«Торпедо кубогін» сарапқа салды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Өскеменде шайбалы хоккейден 2008 жылы туған балалар арасында «Торпедо кубогі» турнирі басталды. Кеше Қазақстан халқының бірлігі күнінде шымылдық түрген жарыстың ашылу салтанатына аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк және басқа да бірқатар құрметті қонақтар қатысты.
Б.Александров атындағы спорт сарайында өтіп жатқан дүбірлі бәсекеге Астана, Қарағанды, Павлодар және Өскемен қалаларынан барлығы алты команда қатысуда. Жарыс басталмай тұрып мұз айдында кішкентай мәнерлеп сырғанаушы қыздарымыз жиналған жанкүйерлерге керемет қойылым сыйлады. Қолдарына жалау ұстаған балғын хоккейшілердің өнері де көпшілік көңілінен шығып, қошеметке бөленді.
– Құрметті жанкүйерлер мен жарысқа қатысушылар! Ең әуелі баршаңызды халықтар бірлігі күнімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! Ал бүгінгі спорт мерекесіне келер болсақ, неліктен ол «Торпедо кубогі» деп аталды? Өйткені, атағы алысқа тараған «Торпедоны» елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жақсы біледі және мойындайды. Борис Александров, Евгений Паладьев сынды даңқты хоккейшілеріміздің жетістіктері бүкіл әлемге мәшћүр. Осындай мықты спортшылардың ізін басқан бүгінгі жастар отандық хоккейдің көшін өрге сүйрейді деп сенеміз. Үлкен дайындық пен жаттығулардың, төккен тердің нәтижесін балаларымыз бүгінгі жарыста міндетті түрде көретін болады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, мықты команда жеңіске жетсін! – деді турнирдің ашылу рәсімінде облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк.
Сонымен қатар, «Торпедо» хоккей командасының капитаны Евгений Фадеев жиналған жұртшылық алдына шығып, болашақ чемпиондарды құттықтады, ақ жол тіледі.
– Өздеріңнің араларыңнан еліміздің көк байрағын биікте желбіретер мықты ойыншылар шығатынына сенім мол. Ол үшін талмай еңбектеніп, табандылық, қайсарлық таныту керек. Спорт – жалқаулықты, жігерсіздікті кешірмейді. Жоғары жетістікке жетемін десеңдер, аянбай тер төгу керек, – деп ағалық ақылын айтқан Евгений Фадеев дәстүр бойынша команда өкілдерінің ортасына шайба тастап, спорттық шараны бастап берді.
Облыс әкімінің тамашалауымен өткен алғашқы кездесуде өскемендік «Торпедо-1» командасы Керекуден келген «Ертіспен» шеберлік сынасты.
Бір байқағанымыз, бұрынғыдай емес, қандастарымыз бұл спортты да меңгеріп алыпты. Командалар сапында қаракөздеріміз көбейіп келеді. Соған қуандық. Ең бастысы, олар қолдарына таяқ ұстап босқа жүгіріп жүрген жоқ, гол соғып, әдемі пас шығарып, шеберліктерін дәлелдеп жүр.
Көңілге жылылық ұялатқан тағы бір нәрсе – сарайға жиналған жанкүйерлердің дені көкөрім жастардан, балалардан құралуы. Жалаушаларын бұлғап, барабандарын ұрғылап, қиқуға басып, жандарын сала қолдау білдіріп отырған жеткіншектерге қарап, бек риза болдық. Осындай рухы биік, жігерлі ұрпақ тұрғанда отандық спорттың тұғыры аласармайтынына күмәніміз жоқ.
Серік Әбілхан