Қоғам

Толық автоматтандырылған сүт фермасы іске қосылды

Толық автоматтандырылған сүт фермасы іске қосылды

Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Бородулиха, Шемонайха аудандарында болып, көктемгі егіске әзірліктің барысымен танысты, Бородулихада қалалар мен аудандар әкімдерінің, ірі ауылшаруашылық құрылымдары жетекшілерінің басын қосып, салаға қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Бірқатар әлеуметтік ғимараттарды жөндеу жұмыстарымен танысып, жаңадан іске қосылған нысандардың ашылу салтанатына қатысты.

Жаңа Шүлбіде мал басы артып келеді

Бородулиха ауданындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысанның бірі – Жаңа Шүлбі ауылындағы мәдениет үйі. Ауыл аудан орталығы мәртебесінен айрылғасын, бұл нысан 1998 жылдан бері бос тұрған-ды. Бір жыл бұрын облыс Әкімімен болған кездесуде ауыл жұрты мәдениет ошағын қалпына келтіруге өтініш білдірген-ді.
Ауылдық округтің әкімі Күлжанат Қарымованың айтуынша, ғимарат өз мақсатына пайдаланылмағанына 20 жылға жуықтапты. Біраз уақыт қасында орналасқан Жаңа Шүлбі облыстық балалар үйінің қарамағында болған. Жөндеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан басталып, оған 128 млн. теңге қаржы бөлінген. Құрылыспен «Семейпластком» ЖШС айналысуда. Қазірдің өзінде шатыры, кәріз, жылумен қамту жүйелері жаңартылып, сыртқы қабырғалары металл жабындылармен қапталуда. Енді айналасын абаттандыру жұмысы басталмақ. Бөлінген қаржының 83 млн. теңгесі игерілген. Мердігер мекеме басшысы Александр Шматенконың айтуынша, күн райының қолайсыздығынан және электр энергиясының тапшылығынан қарқын біраз азайғанымен, қазіргі кезде жұмыстың 85 пайызы орындалып біткен. Нысанда жүрген 46 жұмысшының 22-сі жергілікті тұрғындардан алыныпты. Сәуірдің соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстары аяқталмақ.
Енді үш жарым мыңнан аса халқы бар, жастары көп ауыл мәдени шараларды талапқа сай ғимаратта ұйымдастырады. Жаңа мәдениет үйінде 400 орындық кинозал, спортзал, ауыр атлетика залы, сонымен бірге, кітапхана, онлайн орталығы, этномәдени бірлестіктерге, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер және неке қию залы жоспарланған. Үлкен залдағы оркестрге арналған орын жабылып, сахна үлкейтілген, көрермендерге арналған екінші шығатын есік те жасалған. Ал холдағы түрлі-түсті мрамордан, граниттен жасалған әдемі панно сол қалпында қалдырылып, жаңа мәдениет ошағының ажарын кіргізбек. Аудан әкімі Г.Акуловтың сөзіне сенсек, 1-маусымға дейін толықтай аяқталып, іске қосылмақ.
Нысанды аралап көрген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ішкі залдарда, дәліздерде сыртқа шығып тұрған металл құбырларды қаптау керектігін, ғимарат ауылдықтарға балаларды қорғау күніне орай тамаша сыйлық болатынын атап көрсетті.
Аймақ басшысы осы ауылда орналасқан «Лазарев и К» ЖШС-нің тұқым сақтау қоймасында болып, егіске дайындықтың, себілер сапалы тұқымның жайымен танысты. Бұл шаруашылық – облыстағы элиталық тұқым өндіретін санаулы шаруашылықтардың бірі. Былтырғы мол жиналған өнімді сақтау үшін шаруашылық тұқым сақтайтын екі үлкен қамба тұрғызған. ЖШС-нің бас агрономы Сергей Левченконың дерегінше, әрқайсысына 17-18 млн. теңгеден қаржы жұмсалса, олардың сыйымдылығы 5 мың тоннаға дейін жететін көрінеді. Қазір мұнда жоғары сұрыпты күнбағыс, бидай тұқымдары сақталуда. Оларға Глубокое, Шемонайха, Бесқарағай аудандарының фермерлерінен және көпжылдық тұқымдық шөпке Павлодардан сұраныс жоғары екен.
Бұл шаруашылық сонымен бірге өсімдік, мал және омарта шаруашылығымен қатар шұғылдануда. Мал санының артуына байланысты жоғары стандарттар талабына сай азықтық шөптер тұқымын әкеліп, олардың егіс алқабын ұлғайту жоспарға кіргізілген. Балық шаруашылығын дамытып, тұқы өсіруді қолға алған. Тағы бір ауқымды жоспарлары – Семей қаласынан үлкен дүкен тұрғызып, өздері өндірген өнімдерді арзан бағамен тікелей делдалсыз сатуға қол жеткізу. Алайда, оған жер телімінің жоқтығы қолбайлау көрінеді.
Облыс басшысы бұл мәселе бойынша ешқандай кедергі туындамайтынын, ойдағыдай шешілуін өзінің жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Тұқым шаруашылығын дамытуды қолға алған «Ассорти» шаруа қожалығы да жуықта тұқым сақтайтын қамба құрылысын бітіріп, сапалы тұқым алуға қадам жасауда.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ осы Жаңа Шүлбі ауылдық округінде орналасқан аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі – «Новая Заря» шаруа қожалығы ЖШС-нің базасында болып, алдағы жұмыс жоспарларымен, көктемгі егіске дайындықтың барысымен танысты. Шаруашылықтың иелігінде 25 мың гектар егіс алқабы бар. Қазір техникалар науқандық жұмысқа толықтай әзір. Облыс Әкімі қыста қардың аз болғанын, көктемнің құрғақшылығын ескерте келе, әзірге ылғал барда егіс жұмыстарын тездетіп, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. «Новая Заря» шаруа қожалығының жетекшісі Ахмет Матаевтың айтуынша, 10-15 күнде алға қойылған мақсат толықтай орындалмақ. Мұнда да мал басы көбейіп келе жатқандықтан, егіс алқабының негізгі бөлігін мал азықтық дақылдар құрамақ.

