СпортТОП

Топтық кезеңнің шарықтау шегі

Нұржан Кенжеұлы

Катар жеріндегі доп додасында плей-офф кезеңіне өткен алғашқы құрамалар анықталды. Дәл қазір жарыстың 1/8 финалында келесі кезеңнің жолдамаларын сарапқа салатын екі жұп белгілі. Олар – Нидерланд-АҚШ және Англия-Сенегал жұптары. Ал газетіміз беттеліп жатқанда өз топтарынан шыққан тағы төрт команда белгілі болған-ды.

Катар қатардағы команда болып шықты

Иә, Мундиальдің топтық кезеңі шарықтау шегіне жетті. Әлем кубогы үшін күресті жалғастыратын құрамалармен қатар, шабадандарын қолдарына алып, үйлеріне ерте қайтатын командалар да айқындала бастады. Бір қызығы, сондай жолы болмаған ұжымдардың бірі Катар құрамасы болды. Өз жеріндегі Әлем біріншілігіне жатпай-тұрмай дайындалған катарлық аяқдопшылар отандастары артқан сенімді ақтай алмады.

Естеріңізге салайық, араб елінің ұлттық құрамасы жаһандық доп додасына дайындықты өзгелерден анағұрлым бұрын бастаған. Команда ойыншылары мен бапкерлік құрам жанкүйерлері алдында масқара болмауы үшін жарысқа бес ай қалғанда оқу-жаттығу жиындарына кірісіп кеткен. Тіпті, ел құрамасына шақырту алған футболшыларды негізгі жұмыс орындары саналатын клубтардағы міндетінен де уақытша босатқан. Бәрі де Катар құрамасының Әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойдағыдай өнер көрсетіп, келесі кезеңге жолдама алуы үшін жасалған. Оның үстіне, соңғы жылдары Катар құрамасы халықаралық аренада да олжа сала бастаған еді. Сондай жетістігінің бірі әрі бірегейі деп 2019 жылғы Азия кубогы үшін жарыстағы жеңісін айтуға болар.

Дегенмен, осыншама құрбандықтың бәрі бекер болыпты. Төрткүл дүние көз тіккен аламанда А квартетіне түсіп, Нидерланд, Сенегал және Эквадор құрамаларына қарсылас атанған катарлықтар топтан шығу тұрмақ, бірде-бір ұпайға ие бола алмай, антирекорд орнатты. Сөйтті де, қалың жанкүйерін жерге қаратты. Бұған дейінгі 21 Мундиальдің барлығында жарыс иелері топтық кезеңде қоржынға тым болмағанда бір ұпай салған екен. Катарлықтар болса, алдымен Эквадорға (0:2), артынша Сенегал (1:3) мен Нидерланд (0:2) құрамаларына ұпай таратып, қонақжайлықтың асқан үлгісін көрсетті.

Швейцар сағаты сияқты жүріп тұр

Есесіне, келесі бір кейіпкеріміз әлі де жарысты жалғастыру мүмкіндігінен дәмелі. Ол – Швейцария құрамасы. G тобында Бразилия, Сербия және Камерун құрамаларымен бірге өнер көрсететін «Қызыл кресшілер» екі ойыннан кейін үш ұпайға ие болып, плей-офф кезеңіне шығуға бір табан жақын тұр. Ол үшін соңғы, үшінші турда тегі түрік маман Мұрат Якын шәкірттері Сербия құрамасынан жеңілмеуі тиіс.

Жалпы, Еуропа және Әлем біріншіліктері сияқты ірі бәйгелерде Бразилия, Германия, Франция, Аргентина, Италия, Испания, Англия сынды алпауыттардың көлеңкесінде қалып қойып жүретін Швейцария құрамасы сол додаларда тұрақтылықтың тамаша бір үлгісін көрсетіп жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Соңғы доп додаларында кем дегенде плей-офтың бірінші кезеңіне дейін іркілмей жеткен еуропалық ұжымның мұндай тұрақтылығын швейцар сағатының жүрісіне теңеуге болады.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Швейцария құрамасы осыған дейін өткен 21 Әлем біріншілігінің 11-не қатысып, оның жетеуінде плей-офф кезеңіне өткен. Осы ретте, швейцарлар соңғы бес Мундиальдің барлығына қатысып, кем дегенде 1/8 финалға шығып отырғанын айтқан жөн. Биылғы додада да сол жетістігін қайталауға жақын. Ол үшін Сербиядан жеңілмей, қатар өтіп жатқан ойында Бразилияның сүрінбеуін тілеуі керек.

Сіздің болжам 

Құрметті футболсүйер қауым! Әне-міне дегенше, төрткүл дүние көз тіккен доп додасы да бел ортасына жетіп қалды. Чемпионат күні кеше ғана жалауын желбіретсе де, бүгінде футбол мамандары кімнің жеңіске жететінін, қай ойында қандай нәтиже тіркелетінін жарыса жазып жатыр. Осы ретте, біз газетіміздің оқырмандары арасында да осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. «Сіздің болжам» деп аталатын бұл сайысқа қатысушылар біз ұсынған Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

 Өкінішке қарай, әзірге оқырмандарымыздың арасында чемпионат ойындарының нәтижелерін дөп басып айтқан адам табылмай тұр. Дегенмен, алдағы уақытта бұл олқылықтың да орны толады деп үміттенеміз. Бұл жолы жанкүйер қауымнан 1 және 2 желтоқсанға жоспарланған кездесулерге қатысты болжамдарын күтеміз.

1 желтоқсан, бейсенбі

21.00 – Хорватия – Бельгия

21.00 – Канада – Марокко

01.00 – Жапония – Испания

01.00 – Коста-Рика – Германия.

2 желтоқсан, жұма

21.00 – Гана – Уругвай

21.00 – Оңтүстік Корея – Португалия

01.00 – Сербия – Швейцария

01.00 – Камерун – Бразилия.

Осы айдарда

Back to top button