Қоғам

Тоқыма бұйымдарын өндіреді

Тәуелсіздік жылдары шаруасын бастап, ширек ғасырға таяу уақыт өңірдегі орта мектептердің оқушыларын мектеп формасымен қамтып келе жатқан семейлік «Ателье Омаровых» кәсіпорнының аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына қосқан үлесі зор. Жұмыс цехтарын заманауи құрылғылармен жабдықтап, сапалы киім тігуге машықтанған кәсіпорын облыстағы бірден-бір тоқыма бұйымдарын өндіруші болып табылады.

1998 жылы Семейде іргесі қаланған «Ателье Омаровых» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бүгінде қаладағы тоқыма бұйымдарын тігетін ең танымал кәсіпорындардың бірі. Құрылғаннан бергі аралықта кәсіпорын қала мен облыс мектептерін сапалы  мектеп формаларымен қамтамасыз етіп келеді. Өткен жылы ол білікті жеткізушілер тізіміне енді. Қазір өндірісті заманауи жабдықтармен жабдықтауды бастаған ұйым жақында көрші Қытайдан бағдарламалық басқарылатын тоқу машиналарын сатып алды.

– Кәсіпорнымыз жоғары сапалы трикотаж өндірушісі болып табылады. Сонымен қатар қазір тоқыма бұйымдарын тігуге көштік. Қазақстанның барлық өңірлері біздің тұтынушыларымыз болып табылады. Негізінен, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жұмыс істейміз. Жеткізушілер біздің өнімдерімізге дән риза. Ұжым әр тапсырысқа жауапкерішілікпен қарап, уақтылы дайындап беруге тырысады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қала және облыс әкімдіктері үнемі қолдау көрсетеді. Банктермен де тығыз байланыс орнатып, несиелендірудің «Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын игердік, – дейді ателье директоры Сақан Омарова.

Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өндіріс алаңын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ несиелеу бағдарламасы арқылы жаңа орынға қол жеткізіп, оны да өндіріске арнамақ.

– Біздің бизнес мемлекетпен бірге дамыды. Басында, әрине, оңай болмады. Күмәнмен қарап, біздің өнімге ешкім сенбеді. Бірақ қолдаудың арқасында дами бастадық. Өндірісті ашқан кезде шығын көп болып, қиындық көрдік, бірақ аяғында жетістікке жеттік. Осының барлығы мемлекеттің қолдауы мен ұжымның ауызбіршілігі деп ойлаймын. Бізге тапсырыс берушілердің саны да көп, – деп қорытындылады Сақан Омарова.

Айзере Сұлтан

Осы айдарда

Back to top button