Руханият

ТОЛҚЫННАН ТОЛҚЫН ТУАДЫ

Осыдан 30 неше жыл бұрын, қазақ халқы тәуелсіздік дегеннің не екенін біле қоймай тұрған елең-алаң шақта қазақ айтысының саханасына Оралдан Қатимолла Бердіғалиев пен Дариға Мұштанова, Жамбылдан Шорабек Айдаров, Шығыстан Абаш Кәкенов пен Серікхан Жақиянов, Семейден Дәмеш Омарбаева сынды жас ақындардың бір легі кеп қосылған болатын. Осылардың сапында Павлодар өңірінен бақ сынай келген мен де бар едім.

Бұл – 1989 жылы Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Наурыз айтысы» болатын. Иә, ол кезде айтыс атты қасиетті өнер ордасының табалдырығын енді ғана имене-имене аттаған біздер үшін айтыстың жүргізушісі, иегінде дөңгеленте қойған сақалы бар Жүрсін ағамыздан бастап, ол кісінің өзіне ғана тән қоңыр дауысы, атақтарынан ат үркетін, қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларынан жасақталған айтыстың қазылары, халыққа бұрыннан танымал Халық ақындары көкшетаулық Көкен Шәкеев, Сыр өңірінің сүлейі Манап Көкенов, Оңтүстіктің орақ тілді ақыны Көпбай Омаров, олардың ізін баса шыққан шымкенттік Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, қостанайлық Әсия Беркенова, торғайлық Қонысбай Әбілов, шындық деп шырылдап өткен жезқазғандық Шынболат Ділдебаев, жетісулық Есенқұл Жақыпбеков, Көкшенің серілері атанған Баянғали Әлімжанов, Ерік Асқаровпен танысып, қолдарын алу, бір дастарқан басында дәмдес болу  бәрі-бәрі таңсық, таңсықты қойып, әлдебір көрген түс секілді болатын.

Толқынды толқын қуады

Өткенге көз жүгіртсем, содан бергі уақытта айтыстың алты-жеті буыны жаңарған екен. Буыны ғана емес, одан бергі аралықта көрерменнің де біраз буыны алмасып, айтысқа қойылар талаптар мен шарттарға да бірқатар өзгерістер енуде.

Біз алғаш қадам басқан 89-ші жылдан араға үш-төрт жыл салып айтысқа Бекарыс Шойбеков пен Мэлс Қосымбаев бастаған, Аманжол Әлтаев, Мұхаметжан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашев, Оразалы Досбосынов, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова сынды және басқа да талантты ақындардың шоғыры қосылды.

Осы жерде, әйгілі Мағжан ақынның:

«Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады», – деген пәлсапасын енді ғана ұғынып, ұғынып қана қоймай, дүниенің алма кезек екендігін мойындайтын кездің де келгендігін айта кеткен артық болмайтын секілді.

Ақындар буынының лек-легімен келіп алмасып жатқан үрдісін жалғастыра берсек, бұл тізім біразға созылып кетері сөзсіз. Сондықтан әңгіменің тоқ етеріне көшейік. Әр жылдары айтыс айдынына өзіндік сөз саптау мәнерімен, өзгеге ұқсамайтын мақамымен қосылып жатқан іні-қарындастарымның қай-қайсысы болмасын сөз жоқ талантты. Айтыстағы көп жылдық тәжірибеме сүйене отырып, олардың әр қайсысына өзіндік баға берген күннің өзінде, «Ана ақын мықты, мына ақын осал» деп алалауға қақым жоқ.

Дегенмен, осы жазбамда бір ақынның атын атап, түсін түстей кеткім кеп отыр. Оның себебі де жоқ емес. Нақты есімде қалмапты, жаңылмасам 1996-97 жылдар болса керек. Сол тұста қазақтың ауқатты деген азаматтарының арасында жүйрік ат ұстау сәнге айналған. Еліміздегі үлкенді-кішілі дүбірлеген ас пен тойлардағы аламан бәйгелерге ат қосып, біразының атақ-даңқтары дүркіреп тұрған. Ол кезде Павлодарда тұрамыз. Араласып жүрген бір кәсіпкер жігіт жүйрік аттар ұстайтын. Ұстағанда да, оның иелігіндегі жүйріктер қайсыбір жергілікті атқұмарлардікі секілді Қордайдың, Қостанайдың ат зауыттарының жылқысы емес. Өзім бір емес, бірнеше мәрте куә болғаным бар, ол өзінің туған ағасын немесе інісін жіберіп тұрып, арысы Англиядан, берісі солтүстік Кавказдан таза қанды жүйрік жылқылар алдыратын.

