Тұлға

ТОПТЕРЕКТЕГІ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Күркіреген Күршімнің жағасында  Топтерек деген ауыл бар. Осы ауылдың әр баласына әріп танытып, әліппе ұстатып, білім теңізіне құлаш ұрдырған  Мұхаметқали ағаның ауылы бұл. Аудандағы жерлестері, ауылдастары  алдында абырой мен беделге ие болып, саналы ғұмырын шәкірттері үшін, ел болашағы үшін сарп еткен ұстаз бүгінде 84-ке келіп, осында, өзінің Топтерегінде тұрып жатыр. Туған жердің саумал ауасымен тыныстап, сонау асқар тау, жоталарға мейірлене қарап, сол шың-құздардан сарқырап шыққан Күршімнің мөлдір суына бетін жуып, Ұлы Дала елінің өркениет көшіне куә болып отыр.

Ұлт ойшылы Шәкәрім бабамыз: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол»  деген болса, Мұхаметқали ағаның өмір жолынан, өн бойынан осы төрт өлшем де түгел табылғандай. Жастайынан оқу-білімге зерек, есепке жүйрік, ән мен жырға әуес болған Мұхаметқали аға бұғанасы қатып, буыны бекімей жатып-ақ бала кезінен колхоз жұмысына араласады. 1949 жылы Топтерек бастауыш мектебінің  төртінші класын бітіріп шыққан Мұхаметқали Нұрғалиев  1950 жылы Құйған орта мектеп-интернатына оқуға келіп, 1957 жылы осы ауылдан оқуын аяқтайды. Жоғары білім алуға жағдайы келмей, аудандық мәдениет бөліміне жұмыс іздеп барады. Бозбаланы талпынысынан-ақ таныған мәдениет бөлімінің басшысы оны Құйған колхозындағы ауылдық кітапханаға кітапханашы етіп жұмысқа жібереді.

1958 жылдың мамыр айында колхозды совхозға айналдырып, Құйған мен Топтеректі «Күршім» совхозының бір фермасы етіп қосып, «Топтерек» фермасы құрылды. Колхоз таратылған соң, ол кітапхананың кітаптарын Топтерек кітапханасына әкеп  тапсырып, тағы да жұмыс іздеуге көшеді. Көп кешікпей ферма меңгерушісі есеп-қисапқа жүйрік деп естіген жас жігітті өзі шақыртып алып, №3 бригадаға бас есепші боласың деп жұмысқа қабылдайды.

Фермада есепші болып істеп жүргенінде, 1958 жылдың тамыз айының 30 күні аудандық оқу бөлімінен  «Мұхаметқали Нұрғалиев бүгіннен қалмай тез жетсін» деген хабар жетеді. Ферма меңгерушісі фермаға нан пісіруші болып жұмыс істейтін Мұхамтеқалидың анасын шақыртып: «Балаңыз тез бүгіннен қалмай аудандық оқу бөліміне барсын», – депті. Хабарды ести сала жол жөнекей кездескен арбаға отырып, жаяулатып жүріп ауданға келеді.  Жұмыс іздеп жүргенде аудандық оқу бөліміне де өтініш жазып кеткен болатын. Аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің қабылдауында болған оған «Сен Ертіс жағасындағы Қаражыра деген ауылға мұғалім болып барасың» деген тапсырма беріледі. 31 тамыз күні осылайша Мұхаметқали ағаның алғашқы ұстаздық жолы басталып, Қаражыра ауылына мұғалім болып келеді. Ауылда 20 шақты ғана үй бар екен. Мектепті бұрынғы істеген мұғалімнен қабылдап алады. Мектепке келетін балалар саны 15 шақты ғана болып шығады.

– Мен 1936 жылы қыркүйек айының 13-жұлдызы күні өмірге келдім. Әке-шешем жаңадан құрылған «Топтерек» колхозына мүше болып колхозда жұмыс істеді. Әкем, Қыстаубаев Нұрғали, колхоздың басшылық қызметтерінде жұмыс атқарған, колхоз бастығының орынбасары, шаруашылық жағын басқарған. Содан 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Менің әкемді 1942 жылдың наурыз айында әскер қатарына шақырып, соғысқа алып кетеді. Әкемді пулеметшілерді даярлайтын екі айлық курстан өткізіп, соғысқа кіргізеді. Сталинградты фашистік Германия қоршауынан құтқару кезінде 1943 жылдың ақпан айында көзінен жараланып, оң көзінен айырылады. Әкемді Қазан қаласындағы госпитальға жеткізіп, сонда екі айға жуық емдеп, жанына кісі беріп, үйге қайтуға босатылады. Біз ол кезде ауылда тұрмаймыз, өйткені шешем колхоздың сиыр фермасында күзетші және астын тазалаушы болып жұмыс істейтін. Бір күні үйге селолық советтің бастығы Нұрбиша деген апай келді. Содан үйге кісілер де жиналып, әкем атынан келген қара қағазды оқып, қайтыс болғанын айтты. Әкемнен айырылдым деп жүргенімде, Нұрбиша апайымыз сүріне-қабына үйге кіріп келіп: «Сүйінші, әкең тірі, аман-есен келе жатыр!» дегені. Сәуір айының басында әкем оң көзінен айрылып, сол көзі де нашар көретін 1-топтағы мүгедек болып  ауылға келді. Мен әкемді жетелеп үйге кіргізіп, шығарып жүремін, – деп еске алады өнегелі өмір жолын қарт ұстаз.

Мұхаметқали аға талай жыл армандаған жоғары оқу орнына 1962 жылы түседі. Қызылорданың Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 1967 жылы осы аталған институтты биология мамандығы бойынша бітіреді.

1962 жылдан бастап, 2002 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Мұхаметқали аға Топтерек мектебінде ән-күй, биология, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Осы күнде елге әйгілі, өңірге белгілі болып, азаматтығымен танылған сан мыңдаған шәкіртке қалам ұстатып, әріп танытты, өнерге баулыды. 1977 жылдардан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мектепте мұғалімдікпен қатар кешкі мектеп директоры қызметін қоса атқарды. 1984 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, бірнеше рет аудандық, облыстық оқу бөлімінің Құрмет  грамоталарымен марапатталды. Топтеректік қазыналы ұстаз қазір де тың, бау-бақшасын баптап, ғибратын айтып, ағайынның, ауылдың алтын қазығына айналып отыр, «Дидардың» ең байырғы оқырманының бірі.

1963 жылы отау көтерген Мұхаметқали аға мен Бағзада апай  – бүгінде он шақты немере мен үш шөберенің ата, әжесі.

– Қыздарымның барлығы жоғары білімді. Астана қаласында тұратын үлкен қызым Айнагүл менің жолымды қуып, ұстаздық қызметте істейді. Екінші қызым Алмагүл –аудандық емханада экономист. Бибігүл Қарағанды мединститутының санврач бөлімін бітірген, қазір Алматы қалалық СЭС департаментінде істейді. Асылбек ұлым – Өскемен қаласында әскери қызметте. Қадылбек полицияда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Барлық балаларым отбасылы, балалы-шағалы. Жоғары оқу орнын бітірген немерелерімнің барлығы жұмыс істеп жатыр, – дейді Мұхаметқали аға.

Мұхаметқали аға мен Бағзада апай ұрпағының қызық-думандарын көріп, жан жолдасы екеуі 57 жыл бірге өмір сүріп келеді. Ғибратты ғұмыр иелерінің бақыты мен қуанышы еселене бергей!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button