«Торпедо» сапына канадалық шабуылшы қосылды

Өскемендік жанкүйерлер «Торпедо» хоккей клубының жаңа құрамымен танысты. Амфитеатрдың алдында «Openair» форматында өткен шараға жиналған қауым ойыншыларға жаңа маусымдағы алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
Шара барысында хоккей жанкүйерлеріне викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға «Торпедо» командасының клубтық атрибутикасы тарту етілді. Бұл күні көпшілік қауымның ерекше ықыласына бөленген торпедолықтарды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұдан соң «Торпедо» хоккей командасының ойыншысы Максим Беляев барша жиналған қауымға алғыс айтып, алдағы додаларда ел үмітін ақтауға тырысатындарын жеткізді.
– Бұл маусымда команда сапында канадалық шабуылшы Джордон Саунторн өнер көрсететін болады. Болашақта біз құрлықтық хоккей лигасында ойнауға әлеуеті жететін мықты командалардың бірі болатынымызға сенемін, – дейді Максим Беляев.
Өткен жыл торпедолықтар үшін табысты болды. Себебі, Ресейдің Жоғары хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз регулярлық чемпионатта топ жарып, плей-офф кезеңінің ақтық сынына дейін жеткен болатын. Осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін клуб басшылығының да, ойыншылардың да, жанкүйер қауымның да биылғы маусымнан күтер үміті көп.
Ағымдағы жылы маусымаралық үзілісте «Торпедо» құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын айта кеткен жөн. Дегенмен, белді ойыншылардың бәрі команда сапында қалып, алдағы жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.
Жоғары хоккей лигасының 2017-2018 жылдарғы жаңа маусымы қыркүйектің сегізі күні Өскеменде басталады. Бұл күні регулярлық чемпионаттың бірінші туры аясында «Торпедо» өз айдынында қорғандық «Зауральені» қабылдамақ.