Аймақтар аухалы

Топқайыңда клуб ашылды

Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында  құрылысы 2021 жылдың соңында басталып, былтыр желтоқсанда аяқталған  ауыл клубы пайдалануға берілді.

Ауылға клубтың қажеттігі туралы мәселені жергілікті тұрғындар аудан басшылығымен бұған дейін болған есептік кездесулерде айтқан еді. Аудан басшылығы да тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, көп ұзамай бұл мәселе өз шешімін тапты. «Ауыл – ел бесігі»  жобасы  аясында жалпы құны 257 млн теңгеге 70 орындық заманауи үлгідегі ауыл клубы бой көтерді. Нысанның құрылысына жауапты  мердігерлік  ұйым «Турсельстрой» ЖШС айналасы бір жылдың ішінде құрылысты аяқтап, Жаңа жыл қарсаңында топқайыңдықтарға тамаша тарту жасады. Былтыр 29 желтоқсанда жаңадан салынған клубтың салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Ділдар Қалиқан, аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов, Amanat партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Сыдықова, сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының өкілі Гүлжан Қазымова арнайы келіп қатысты.

Аудан басшысы жаңа нысанның ашылуымен  құттықтап, топқайыңдықтарға ақжолтай тілегін жеткізді.

– Қадірменді  жерлестер!  Бүгін біз Топқайың ауылында сәні мен салтанаты келіскен тамаша мәдени ошақтың ашылуына жиналып отырмыз. «Ауыл – ел бесігі»  бағдарламасы аясында осындай заманауи клуб  бой көтерді. Өткен жылы осындағы ауыл көшелері  асфальтталып, жөнделді, жарық шамдар орнатылды, енді, міне, жаңадан су құбыры желісі тартылып, құрылысы жүріп жатыр. Ол келер жылы  пайдалануға беріледі.

Жаңа жыл қарсаңында ашылып жатқан нысанымыз тұрғындар қуанышын тіптен еселеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ауданымызда түрлі әлеуметтік нысан бой көтеріп келеді. Бұл –  мемлекетіміздің жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқандығының белгісі. Аталмыш нысанның аз уақыт ішінде  құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне берілгеніне өте қуаныштымыз. Ауыл клубы мәдениеттің жандануына, өнерлі жастардың өрісін кеңейтеріне сенеміз. Тұрғындар осында келіп, түрлі іс-шараларды тамашалайтын болады. Ауыл өнерпаздарының еңбегі еселеніп, ауданымызда осындай жарқын істер  көбейе берсін, – деді Ділдар Қалиқанұлы.

Бұдан кейін аудан әкімі нысан құрылысына жауапты мердігер ұйым  «Турсельстрой» ЖШС директоры  Қанат Үйсенов пен  учаске бастығы Нұрлан Жұмағұловты алғыс хатпен марапаттады.

Мәдени ошақтың ашылуымен топқайыңдықтарды ауыл тумасы, бүгінде облыс әкімінің инспекторы қызметін атқарып жүрген Самат Қасенов, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Қазымова құттықтап, клуб ұжымына естелік сыйлықтарын тарту етті. Құттықтау сөзді әрмен қарай жалғаған  Топқайың ауылының тұрғыны, ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы Найманғазы Ыбыраев, Топқайың ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Алмагүл Ахбұтина, кәсіпкер Дәурен Қалибеков   клубтың бой көтеруіне атсалысқан баршасына ауылдастарының атынан алғыс айтты. Сондай-ақ іс-шарада аудандық мәслихат депутаты Дәулетбек Исабаевтың атынан жаңа клубтың ұжымына судай  жаңа теледидар сыйға тартылды.

Ауыл клубының лентасын қию құрметі ауыл қариясы  Найманғазы Ыбыраев пен Белқарағай ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнар Тәукеноваға берілді.

Ақжаулықты әжелер  шашу шашып, жиылған қауым ішке енді. Ғимараттың ішін аралап, концерт залы мен үйірме бөлмелерін қарап шыққан тұрғындар мен қонақтар құрылыс сапасына оң бағасын беріп, клуб қызметіне жемісті еңбек тіледі. Бұдан кейін барша қауым концерт залына жайғасып, аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.

Айта кетейік, Топқайың ауылының клубында штаттық кестеге сай төрт адам жұмыспен қамтылатын болады.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button