ТОПТуризм

Төр Алтайға ағылған туристер саны күрт өсті

Тамаша табиғатымен талайды тамсандырған Төр Алтайға саяхаттап келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Өңірдің дамуына туризмді тетік етуді көздеген аудан басшылығы барынша ивестор тартып, туристерге қолайлы жағдай жасау үстінде. Ал аудан халқы болса демалушыларға қолда бар өнімі мен үйін ұсынып, ауылдық туризмді дамытуға атсалысып жүр.

Алтайдың балы мен бал татыған қымызын, бойға қуат, денге саулық берер пантысын естіген жұрт еріксіз ат басын бұрады. Барар жолы алыс, алыс та болса жақын. Пойызда жатып, ұшақта ұйықтап бара алмайсыз. Арнайы шықпаса, автобус тағы жоқ. Ал жеңіл көлікпен барам деген адамға еш кедергі жоқ. Десе де алдағы уақытта автобус жүрсе деген елдің тілегінен аудан басшылығы да хабардар екен. Тұрақты автобус жүріп тұрса, жергілікті жұрттың мәселесі шешіліп, туризмнің дамуына да септігі тиетіні белгілі.

– Таксидің бағасы жалпақ жұртқа қолжетімді емес. Сондықтан да бұрынғыдай автобус қатынап тұрса дегенді үлкен адамдар көбірек айтады. Бірақ ары-бері жүретін адам аз, тұйықтағы аудан болғандықтан үлкен автобусты толтыру қиын болатыны шындық. Қыс айларында жүргінші тіптен азайып қалады. Жалпы, Берелден Өскеменге дейін шағын микроавтобустар қатынап тұр. Бірақ оған жол бойындағы ауылдағы адамдар сыймай қалатын жағдай болатынын да білеміз. Бұл мәселені облыстық басқармамен бірлесе отырып қарастырып, ұсыныс бергенбіз. Бұл субсидиялық маршрут болатындықтан тасымалдаушыға тиімсіз болып, қаражат игерілмей қалады. Бұл мәселе біраз уақыттан бері біздің назарымызда, – деді облыс орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалихан.

Алайда автобус жоқ болса да, Алтайға ағылған жұрттың саны жылдан-жылға артып келеді. Аудан әкімінің мәліметінше, ресми түрде 2020 жылы 8300 турист келсе, 2021 жылы пандемияға байланысты 5300 адам ғана Алтайдың табиғатын тамашалап қайтқан. Алайда 2022 жылы көрсеткіш күрт өсіп, саяхаттай келушілердің саны 38 мыңға жеткен. Ал бейресми түрде 100 мыңнан астам турист келгендігін аудан әкімі мәлім етті. Соңғы цифр жыл өткен сайын туризмнің дамып келе жатқандығының дәлелі. Сонымен қатар бұл өңірде ауылдық туризмді дамыту бағдарламасы да іске асып жатыр. Жаплпы, өңірде инфрақұрылым болса, туризмнің тамырына қан жүгіріп, жабайы табиғат жандана түспек. Сондықтан да туристік салада жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге аудан әкімшілігі инфрақұрылымы бар ауылдарды ұсынып отырғандарын айтты.

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауылдық туризмді дамытуға арналған бағдарламаны іске асырып жатырмыз. Берел ауылында тұрғындар өз үйлерінде туристерді қабылдауға мүмкіндік жасады. Бұл бағдарлама өткен жылы өз жемісін берді. Сондай-ақ 1,5 млрд теңге тұратын екі жылдық жоба іске қосылды. Аталған жоба аясында Өрел ауылының маңында «Муз Тау» эко қонақ үйі  салынды. Приморское ауылында 500 млн теңгеге «Приморск» демалыс базасы кеңейтілді. Сонымен қатар Ұлттық парк қызметкерлері де туристерге қызмет көрсетеді. Бұдан өзге шағын кәсіппен айналысушы тұрғындар да туризмді дамытуға бағытталған өтініштер берген болатын, оларға біз қолдау көрсететін боламыз. Жалпы, бізде аз да болсын инфрақұрылымы бар ауылдар бар. Сол ауылдарға келіп жұмыс істеп, туризмді дамытамын деген адамға қолдау көрсетуге әзірміз, – деді аудан әкімі.

Тағы бір қуанарлығы, ауданда туристік ақпараттық орталық ашылған. Ендігі кезекте демала келушілер барар бағыты мен бағдарын осы орталық арқылы біліп, жоспарын жүзеге асыра алады. Ақпараттық орталық арқылы демалыс орындары мен табиғатты аралу картасымен таныса алады. Қонақ үйлер мен саяхаттау маршруттары туралы да туристік орталық ақпарат беретін болады. Міне, осылай Алтайдың алқабында біртіндеп заманауи туристік базалар саны артып, қыдыра келушілерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Сонымен қатар жаз айларында ауқымды іс-шаралар өтіп, туристерге еліміздің мәдениеті мен руханияты да таныстырылады. Мысалы, өткен  2022 жылы төрт елден келген ақындардың қатысуымен «Алтайдай жер қайда?!» атты халықаралық айтыс және «Balkaragai tunes» атты халықаралық этнофестиваль ұйымдастырылған болатын. Аудан әкімшілігінің жоспары бойынша бұл шаралар биыл да жалғасын таппақ. Міне, осылай жаз бойы той тойлап, демалып қайтам деген адамға Алтай төрін ұсынып отыр.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button