Сүт фермасы толық автоматтандырылды

Облыс басшысы Бородулиха ауылындағы «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығының базасында ашылған толық автоматтандырылған мал шаруашылығы кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Естеріңізге салсақ, осыдан екі жылдай уақыт бұрын елімізде тұңғыш рет толық автоматтандырылған инновациялық сауу аппараты Глубокое ауданының Бобровка ауылында іске қосылған еді. Енді міне, Бородулиха ауданында екінші зауыт қолданысқа беріліп, Шығыс Қазақстан еліміз бойынша инновациялық сауу аппаратының саны бойынша көш бастады. Автоматтандырылған мал шаруашылығы кешені кірісті арттыра отырып, оған кететін шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, роботтардың көмегімен әр бастан жылына 4,5 мыңнан 6,5 мың литрге дейін сүт алынбақ. Бұл «ерікті» сауу жүйесін енгізудің арқасында мүмкін болып отыр.
– Біздің басты мақсатымыз – облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай ауыл шаруашылығында инновациялық технологияларды енгізе отырып, еңбек өнімділігін көтеру қажет. Өндірілетін өнімнің сапасын жоғары талаптарға сай ету керек. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын осындай ферманы Бобровкада ашқан едік. Сонда Ерлан Әмірбекұлы мен де осындай ферма ашамын деп уәде берген-ді. Енді міне, сөзінде тұрып, «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығы автоматтандырылған кешенді қолданысқа беріп отыр. Бұл жаңалық ең алдымен елге, халыққа қажет. Еліміз бойынша сүтті көп өндіретін де біздің өңір. Сондықтан алдағы уақытта басқа аудандар да осындай роботтандырылған кешендерді ашу жағын ойластыруы керек,-деді облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
– Қазір толық автоматтандырылған фермада 30 бас сиыр бар. Олардың саны алдағы уақытта өсе түспек. Себебі, мұндағы төрт аппарат 240 басқа лайықталған.
– Біз жемшөп базасын құру үшін де үлкен шаруалар тындырдық. Оған 53 млн. теңге қаржы бағытталды. Мамыр айының басында жұмысты бастап кетеміз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 100 млн. теңгеге Семей қаласында дүкен тұрғызып, өз өнімдерімізді арзан бағамен тікелей саудаға шығаратын боламыз,-дейді шаруашылық жетекшісі Ерлан Зәйтенов.
«Deleval» деп аталатын шведтік автоматтандырылған кешеннің толық жұмыс істеу циклі жиналғандарға кеңінен таныстырылды.
Кең де жарық ғимаратта тұрған сүтті сиырларға жемшөп тұрақты беріліп, малдың астынан шыққан қалдықтар да роботтардың көмегімен сыртқа шығарылады. Арнайы сүзгіден өткен соң тыңайтқыш ретінде егіс даласына жөнелтіледі. Мұндағы әр басқа чип тағылған, сауу уақыты келгенде сол чиптер арқылы орталықтағы компьютерлік орталыққа дабыл беріліп, желіні сыздаған сиыр арнайы қоршауға қамалады. Желінді де лазер автоматты түрде тауып, оған арнайы құрылғылар кигізіледі де, сауу процесі басталады. Алғашқы апта сиырлардың аппаратқа үйренуіне арналады екен. Алынған сүт те күшті вакуумдық сорғылар арқылы әрі қарай өңдеуге жіберіледі. Жаңа ашылған фермада 55 жұмыс орны құрылған. Бюджетке түсетін қосымша түсім шамамен 500 млн. теңгені құрайды.
Облыс басшысы фермадан шыққан соң, аудан орталығындағы осы шаруашылықтың өндірген өнімдері сатылатын «Тамерлан» дүкенінде де болды. Мұндағы ауылшаруашылық өнімдердің бәрі де арзан. Мәселен, 30 пайыз майлылықтағы қаймақтың жарты келісі – 207 теңгеден, 2,5 пайыздық пастерленген сүттің литрі – 120 теңгеден, 82 пайыздық сары май келісі – 1000 теңгеден, бал келісі – 800 теңгеден, бірінші сұрыпты нан 45 теңгеден сөреде самсап тұр.

