Қоғам

Топқайыңға ауызсу тартылады

Топқайың ауылында да биыл игілікті істер қолға алынуда. Атап айтқанда, елді мекенде ағымдағы жылы  жаңадан ауылдық клуб бой көтеруде, одан  бөлек,  жергілікті тұрғындар  биыл  ауызсудың игілігін көреміз деп отыр.

Таза ауызсумен халықты  қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламаға  сәйкес, өткен жылдан бастап Топқайыңда ауызсу жүйесі жүргізілуде.  Жалпы құны 600 млн.  теңгені құрайтын жоба бойынша ауылға ұзындығы 13,9 шақырым су құбырын  тарту көзделген.

Өткен жылы ауызсу жобасын іске асыруды  «Казконтракшн» мердігерлік ұйымы қолға алған еді.   Биыл бұл жұмысты «Казпрофстрой Холдинг» ЖШС жалғастыруда. Учаске бастығы Берік Аманбаевтың айтуынша, бүгінде жалпы су құбыры жолының 12,5 шақырым тартылып болған-ды.

– Ендігі қалған жұмыстың қатарында су ұңғымасын қазу керек, су сорғы станциясын салып қойдық.  Қазіргі таңда әрқайсысы    200 текше литр суға арналған екі су қоймасын салу қалды. Су құбыры жолының бойында бірнеше құдықтар орнатылды. Жұмыс барысы қалыпты, жыл соңына дейін ауызсуды толығымен тартып, көздеген жұмыстарды бітіреміз деген ойдамыз, – дейді Берік Аманбаев.

Қазіргі уақытта құрылыс нысанында бес адам еңбек етуде, техникадан екі экскаватор, бір жүк тиегіш пен манипулятор жұмылдырылған.  Құрылысқа тартылған жұмысшыларға мердігерлік ұйым тарапы атқарылған жұмыс көлеміне байланысты жалақыларын төлеп отыр.

Тимур Смағұлов

Осы айдарда

Back to top button