«Торпедо» серияда алға шықты
Жоғары хоккей лигасының регулярлық чемпионатында топ жарған өскемендік «Торпедо» бұдан кейінгі плей-офф бәсекелерін де сәтті бастады. Братина кубогы үшін жарыстың 1/8 финалында жерлестеріміз Ижевскінің «Ижсталь» командасымен кездесіп, Өскеменде өткен алғашқы екі ойында да жеңіске жетті.
Айта кетейік, «Ижсталь» командасы биылғы регулярлық чемпионатты небәрі 16 орында аяқтағанымен, бұл ұжымның плей-офф ойындары кезінде мүлдем түрленіп шыға келетін әдеті бар. Дәл осындай өзіндік стратегиясы арқасында ижевскілік команда осыдан екі жыл бұрын жарыстың финалына дейін жеткен болатын. Содан болар, плей-офф ойындары басталмай тұрып-ақ, «Торпедоның» бас бапкері Алексей Ждахин қарсылас өте мықты екенін және алдағы ойындарда хоккейшілеріміз аса сақ, жоспардан ауытқымай ойынауы керектігін айтқан-ды.
Ждахин айтқандай, қонақ команда қара жаяу емес екенін алғашқы матчтан-ақ дәлелдей бастады. Қақпаларының қорғанысына айрықша көңіл бөлген ресейліктер торпедолық шабуылшылардың адымын аштырмай тастады. Ал тасқамал қорғанысты біразға дейін бұза алмай қойған айдын иелері тек қонақтардың сапынан ойыншы қуылғаннан кейін ғана есепте алға шыға алды. Шайба авторы – Александр Архипов. Бұдан кейін қарсыластар оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ.
Келесі күнгі кездесу де тартысқа толы болды. Бірінші кезеңді тең аяқтаған командалар екінші жиырма минуттықта бір-бірінің қақпасына төрт шайба соғып, жиналған жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Торпедолық шабуылшылар Максим Беляев, Константин Романов және Талғат Жайлауовтың дәл соққыларына қонақтар бір-ақ шайбамен жауап қайтара алды.
Ал үшінші кезеңде қонақтардың есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартуға ғана шамалары жетті. Нәтижесінде, 3:2. «Торпедоның» пайдасына.
Енді қарсыластар Ижевск қаласында қатарынан екі ойын өткізетін болады (28 ақпан, 1 наурыз). Бұл кездесулерде де өскемендік команда жеңіске жететін болса, онда ширек финалдың жолдамасына күні бұрын қол жеткізеді.
Нұржан Кенжеұлы