Әлгі әкелген жүйріктерінің кез келгенінің кәдімгідей туу туралы куәлігінен бастап, атасы мен енесі қай жерде, қандай бәйгелерде, қанша мәрте олжа салғандығы, аты-жөні, түр-түсі мен жасына дейін түгел-түгел жазылған құжаттары бар.

Сөздің реті келген жерде: – Мұндай құжат Қазақстандағы қайсыбір адамдарда жоқ, – деп әзілдегенім де бар.

Соңғы жылдары сол досымның сәйгүліктері Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Жезқазған, Семей өңірлерінде өткізілген ас-тойлардағы аламан бәйгелерден бірінен соң бірі оза шауып, атақ-даңқы дүркіреп, жұлдызы оңынан туып тұрған.

Бірде әлгі жігіт хабарласып, Семейден бәйге аттарын сатып алмаққа кісілер келе жатқандығын, мүмкін болса сол адамдармен дастарқандас болуымды өтінді. Келген адамдар бөтен емес, өзім бұрыннан танитын Семей халқына аса танымал, барлығы да бір кездері жоғары лауазымды қызметтерде болған Бәттәш Сыдықұлы, Хафиз Матаев, Нәсен Сембайұлы деген ел ақсақалдары екен. Көрген жерден қауқылдаса амандасып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Дастарқан басындағы әңгіменің дені жылқы жайында, жүйрік атты қалай баптау, олардың тұқымын асылдандыру жолдары, тарихта аты қалған сәйгүліктер жайында болды.

Сол жолы Семейден келген ағаларымыз, досымның құжат бойынша «Эвкамон», «Цезарь» деп аталатын екі бірдей сәйгүлігіне құда түсті. Екеуі де сол тұста бәйгеден-бәйге бермей жүрген жүйріктер болатын. Ат иесі әуелде басқа жылқыларын сатпақ болған көрінеді. Алайда алушылар да тегін адамдар болмай шықты да ақыры аталған екі жүйріктің әр қайсысын сол кездегі бағаммен 15 мың доллардан сатып алатын боп қол алысты.

Өсер елдің ұлдары…

Арада бір апта өткенде жылқыларды арнайы көлікке тиеп  Семейге алып бардық. Бәттәш ақсақалдың тұрып жатқан үйі де атақ-абыройына сай екен. Қонақ күтетін бөлмесінің өзі ат шаптырымдай, екі қабатты котеджде күтіп жатыр. Ағыл-тегіл тілектер айтылып, бірер ән де шырқалғаннан кейін Бәттәш ақсақал:

– Серікжан, айналайын! Өзіңді осында оқу оқып жүрген кезіңнен тіпті айтысқа алғаш шыққан уақытыңнан танимыз, өнеріңе бас иеміз, құрметтейміз. Семейге күнде келіп жатқан жоқсың. Ал енді дәм тартып кеп қалған екенсің, осы елде «Жыр додасына қоссақ па?» деп үміттеніп жүрген біздің де бір жабағы тайымыз бар еді. Сол үмітіміздің аяқ алысын байқап, көңіліңнен шықса, ағалық батаңды берсең деп едік, – деп барып тоқтады.

Ол кезде жаспыз, «ә дегенге, мә» деп, аузымызды ашсақ өлең төгіліп тұрған шағымыз. – Пәлі, Бәттәш аға! Бес-алты ауыз жел сөзім, көңіліңіздің садағасы, – дедім үнсіз қалмай.

Сөйткенше болған жоқ, алдын ала алдырып қойса керек, ауыз үйден имене басып, қолында домбырасы бар, құлағы қалқайған, тұмсығы сәл дөңестеу бір бала кірді.