Фермерлер әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпауы тиіс

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Бородулиха ауданына жасаған іссапары барысында «Агроөнеркәсіптік кешен және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту» тақырыбында семинар-кеңес өткізіп, онда саланың бүгінгі таңдағы бірқатар мәселелері талқыланды.
Семинар-кеңесте аймақ басшысы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Президенттің берген тапсырмалары нақты орындалуы керек екендігін атады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешендердің дамуының қамтамасыз етілуі бірінші кезекте мемлекеттің мықты қолдауының арқасында мүмкін болып отырғандығын ұмытпаған жөн. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалардың арқасында субсидиялау көлемі 10-15 млрд. теңгені құрап отыр.
Облыс басшысы өңірде 2007 жылдан бері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты жоба жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті.
– Алайда, нәтиже көңілден шықпайды. Ауылшаруашылық фирмаларындағы қазіргі кездегі мүмкіндіктер мен әлеуеттерді ескерер болсақ, өзінің ауданы мен ауылын дамытуға бұдан да көбірек қолдау көрсетуіне болады. Бұл бірінші кезекте шаруа қожалықтарының жұмысшыларына қатысты. Егер олардың балалары жаңа балабақша мен мектепке барса, ыстық тамақпен қамтылса, олардың бос уақытын тиімді өткізу ұйымдастырылса, ата-аналардың да көңілдері орнығып, жұмысқа деген құлшыныстары арта түседі,-деді облыс Әкімі.
Айта кетерлігі, биыл облыста үлкен жоба бастау алып, сол бойынша 2018 жылға дейін әр ауданда үлгілі ауылдар пайда болмақ. Оған қазірден 16 елді мекен таңдалған. Олардың тоғызы – бұрынғы тірек ауылдар. Аудан әкімдерімен және облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, аталған ауылдарды дамытудың кешенді жоспары әзірленген.
Жиында биылғы көктемгі егіс жұмыстарының барысы жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов баяндады. Оның сөзінше, биыл егіс алқаптарын 50 мың гектарға арттыру көзделуде. Соңғы үш жылда аграрлық салада 220 келешегі бар жоба жүзеге асқан. Алайда, нақты бастамаларымен көріне алмай отырған аудандар бар. Бүгінде олардың саны – 8.
– Жобалар Приречное, Привольное, Бобровка ауылдарында және басқа елді мекендерде сәтті іске асып жатыр. Бұл ауылдардағы шаруа қожалықтарының жетекшілері де бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсініп, белсенді жұмыс істейді. Қазір үлгілі ауылдар жасалуда. Мұның бәрі өзгелер үлгі алсын деп жасалуда,-деді Дүйсембай Селиханов.
Облыс басшысы салалық басқарма мен аудан әкімдерін сынға алып, отбасылық фермаларды құру ісі әлі де ақсап жатқандығын атады. Бұл жобаны қолға алғанымызға екі жылдан асып кетсе де, облыста әлі бір кәсіпорын құрылмаған.
– Неліктен біз барлық аймақтарда тым құрығында 2-3 отбасылық фермалар құра алмаймыз. Өздеріңіз барып көрген Белоруссияда, Татарстанда отбасылық фермалар жақсы жолға қойылған. Олардың біздің неміз кем? Оны жүзеге асыруымыз керек. Егер ондай кәсіпорындар шығып жатса, мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетіледі,-деді облыс Әкімі.
Басқарма басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа бағыттарын дамыту қарқын алмақ. Пайдаланылмай бос жатқан жерлерді игеру жұмыстары белсенді жүргізмек.
