«Торпедо» финалға шықты
«Торпедо» – финалда! Ресейдің Жоғары хоккей лигасында өнер көрсетіп жатқан өскемендік команда тұңғыш рет доданың ақтық сынына жолдама алды. Әркімге бұйыра бермейтін Братина кубогына енді қол созым жер ғана қалды. Ол үшін жерлестеріміз шешуші «айқаста» жолындағы соңғы қарсыласы Балашиханың «Динамосын» тізе бүктіруі керек.
Иә, финалға апарар жол оңай болған жоқ. Жерлестеріміз алдымен жарыстың тартысқа толы болған регулярлық чемпионатында 109 ұпаймен топ жарғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Чемпионат барысында 50 кездесу өткізген торпедолықтар қарсыластар қақпасына рекордтық 160 шайба соққаны да есімізде. Осылайша, Андрей Ждахин шәкірттері келесі, плей-офф кезеңіне бірінші орыннан шыққан болатын.
Плей-офтағы алғашқы қарсыласы Ижевскінің «Ижсталін» өскемендік хоккейшілер бес кездесудің қорытындысы бойынша 4:1 есебімен оңай ұтты. Есесіне, одан кейінгі қарсыласы әжептәуір қарсылық көрсетті. Жарыстың ширек финалында «Торпедо» мен Петербордың «Динамосы» арасындағы айқастың жеңімпазын анықтау үшін жеті ойын қажет болды. Нәтижесінде, финалға бергісіз серияда бағы мен бабы қатар шапқан торпедолықтар 4:3 есебімен жеңісін тойлады.
Өскемендіктердің келесі қарсыласы да оңай болған жоқ. Түменнің «Рубині» бұған дейін Тверьдің «ТХК-сы» мен жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған петерборлық «СКА-Неваның» жолын кескен болатын. Евгений Михалкевич бастаған сібірліктер «Торпедоны» да қапы қалдыруға ниетті екендіктерін жасырмады. Тіпті, Өскеменде өткен алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, серияда алға шықты. Дегенмен, торпедолықтар түмендіктерді алысқа ұзатқан жоқ, келесі үш ойында қарсыласынан 4:1, 2:1, 2:0 есебімен үш мәрте басым түсіп, сериядағы есепті 3:1-ге жеткізді. Алайда, бұдан кейінгі өз айдынында өткізген бесінші матчта жерлестеріміз ойламаған жерден 2:4 есебімен ұтылып қалды. Осыдан кейін келесі ойынның Түменде өтетінін білетін жанкүйердің көңіліне бір күдік ұялағаны рас.
Бірақ та Ждахин шәкірттері сын сағатта ерлік танытып, сырт айдында ресейлік команданы 5:1 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Нәтижесінде, сериядағы есеп 4:2-ге жетіп, өскемендік клуб өз тарихында тұңғыш рет Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің финалына жолдама алды.
Түмендегі жеңісті ойында «Торпедо» сапынан Евгений Рымарев, Владимир Коротков, Денис Игнашин, Майк Дальхьюзен мен Александр Шин көзге түсті.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Торпедоның» бас бапкері Алексей Ждахин команданың ойынына көңілі толғанын жасырмады.
– Өткен кездесуде өз айдынымызда жеңіліс тапқаннан кейін жіберген қателіктерді мұқият талдап, оларды түзету жолдарын іздестірдік. Нәтижесін бүгін көрдіңіздер. Жалпы, Түменге тек қана жеңіс үшін келгенбіз. Команданың қазіргі беталысы жаман емес, енді финалда да осылай ойнауымыз керек, – деді ол.
Жоғарыда айтылғандай, финалда «Торпедоның» қарсыласы Балашиханың «Динамосы» болмақ. Командалар арасындағы алғашқы кездесу Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында 13-сәуір күні сағат 18:30-да басталады.
Нұржан Кенжеұлы