ТОПТуризм

ТӨР АЛТАЙҒА ТЕПЛОХОДПЕН АПАРМАҚ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Түркілердің алтын бесігі саналатын еліміздегі жер жәннаты Катонқарағай жаққа жұрт енді көк айдынмен, ақ кемемен саяхаттап баруы мүмкін.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жанындағы туризм комитетінің отырысында «Өскемен – Катонқарағай» круиздік өзен маршруттарын жүзеге асыру жобасы таныстырылып, талқыланды. Бірден айтайық, елді елең еткізген бұл жобаға жоғарыдан ба, төменнен бе, әйтеуір, жан-жақтан қолдау қажет болып тұр. «Шығыста, облыста су туризмінің бұрынғы даңқын жандандыру үшін облыс кәсіпкерлері палатасының, облыс әкімдігінің және оның салалық құрылымдық бөлімшелерінің көмегі ауадай қажет» дейді жобаны жүзеге асыруды ойластырып отырған жергілікті кәсіпкерлер.

  КАТОНҚАРАҒАЙҒА КЕМЕ ҚАШАН ШЫҒАДЫ?

Облыс кәсіпкерлері палатасында облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы,  кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік өңірлік орталығы,  «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесі өкілдерінің қатысуымен туризм комитетінің отырысы өтті.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының  директоры Қайрат Мамырбаевтың төрағалығымен өткен бұл жиында өскемендік «Белалекс» ЖШС-нің «Өскемен – Катонқарағай» круиздік кеме маршруттарын іске қосу жобасының маңыздылығы қаралып, талқыланды.

Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары үш жылдан бері Ертіс өзенінде кемемен серуендеп жүр. Қаланың  «Өзен вокзалы» айлағынан шыққан кеме  «Самал» демалыс орнына дейін барып, жаз бойы Ертістің көркін келтіріп, шаһар халқына қуаныш сыйлап келеді. Өскемендіктерге осы қызметті көрсетіп отырған «Белалекс» ЖШС директоры Ксения Белова кездесуге қатысушыларды 2020 жылдан бастап өзен трамвайларымен су бетінде серуен ұйымдастырып жүрген өздерінің компаниясының ағымдағы жұмысымен, тынысымен таныстырды.

– Біздің бұл саладағы тәжірибеміз мол. Бір маусымда қызметімізді 40 мыңнан астам адам пайдаланады. «Белалекстің» кеме трамвайлары тұрғындарға қатарынан үш жыл сапалы  қызмет көрсетті, әрі қаладағы көрнекі демалыс орнына айналды. Туристер өзенмен серуендеуге қашаннан асық. Бізге «Орел и решка» бағдарламасының түсірілім тобы, көптеген әнші, блогерлер келді. Олар қай жерде де сумен серуендейтін нысандарға соқпай кетпейді, – деді ежелден су туризмінің тұрғындарға, басқа жақтан келетін туристерге  баламасы жоқ саяхат, демалыс түрі болып келе жатқанын  айтқан Ксения Белова.

Елімізде туризмді, соның ішінде экологиялық туризмді дамытуға үлкен назар аударылып отырған бүгінгі уақытта кәсіпкердің жүзеге асырсам деп ниеттеніп отырған жобасы қай жағынан болса да қос қолдап құптарлық бизнес-жоспар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлттық экономиканы қалыптастыруға өзіндік әлеуеті зор экотуризм мәселесін дұрыс жолға қою керектігін баса айтып, экотуризм, этнотуризмді дамытуға үнемі назар аударатынын, онда ішкі жалпы өнімнің шамамен сегіз пайыз көлемінде өсу әлеуеті жатқанын еске салған болатын.

Осы орайда, «Белалекс» ЖШС басшысы  өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге Өскеменнен Катонқарағай ауданына, нақты айтқанда, Үлкен Нарын айлағына дейін кемемен жолаушылар тасымалын, саяхатын ұйымдастырудың қажеттілігін зерделеу бойынша өздерінің үлкен жұмыс жүргізгендіктерін баяндады. Кәсіпкер айтқандай, туристер мен тұрғындарды Катонқарағайға жеткізудің үш бірдей мүмкіндігін (автокөлік, тікұшақ және теплоходпен) туғызуға әбден болады. Бірақ бірінші әдіс мүлдем ыңғайсыз, екіншісі бәріне бірдей қолжетімді емес, ал үшінші әдіс межелі жерге ыңғайлы жетіп қана қоймай, ақ айдынның бойымен кемемен жүзіп, табиғаттың сұлулығын тамашалап, бой жазуға, су көлігімен қыдырып, саяхаттауға мүмкіндік береді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы  «Белалекс» ЖШС-нің «Өскемен – Катонқарағай» круиздік кеме маршруттарын ашу жобасын жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетпекші. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауына ие болған өміршең жобалардың бәрі көпке созылмай, дер уақытында іске асырылып, нәтижесін көрсетіп, ел игілігін көріп жатыр. Туризм үшін таңдаулы жоба болып саналатын бұл жоба да тезірек жүзеге асса, алдағы жазда Төр Алтай деп тамсанғандар  Оралхан сөзбен өрнектеп кеткен сұлу табиғатты көруге  теплоходпен бара жататын болады.

