Қоғам

«Торпедо» плей-офф кезеңіне шықты

«Торпедо» Жоғары хоккей лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді. Бұл жөнінде өскемендік ұжым мен ангарскілік «Ермак» арасындағы ойыннан кейін белгілі болды.

Еске салайық, осыған дейін торпедолықтар қатарынан екі ойында жеңіліс тапқан-ды. Оның алғашқысында «Юградан» (Ханты-Мансийск) 0:4 есебімен ойсырай ұтылған Алексей Ждахин командасы артынша көш басындағы «Рубинге» (Түмен) де жол берген. Есеп 2:3.

Турнир кестесінің сегізінші сатысында тұрған «Торпедо» биылғы тұрақты чемпионат аясындағы соңғы екі кездесуін де қонақта өткізуі тиіс болатын. Жарыстың келесі кезеңіне жолдама алуы үшін жерлестерімізге осы ойындардың тым болмағанда бірінде жеңіске жету қажет еді. Торпедолықтар бұл міндетті «Ермакпен» өткен матчта орындап тастады. Ангарск қаласында ойналған ойын 7:0 есебімен өскемендік команданың пайдасына аяқталды.

Осылайша, «Торпедо» алдағы плей-офф кезеңіне өз дивизионынан сегізінші орынмен шықты. 53 ойыннан кейін команда қоржынында 65 ұпай. Тоғызыншы орында орналасқан Новокузнецкінің «Металлургінен» хоккейшілеріміз төрт ұпайға озып тұр. Бұл соңғы тур ойындары еш нәрсе өзгерте алмайды деген сөз.

Ал «Ермакпен» өткен кездесуде айдын иелерінің қақпасын қорғаушы Тимур Таратунин және шабуылшылар Александр Тарасов (хет-трик), Александр Шин, Артем Лихотников пен Никита Сироткин дәл көздеді. Қорытынды есеп 7:0!

Бүгін кешке «Торпедо» Жоғары хоккей лигасы 2019-2020 жылдарғы тұрақты чемпионаты аясындағы соңғы ойынын өткізеді. Красноярск қаласында өтетін бұл матчта торпедолықтарға жергілікті «Сокол» хоккейшілері қарсылас атанбақ.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button