Аймақ басшысы биыл ауа райы облыс аграрларының алдына нақты міндеттер қойып отырғандығын атады. Ерте келген көктем диқандарды әлден-ақ сақадай-сай болуға, кез келген уақытта егіс даласынан табылуға міндеттеп отыр. Былтыр ішінара жерді түгендеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде оларды мемлекеттік меншікке қайтару немесе иесіз деп тану үдерістері жүргізілуде. Мұның бәрі жергілікті атқарушы органның күшімен атқарылуда. Бұл жөнінде семинар-кеңесте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков баяндады.
– Жыл сайын егістік алқаптарды ұлғайтып отыруымыз қажет. Егер жер күнбағыс не дәнді дақылдарды егуге жарамайтын болса, онда орнына жем-шөптік шөптерді егу керек. Сонымен бірге суармалы жерлердің көлемін арттыруды да естен шығармаған жөн,-деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов аудандағы аграрлық саланың даму қарқыны туралы баяндады. Оның мәліметінше, ауданда ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру және серіктестіктер құру әлі де жүргізілуде. Биыл суармалы алқаптың ауданын ылғал сақтау технологиясын қолдана отырып 90 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Ауданда Зәйтеновтің кешенін қоса алғанда бес инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан басқа оған Жаңа Шүлбі, Сахновское ауылдарындағы асыл тұқымды репродукторлар кіреді. Соңғысы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген.
Мысалы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жоғарыда аталған «Новая Заря» шаруа қожалығы ЖШС өз қаржысы есебінен бір пәтерлі он үй тұрғызып берген. Облыс басшысы Михайличенково ауылын үш жыл қатарынан үлгілі ауыл ету керектігін, онда қазірдің өзінде барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Ал облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ләзиза Кенжетаева аймақтың ауыл шаруашылығы саласына үлкен көлемдегі инвестициялар түсіп жатса да, әлеуметтік жауапкершілікке мән бермей отырған аудандар барлығын жіпке тізіп берді. Сондай-ақ, облыс Әкімінің назарына әр ауданға келген субсидиялардың, қаржылардың мөлшері және кәсіпкерлердің ауылын дамытуға бөлген қаржыларының көлемі туралы толық ақпаратты ұсынды.
– Мемлекеттен миллиондаған теңге қаржы ала отырып, туған ауылын гүлдендіруге бір тиын да бермегендерді қалай түсінуге болады? Мұндай шаруашылықтар Тарбағатай, Ұлан, Аягөз және басқа аудандарда да толып жатыр. Бұған қарап, сол аудандардың әкімдері жергілікті жерде дұрыс жұмыс істемеген деп қорытынды шығаруға болады. Бұл бағыттағы бақылау алдағы уақытта да жалғасатын болады,-деді облыс басшысы.
Мемлекеттік қолдаумен бірге агроөнеркәсіптік саланы дамытуға бүгінгі күнде ғылым да атсалысуда. Семейдегі ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтында топырақтың өнімділік деңгейін көрсететін электронды карта әзірленген. Бұған қоса арнаулы мамандар түрлі дақылдарды себу, оларды маусым бойы күту, баптау кеңестерімен де қамтамасыз етеді. Институт алдағы уақытта өсімдік және мал шаруашылығын жүргізудің дамыған тәсілдерін енгізуді көздеп отыр.
Семинар-кеңестің жұмысын қорытындылаған облыс Әкімі Президент Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша көңіл бөлгенін атап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, бұған қоса шағын шаруашылық болса да жаңа технологияларды енгізу қажеттілігін алға тартты.
– Өткен жылдың нәтижесі өзімізде өндірілген өнімдермен облысты толық қамтамасыз ете алатындығымызды көрсетті. Алайда, бағаның өсуі байқалды. Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұруға, экспортқа өнім шығаруға жұмыс істеу қажет,-деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Колледж қажет мамандарды даярлайды