АЛДЫМЕН АЙЛАҚ  КЕРЕК

Қазіргі кезде «Белалекс» ЖШС кәсіпорнында бес су көлігі бар. Ойға алған жоспарды орындап, діттеген мақсаттарына жету үшін бірнеше теплоход сатып алып, Бұқтырма су қоймасының Үлкен Нарын ауылы тұсынан өтетін жеріне айлақ салу қажет екен. Кәсіпорын иелері теплоход сатып алу қажеттігін, ал оны алу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік немесе лизинг, гранттық қаржыландыру секілді қаржыландыру құралдары керек екенін айтты.

– Біздің өңірде елдің бәріне белгілі  «Балакирев» тәрізді катерлерді жүргіздіруге мүмкіндік бар. Бірақ біз бастапқыда саунасы, барлық тиісті талаптары қарастырылған 10-15 жатын орны бар шағын катерлерден бастасақ дейміз. Біз жолаушылардың өтініш, тілектері бойынша жолда жағажайларға, демалыс орындарына да тоқтай аламыз. Круиздік туризм халықтың өмір сүру сапасын қатты көтереді. Бздің есептеуіміз бойынша, Өскеменнен шыққан катер жолай Серебрянка шлюзіне тоқтай отырып, Үлкен Нарынға дейін 15 сағат жүреді. Жолаушыларды көлікпен жеткізу арқылы уақытты (шлюздегі кемені басқа арнаға ауыстыру, аялдау жұмыстарынсыз) 9 сағаттай етіп қысқартуға болады. Маршрутты аптасына екі-үш рет жүргізуді жоспарлап отырмыз, адамдардың, туристердің қажет етуіне қарай.

Біз теплоход сатып алуға және жобаны іске қосуға көмек көрсетулеріңізді сұраймыз. Яғни, алдымен алгоритм, іс-қимылдар реттілігін жасау керек. Кәсіпкерлер палатасынан осы жобаны іске асыру моделін бірлесіп әзірлеу үшін бізді 2023 жылға арналған коучинг – сүйемелдеуге алуды сұраймыз, – деді серіктестік иесі бірегей жобаны жүзеге асыруға бірталай нәрсе қажет болып отырғанын айтып.

Қалай десек те, бұрынғыдай су көліктері қатынасы қайтадан жолға қойылып, Өскеменнен Катонқарағайға саяхаттайтын маршрутты катерлер шықса, туристердің, демалушылардың Бұқтырманың бойымен серуендей жүріп, Катонқарағайға ғана емес,  Күршім жаққа, Зайсан көліне, Шекелмеске, Қиын керішке дейін кемемен саяхаттап барып,  одан әрі Марқакөлге жетуі де жеңілдейді. Кәсіпкерлер катерлерді Үлкен Нарыннан әрі қарай Зайсан көліне дейін жүргізуге ниеттеніп отыр.

– «ҮМЗ» кәсіпорнында екі теплоход бар. Алайда оларды сауда арқылы ғана сатып алуға болады. Екі су көлігін сатып алуды көздеп отырғандар онсыз да жетерлік. «Юрий Мурин» және «Виталий Метте»  екі ірі теплоходы маусымына төрт мың адамды тасымалдай алады. Бізге осындай бір емес, бірнеше кеме керек. Кезінде облыста қаншама су көлігі болды, қазір бәрінен түк қалған жоқ. Кемелерді іргедегі  Ресейден де сатып әкелуге әбден болады. Бізге соларды сатып алуға көмектеріңіз, қолдауларыңыз қажет, – дейді «Белалекс» ЖШС өкілі Олег Белов.

Жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, жағалауда бизнестің дамуына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының өсуіне, облыстың жалпы өңірлік өнімінің ұлғаюына және тұтастай алғанда елдің, өңірдің туристік саладағы рейтингін арттыруға сөзсіз көмектеседі. «Белалекс» ЖШС иелері өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, жаңа Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігіне айналатындай етіп шығыста су туризмін жандандыруға және дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп санайды.

Кездесуге қатысушылар «Белалекс» ЖШС жобасына үлкен қызығушылық танытты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры туризмді дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ ауданда кәсіпкерліктің өркендеуіне айтарлықтай септігін тигізетін «Өскемен – Катонқарағай» бағытындағы круиздік кеме маршруты қатынасын ашу жобасына кәсіпкерлер палатасы тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қайрат Мамырбаев, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

–Алакөлді қалпына келтіріп, аяқтадық, Абай облысына бердік. Енді өзіміздің туристік бағыттарымызды көтеретін боламыз. Өңір басшысы әсіресе,  Бұқтырма су қоймасының жағалауын дамыту бағдарламасында белгіленген жоспарларды жеделдете жүзеге асыруды айрықша тапсырған болатын. Бұл ретте, «Белалекс» ЖШС жобасы шынымен де қызықты, стандарттан тыс, тиімді жоба. Біз су туризмінің осы бағытын әлдеқашан жоғалтып алдық, оны қалпына келтіретін кез келді.

 

Осы айдарда

Back to top button