тимесе, бұтаққа» деп лақтыра берген шайбалар голға айналмайды. Шабуылдың соңғы сәтінде қарсыласынан айласын асыратын әрекет жетіспейді. Команда басшыларын ойландыратын мәселе жетерлік.

Келесі төрт кездесуін «Торпедо» өз айдынында өткізеді. Қарсыластары – «Зауралье», «Рубин», «Челмет», «Южный Урал».

Ж.Әбенов

Осы айдарда

Back to top button