Көрсеткен орынға отыра сала, ақсақалдардан бастап сәлем беріп, арасына менің де айтыстағы атақ-абыройымды қосып алты-жеті шумақ жырды төгіп-төгіп жіберді. Байқаймын сөзінде шоқ, көзінде от бар секілді. Сұраған батасын беріп, осымен бара ғой десем, әлгінде ғана именіп келген бауырым қоятын емес, бастырмалатып барады. Содан қызық болғанда, әлгі жердегі шағын көрермендеріміздің қолпаштауымен екеуіміз біраз жерге дейін шауып, шамамен жарты сағаттай айтысып тастадық. Жас ақынның бүгежектеп, кібіртіктемей ойларын ашық та, өткір жеткізе білгеніне риза болдым…

Мені айтысқа келген алғашқы күнімнен бастап тәрбиелеп, үлкен аламандарға баптап келген Мұхамбедия деген ұстазым бар. Өте білімді, саяси, тарихи сауатты адам. Өзі сөзге шешен. Білікті жүрек дәрігері, профессор.

Сол кісі:

– Суырып салып өлең айтып отырған айтыс ақыны құдды бір ішіп алған адам тәрізді. Не айтып отырғанын білсе де, кейін не айтқанын ұмытып қалады, – деп жиі айтып отырушы еді. Сол ұстазым айтпақшы, ол жерде бата сұраған жас ақынның да, өзімнің де не дегенімнің бәрі есімде қалмапты.

Әйтеуір ойымды:

– Халқыңның сөзін сөйлер ақыны бол,

Қырқылып қызыл тілің қалғанынша, – деп түйгенім есімде қапты. Өзі айтқанындай, үміт артып жүрген жабағы-тайына жырмен берген батама риза болды-ау деймін, Бәттәш ағам орнынан ұшып түрегеп иығыма шапан жапты.

Сол күнгі солақай ағасынан бата алған «жабағы-тай» бұл күндері айтыс аламанының алдын шаңға көміп келе жатқан жерлес те, шерлес бауырым  Ринат Зайытов болатын.

Ринатпен республикалық үлкен жыр додаларында жолымыз түйіспесе де, әр жерлерде өткізілген аймақтық, облыстық айтыстарда екі-үш мәрте айтыстық. Сол айтыстың қай-қайсысында болмасын бәйге-жүлде үшін жолымды кес-кестеп, қайсыбір дүниеқоңыз ақындар құсап өлерменденіп, өршеленген емес. Осы бір інілік ізеттілігі мен айтыстарда не нәрсені болмасын турап-турап айтып салатын өжеттігі үшін өз басым Ринатты, оның бойындағы өнерін бағалап жүретінмін. 2019 жылғы Қызылжардағы ерлігінен соң Ринат туған бауырымдай болып кетті…

…Осыдан тура екі жыл бұрын Қызылжар қаласында әйгілі айтыс ақыны, драматург, аудармашы, 43 жасында көлік апатынан мерт болған Ерік Асқаровтың 60 жылдық құрметіне айтыстың бес буыны қатысқан үлкен айтыс болды. Ауыздыға сөз бермес Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Аманжол Әлтаев, Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев, Абаш Кәкенов, Айтақын Бұлғақов, Серік Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин сынды айтыстың азуы алты қарыс көкжалдары бастаған бұл жыр додасына Әселхан Қалыбекова мен Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов пен Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы қатарлы елге сыйлы ардагер ақындар қазылық етті.

Міне, осы айтыста 78 ұпаймен екінші айналға өте алмай қап, жігерім құм боп тұрған жерімнен финалға өткен Ринат бауырым өз жолын беріп, екінші айналымдағы сәтті шыққан айтысымның арқасында бас бәйгені ұтып алған жайым бар.

«Болар елдің ұлдары, бірін-бірі батыр дер» дегендей Ринаттың сол жолғы ағасына жасаған мәрттігі мен азаматтығына айтыстың атасы атанған Жүрсін ағамыздан бастап, күллі қызылжарлықтар да, айтысқа қатысқан барлық ақындар да тәнті болды.

Бәлкім, бұл – бір кездегі алғаусыз көңілмен берген ағалық батама Ринат інімнің білдірген алғысы болар?

Таяуда ғана Алматыдағы «Алатау» жастар театрына директор боп тағайындалған ақын ініме:

– Абыройың аласармасын! – дегім келеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button