Торқалы тойды мотоциклмен насихаттап жүр

Денсаулық күніне орай ұйымдастырылған шара Семей қаласының барлық жерінде өтті. Оған қала бойынша 50 мыңнан аса адам қатысты.
Әсіресе Орталық алаңда өткен жиында көпшілік қарасы қалың болды. Бұл жерде таңертеңгісін қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған жұртшылық бой сергіту жаттығуларын жасады. Ертеңгілік дене шынықтырудан кейін жастар 800 метр жерді жүгіріп өтті. Сондай-ақ, бойға қан жүгіртіп, жағымды көңіл күй, сергектік сыйлауда таптырмас жаттығу саналатын «Қара жорға» биі де орындалды. Оған қалалық әкімдіктің бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
– Бұл шаралардың барлығы да ұлт денсаулығын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-спорттық жаттығуларға мән беретін дені сау халық елдің экономикалық тұрғыдан дамуына да елеулі түрде үлес қоса алады. Біз жастарды спорт пен дене шынықтыруға қызығушылық танытуға шақырудамыз. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, осындай елеулі сәтте Алматы қаласынан арнайы қонақтардың келуі болып отыр. Олар Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласына бағыт алып, мотошеруге шыққан екен. Бүгінгі Денсаулық фестивалінде сол меймандарды құрметпен қарсы алып отырмыз, – деді аталмыш шара жайында пікір білдірген Ермак Сәлімов.
Астанаға бағыт алған мотошеруді Қазақстан байкерлер ассоциациясының президенті, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, жер шарының барлық құрлығын мотоциклмен жүріп өткен әйгілі спортшы Дмитрий Петрухин бастап келді. Байкерлерді қошеметпен қарсы алған семейліктер осыдан соң Әнұранға құлақ түріп, соңынан қала әкімі құттықтау сөз сөйледі. Ермак Бидахметұлы барша семейліктерді салауатты өмір салтын қалыптастырып, тұрақты түрде спортты серік етуге шақыра келіп, бүгінгі шараның мән-маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, байкерлер тобын бастап келген қадірменді мейман Дмитрий Петрухинді көпшілікке таныстырып өтті. Қазақстан байкерлерінің басшысы осыған дейін әлемнің 150 мемлекетінде мотошеру жасап өтіп, барлығында да төл байрағымызды желбіреткен бірегей жан екен. Ол сондай-ақ, Қытай қорғанының үстімен мотоциклмен жүріп өткен дүниежүзіндегі тұңғыш әрі жалғыз байкер саналады. Өз кезегінде сөз алған Д. Петрухин аман-сәлемін қазақ тілінде бастап, ел тарихын жете білетінін аңдатып, Қазақ хандығының құрылуы жайында әдемі сөз өрбітті.
– Кеңес дәуірі тұсында біз өз тарихымызды тереңдей танып біле алмадық. Мәселен, Қазақ хандығы, байтақ қазақ даласын жаудан қорғаған хандар мен батырлар туралы тек там-тұмдап қана, үстірт білдік. Соның кесірінен ұлттық құндылықтарға деген құрметіміз де азайғаны белгілі. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін өткен тарихымызға жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік алдық. Қазақ мемлекеттілігінің алтын бастауы саналатын Қазақ хандығының құрылуын мерекелеу – елдігіміздің белгісі, – деген мәртебелі мейманның сөздеріне көпшілік ризашылықпен қол соқты.
Осыдан соң Дмитрий Петрухин аталмыш шараны ұйымдастырып, өздерін қонақжайлылықпен қабылдаған қала әкіміне алғыс білдіре отырып, Қазақ хандығының 550 жылдық эмблемасы бейнеленген байрақты тарту етті. Бұл ту ендігі арада мұражайда сақталатын болады.
Осыдан соң 10 адамнан тұратын байкерлер тобы шерулетіп Түйемойнақ аралын бетке алды. Көптеген қалалықтар да Орталық алаңнан бастап аралға дейін жаяу жүгіріс жасап, бой сергіту шарасына қатысты.
Раушан Нұғманбекова,
Семей.