Қоғам

«Торпедо» қонақтарды ұпайсыз қайтарды

«Торпедо» қонақтарды ұпайсыз қайтарды


Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының кезекті ойынында новокузнецкілік «Металлург» командасын өз үйінде қабылдаған өскемендік «Торпедо», қонақтарды ұпайсыз қайтарды.

Өткен маусымдағы құрлықтық хоккей лигасының ең нашар клубы мен жоғары хоккей лигасының ең үздік ұжымы арасындағы бұл матчы жанкүйерлер тағатсыздана күткені рас. Жергілікті жанкүйерлерден бөлек Б.Александров атындағы спорт сарайына жиналған үш мыңнан астам көрерменнің арасында Кемер облысынан келген бір топ фанаттар да отырды.

Мұз айдыны иелері бірінші кезеңнің 11-ші минутында есеп ашты. Нәтижелі соққының авторы – «Торпедоның» канадалық қорғаушысы Бренден Миллер. Сондай-ақ, бірінші кезеңнің соңына қарай шабуылшы Федор Полищуктің гол соғатын мүмкіндігі болған, қонақтар сәтті қорғана білді. Алайда Полищук өз дегеніне ойынның 26 минутында жетті. Мұның алдында қарсыластар таразы басын теңестіріп үлгерген еді. Полищуктің голынан кейін есеп 2:1 болды. Бұл есеп екінші кезеңнің соңына дейін сақталды.

Үшінші кезеңді новокузнецкіліктер толассыз шабуылмен бастады. Нәтижесінде 43-ші минутта «Торпедо» сапында Тэннер Соренсон тәртіп бұзып, айдыннан қуылды. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан қонақтар әупірімдеп жүріп таразы басын теңестіріп кетті.

Дейтұрғанмен «Металлург» жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады, 55-ші минутта Евгений Рымаревтан тамаша пас алған Александр Шин мергендігімен көзге түсті. Матчтың есебі – 3:2. «Торпедоның» пайдасында.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button