Руханият

Толымбектің туындыларын балалар іздеп жүріп оқиды

Толымбектің туындыларын балалар іздеп жүріп оқиды

Ақ маңдайы жарқ етіп, жарқын жүзі жайнаған Толымбек Әбдірайым бөлмеге кіріп келгенде, бұлт астынан күн шыққандай жарқырап кететіні бар. Алланың осындай қасиет берген адамы да осал болмаса керек-ті. Оның бойынан тараған энергетикалық қуат жұмыс аяғы болып, күшің азайып, екі иығың салбырай бастаса да, қайтадан бойыңды тіктетіп, жаныңды жадыратып, қайратыңды қайрап сала береді. Ішімдегіні тап дегендей тырсиып тұратын біреулердей емес, ол келе салып, аңқылдаған үнімен әңгіме тиегін ағытып, жан жүрегін жайып салады. Мінезі ашық, оның үстіне баладай сенгіш, өкпелеп қалуы да тез, жұбануы да жылдам жүретін осы жас жігіт те биыл ата жасы 60-тың қырқасына шығып қалыпты. Жаны жас болған соң «жас жігіт» дейміз ғой баяғы, әйтпесе алпысың да оңай дүние емес-ау.
Төкең алпысына атан түйеге жүк боларлық базарлықтармен келіп отыр. Әсіресе, балаларға арнаған базарлығы Балқантаудай. Күні бүгінге дейін ол жұқа кітапшаларын санамағанда, ірілі-ұсақты 11 жинақ шығарған екен. Бәрі дерлік балаларға арналған, оқиғасы қызық, тартымды дүниелер. Сонау, елімізді гиперинфляциялық дағдарыс жайлаған 1996 жылы дүниеге келген «Еркешорадан» бастап, «Әуелеп ұшқан тырналар», «Аюқұлақ», «Аққоянның үйшігі», «Жалқаулыққа кім үйір?», «Алабұға аулаған күн», «Дала әуені», «Құсқанаты» және тағы басқа кітаптары бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. Олардың атауларының өзі балалардың көзіне сонадайдан түсіп, тартып тұратын дүниелер. Ал оқыған баланың жан-дүниесі тазарып, көңіл көкжиегі біршама кеңіп, арман-қиялдары артып қалатыны сөзсіз.
Кейбіреулер балаларға арнаған кітап жазуды оңай көреді. Ондайлар арнаулы дайындықсыз, баланың ой-қабілетіне, ақыл-парасатына, арман-қиялына лайықты дүниені таңдаудың, оқиғасын ұғымды қылып, тілін сол жастағы жандарға сай қылып сындырудың оңай еместігін біле бермейді. Оның үстіне балалардың жас ерекшеліктерін де ескеру керек. Бес-алты жастағы балалар мен 14-15-тегі балаларға арнаған дүниелер бірдей болмайды. Соңғылардың үлкендер қатарына өтпелі кезеңде екенін де ескеріп, ой-пікірлері мен өмірлік көзқарастарының дұрыс қалыптасуына әсер ететін дүниелер іздейсің. Осының бәрі – жазушының талмай талаптанып, іркілмей ізденуін талап ететін жайттар. Отыра салып сүйкектете салған жеңіл дүниелер жас жанның жүрегіне жетпейтінін екінің бірі біле бермейді. Толымбек Әбдірайым – осындай талаптардың үддесінен шығып келе жатқан шебер жазушы. Үстіміздегі жылы балалар шығармашылығына арналған республикалық «Балауса» байқауында бірінші орын алғандығы соның дәлелі. Байқауға қатысқан 120 қаламгердің 300-ге жуық шығармасынан үзе тартып, бірінші орын алудың оңай еместігін де сезіне білу керек.
Толымбек Әбдірайымның шығармашылық жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді. 2013 жылы Мәскеудің атақты «Художественная литература» баспасы «Современная казахская литература» деген айдар қойып, Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алғысөзімен 3 томдық шығарғанда, соның бірінші томына Төкеңнің үш әңгімесін енгізген. Бұл да оның шығармашылығына берілген жоғары баға деп ұққан жөн. Ал былтыр сол, Мәскеудегі атақты «Дружба народов» журналы алты нөміріне Т.Әбдірайымның 15 әңгімесін енгізді. Мұндай баспалар – өз өнімдерінің сапасын түсірмеуді, шығарған кітаптары мен басылған дүниелерінің дүкен сөрелерінде шаң басып қалмауын мұқият қадағалап отыратын талғампаз орындар. Сондықтан да олар өздерінің атына кір келтіретін жеңіл-желпі, олпы-солпы дүниелерді баспайды. Демек, олардың қатаң талғамдарына басқа да шеберлермен қатар Төкеңнің дүниелері де сай болып жатса – бұл да үлкен жетістік.