Сондай-ақ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шемонайха ауданына қарасты Камышенка ауылы жанындағы «Нижний» тоғанындағы гидротехникалық құрылыстың басында болып, қазіргі жайымен танысты. Бұл орын жаз маусымында демалуға және балық аулауға пайдаланылады. Өткен жылы тоғанға тұқылар жіберілген. Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаровтың айтуынша, барлық шлюздер қалыпты, дұрыс жұмыс істеп тұр. Аққан судың топырақты шайып кетпеуі де алдын ала ойластырылған. Аудандағы он гидротехникалық құрылғылардың ешқайсысы да тасқын қаупін туғызып тұрған жоқ. Барлық техникалар дұрыс жұмыс істеуде және барлық тоғандар мен су қоймалары тұрақты бақылауға алынған.
Облыс басшысы арқаны кеңге салуға әлі ерте екендігін, көктемгі тасқын аяқталмағандығын айтып, аса сақ болуға шақырды. Ал Камышенкадағы тоғанның жағдайына көңілі толатындығын жеткізді.
Аймақ басшысы Шемонайха қаласындағы жөндеуден кейін жаңа қалыпқа еніп, екінші тынысы басталған гуманитарлық-техникалық колледждің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Оқу орны 1000 оқушыға лайықталған.
– Мемлекеттің келешегі оның білімді жас буын өкілдеріне байланысты. Мына жаңа білім мекемесінде оқуға қажетті барлық жағдайлар жасалған екен. Сонымен бірге, мұнда қазіргі нарықта жоғары бағаланатын мамандықтар даярланады. Яғни, колледждің әр түлегі ертең білімді маман ретінде бірден еңбекке араласатын болады,-деді облыс Әкімі.
Колледж директоры Светлана Буднецкаяның айтуынша, колледж ғимаратының жөндеу жұмыстарына 180 млн. теңге жұмсалған. Ғимараттың бесінші қабатында 40 оқушыға арналған жатақхана және оқытушыларға арналған пәтер-студия қарастырылған.

Дәурен Аллабергенұлы

Бородулиха ауданы – Шемонайха ауданы

Осы айдарда

Back to top button