Ал елімізде балаларға арналған ең шебер, ең өтімді, ең үздік басылым «Балдырған» болса – Толымбек Әбдірайым оның тұрақты авторы. Тұрақты жаздырып алатындар оған Т.Әбдірайымның әңгімелері нөмір сайын болмаса да, ай аралатып шығып тұратынын жақсы біледі. «Балдырғанды» сүйіп оқитын жеткіншектер Толымбек ағасын сонадайдан танып, көшеде көрсе, қолтаңба алуға тырысып жатады. Сондай-ақ, «Ақ желкен», «Дружные ребята» тағы басқа газет-журналдар да Төкеңді үзбей басып отырады. Соның ішінде «Дружные ребята» журналы былтыр 8 нөміріне оның «Мелодии степи» атты хикаятын жарыққа шығарды.
Орыс тілінде көп басылғанына қарап, Төкеңді сол тілде жазатын жазушы деп қалуға болмайды. Ол шығармаларын ана тілінде жазады, ал орысша аудармаларының бәрін көкшетаулық шебер аудармашы Ғұсман Төлеғұлға жасаған.
Толымбек Әбдірайым шығармашылығы балалар әдебиетімен ғана шектелген жоқ. Оған 2003 жылы шыққан «Дария шабыт», 2014 жылы шыққан «Ағыл-тегіл», «Бұралаң жол» тағы басқа хикаяттары дәлел.
Толымбек Әбдірайым – Шығыс Қазақстанның тумасы, Аягөз қаласында өмірге келген. Ол жастық шағын өткізген Аягөзден 40 шақырым жердегі Отияр ауылы қазір жер бетінде жоқ, «көрінген анадайдан орны» ғана қалып, солақай саясаттың құрбаны болып тарап кеткен. Төкең кейде жүрегі сыздап, туған ауылын сағынышпен еске алып қояды. Ол туралы талай жазды да. Тіпті оның соңғы тұрғыны – кейуана туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне жазып, оқырмандар хатының астында қалғаны да бар. Ол кез адамдардың бойынан мейірім арыла қоймаған 1980-ші жылдардың аяғы еді ғой. Жапандағы ауылдың жұртында жалғыз қалған кейуананы аяп, асырап алғысы келген жандар көп болыпты ол кезде…
Төкең еңбек жолын Аягөздің автомобиль жөндеу зауытында қара жұмысшы болып бастаған. Жас жігіттің елгезек, оның үстіне тапсырған жұмысты тап-тұйнақтай орындайтын тыңғылықты екенін көрген бастықтарының бірі оны көршілес Бейімбет Майлин атындағы кеңшардағы ауылдық кеңестің хатшылығы қызметіне ұсынады. Сөйтіп жас жігіт аяқастынан шенеунік болып шыға келеді. Алайда жүрегі шығармашылықты аңсап, жан дүниесі жазуды қалаған Толымбек Шұбартау аудандық газетіне ауысады. Қаламгерлік тұсауын кескен осы «Жаңа өмір» атты аудандық газет Төкеңе әлі күнге ыстық.
1976 жылдан 1978 жылға дейін Толымбек Әбдірайым әскери қызметте болып, сол кездегі жаттанды сөзбен айтқанда, Отан алдындағы борышын атқарып келеді. Әскерден келген соң, біршама жыл теміржолда істеген ол ҚазМУ-дың журналистика бөліміне сырттай түсіп, Алматының жанындағы Талғар аудандық «Алатау жұлдызы» газетіне қызметке тұрады.
Осы кездерде Төкең шығармашылыққа қатты көңіл бөліп, әңгімелері облыстық қана емес, республикалық басылымдарда да қарша борап шығып жатты. Газет тапсырысымен жазылған очерк, мақалалары да тартымды болып, көзге түсетін. Сондықтан ол облыстық «Жетісу» газетінің бос тұрған тілшілік орнына конкурс жарияланғанда, қатысып, бес адамның ішінен жеңіп шығып, жұмысқа тұрған еді.
Толымбектің еңбекқор, оның үстіне сөздерінің алымды, жазғандарының жалынды екенін көрген республикалық «Қазақ әдебиеті» мен сол кезде жаңадан ашылған «Ана тілі» газеттері қызметке шақырады. Осылардың ішінен Төкең халыққа кеңінен танымал болған «Қазақ әдебиеті» газетін қалап, қазақтың аймаңдай жазушысы Оралхан Бөкей редактор болып тұрған жылдары басылымға қызметке тұрады.
Бұл жылдар жариялылық пен демократия сұғына еніп, емін-еркін жазуға мол мүмкіндік туған уақыт еді. Төкең де осы жылдары өзінің қаламын барынша ұштап, газеттегі міндеттерінен басқа жазушылық шеберлігін де шыңдай түседі. Өзінің ашық-жарқын мінезіне, ақ көңіліне, сезімтал жүрегіне балалар әлемі жақынырақ екенін осы жылдары танып, шығармашылығын осы бағытқа бекем бұрады. Балалар әлемі оған ашықтығымен, пәктігімен ұнаған еді. Осы жылдардан республикалық «Балдырған», «Ақ желкен» сияқты балалардың газет-журналдарына Толымбек Әбдірайымның әңгімелері мен хикаяттары, ертегілері үзбей басылып тұрады.
Қазақ «адам айдаса бармассың, дәм айдаса қалмассың» дегенді тегін айтпаған ғой, 1991 жылы ҚазМУ-ді бітірген соң, Төкең еліміздің қиыр терістігінен бір-ақ шығып, Қызылжардың телестудиясына қызметке келді.
Жасыратыны жоқ, Толымбек Әбдірайым қасаң тілді қағидатшыл ортаға әр беріп, барынша тартымды, тілі құнарлы, ойы орамды хабарлар түсіріп, көрсете бастады. Оның бағыттары да алуан түрлі болды, соның ішінде қуғын-сүргін жылдары қудаланған ақын-жазушы ағаларымыз бен апаларымыз туралы тартымды хабарлар түсірді. Бұл біздің Солтүстік үшін үлкен жаңалық болды десем, артық айтқандық емес. Сондықтан да Толымбекпен танысқысы келіп, онымен ой бөліскісі келген жандар көп болды. Соның бірі өзіміз едік. Арада аз күн өткенде, оның да сәті түсті. Сол, 1991 жылғы таныстығымыз күні бүгінге дейін сызат түспей келе жатқан достыққа жалғасып келеді.
Мен оның бойындағы үлкен қасиеттерінің бірі – кісіге жақындығы деп айтар едім. Ол кез келген адаммен оңай тіл тауып, аз уақыттың ішінде оны үйіріп әкетеді. Осы, кісіге жақындығының арқасында оның алатын ақпараты мол, білетіні ұлан-ғайыр, көзқарасы кең, жан-дүниесі жазық, алыс-жақында жора-жолдастары көп. 1996 жылдан дін жолына бет бұрып, осы күнге дейін бес уақыт намазын қаза қылған емес. 2004 жылы қажылық парызын өтеп келді. Діни сауаты да терең, соқыр фанатизмге еріп кетпей, Алланың жолын адаспай тапқан инабатты мұсылман.
1992 жылы Төкеңді Көкшетау қаласына жаңадан ашылған телестудияға қызметке шақырды. Бұл жерде де ол жемісті жұмыс істеп, өзін нағыз шығармашыл тұлға, шебер журналист ретінде көрсете білді. 1997 жылы Көкшетау облысы жабылғанда, Төкең отбасымен Астанаға ауысты.
Мұнда ол «Қазақ әдебиеті» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Ол кездегі «Қазақ әдебиеті» еліміздегі зиялы қауым арасында ең көп оқылатын, сапалы басылым еді ғой. Төкең де оның жоғары деңгейде болмағына өзінің үлесін қоса білді.
Одан «Жас өркен», «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамдарының Астанадағы өкілі сияқты қызметтерде жүрді. Соңғы қызметін күні бүгінге дейін атқарып келеді.
Төкең өмірде шығармашылығымен ғана емес, отбасылық бақытымен де жолы болған жан. Өзімен ҚазМУ-де бірге оқыған жолдасы Кәмилә екеуі бастарына бұйырған барлық қиындықтар мен қызықтарды бірдей бөлісіп, бір-біріне иық тіресіп келеді. Төкеңнің тынымсыздықпен атқарған жемісті еңбегін өкімет те, шығармашылық орталар да, халық та лайықты бағалауда. Ол Қазақстанның «Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі» белгілерімен марапатталған. Сондай-ақ, ол Ы.Алтынсарин атындағы және жуырда Конституцияның 20 жылдығы медальдарымен наградталды. Туған жері де түлектерін сый-сияпаттан құр тастаған жоқ. Ол Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған Толымбек Әбдірайымның шығармашылығы қазір дүр сілкінген қырандай зар шағында. Сондықтан оған бас амандығы мен шығармашылық табыстар тілейміз.

Жақсыбай Самрат,
журналист.

Осы айдарда

Back to top button