Толатын кезің келді төрт құбылаң

Облыс халқы 2018 жылдың 1 қаңтарында 1 384 мың болса, соның алпыс пайызы (831 мың) қазақ халқының үлесінде. Халқымыз мұндай өсімге тарихтың талай талқысын, тағдырдың талай тартысын басынан өткеру арқылы жетті. 1897 жылғы халық санағының қорытындысында Семей облысы (кейін губернияға айналған) тұрғындарының 86 пайызын «киргиз-кайсак» атанған қазақтар, оның ішінде Өскемен уезі халқының 79 пайызын осы ұлттың өкілдері құраған екен. Ал 1959 жылғы халық санағының қорытындысында қазақтардың үлесі 19 пайызға дейін құлдырап кетіпті.
ТАБИҒИ ӨСІМНІҢ «ТҰСАУЫ» ШЕШІЛЕ МЕ?
Тәуелсіздік алғалы халқымыздың өсіп-өнуіне ерекше маңыз беріліп келді. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ көші-қон, азаматтардың ұрпақты болу құқықтары мен оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы заңдар қабылданып, белгілі жұмыстар атқарылып келеді.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жақсаруы демографиялық салаға да сәулесін түсіруде. Айталық 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап үшінші балаға дейін туылған әр сәбиге бір реттік 91390 теңге, төртінші баладан жоғарылардың әрқайсысына 151 515 теңге жөргекпұл төленуде.
Облыстық статистика департаментінің деректеріне қарағанда, аумақ тұрғындары 1999-2009 жылдары 136 077, 2009-2018 жылдары 13 121 адамға кемігенмен, қазақ халқының саны арта түскен. Мәселен, 1999-2009 жылдары 37543, 2009-2018 жылдары 50 192 адамға артқан. Мұның өзі Риддер қаласының тұрғындарымен шамалас.
Қазіргі қойылып отырған талап: табиғи өсімнің көкжиегін кеңейту, тууды арттырып, өлім-жітімді кеміту. Облысымызда халық өсімі жақсарып келеді. Айталық өңір бойынша 2001 жылы 11, 20, 2008 жылы 16, 69, 2017 жылы 15,98 промиллелік өсім болыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 2017 жылы 21722 бала дүниеге келген екен.
Жалпы, өткен жылы облыс бойынша дүниеге келген 21722 сәбидің 7986-сы (36,7 пайызы) ауылдың үлесіне тиеді. 2017 жылғы туу коэффициенті тәуір аудандар: 2017 жылы Тарбағатай 21,48, Аягөз 19,68, Зайсан 19,13, Жарма 18,80 промиллені құраған. Ауыл әлі күнге дейін демографиялық өсуіміздің басты қайнар көзіне айналып отыр. Кәсіпкерлер мен шаруашылық құрылымдары да ауылдың демографиялық мәртебесін көтеруге материалдық және қаржылай қолдау жасаса игі. Елімізде кезінде үлкен қошеметке бөленген Еркін Қазиев деген кәсіпкер 2000 жылдың 1 қаңтарында туған 100 сәбиге 100 мың теңгеден көрімдік бергені баршаға белгілі. Осындай мәрттікті өз кәсіпкерлерімізден де күтеміз.
Ал Глубокое, Шемонайха, Катонқарағай, Зырян аудандарының көрсеткіштері 10-11 промиллемен ғана шектелуде. Әрине, осы елді мекендердегі қазақ халқымен бірге өзге ұлт өкілдерінің де өскенін қалаймыз. 1994-1998 жылдарғы еліміздегі туу көрсеткішінің төмендігі бұл аудандарға да көлеңкесін түсірген сыңайлы. Сол жылдары туған ұрпақтар енді ғана 22-23 жасқа толып, отау тігіп жатқанын ескерсек, олардың қарасының аз болатыны да заңды құбылыс.
Дегенмен, сөз басында айтылғандай облыс тұрғындарының азайып бара жатқаны алаңдатады. Мәселен, Катонқарағай ауданын алайық. Бұл өңірдің көркемдігі көз тойғызарлықтай. Нағыз жұмақ дерсіз. Одан арғы тарихына үңілсек, түркі елі осы өңірден тамыр тартқаны белгілі. Бірақ Алтай төріндегі халықтың демографиялық өсімі көңіл көншітпеуде. 2017 жылы бұл ауданда небары 289 сәби дүниеге келсе, соншама адам дүниеден қайтып, туу өлгендермен теңескен.
Аудан тұрғындарының 90 пайыздайы қазақтар екенін ескерсек, мұнда туу мен өлімнің теңесуін бұрын-соңды болмаған төтенше оқиға екенін айтпасқа шара қалмай отыр. Мұндай жағдай облыстағы қазақ аудандарының ішінде бірінші рет тіркеліп отыр. Соның салқыны бұл өңірдің демографиялық құлдырауынан да айқын көрініс табуда. Катонқарағай, Большенарым аудандары қосылған кезде 50 мыңдай халық тұрса, қазір содан небары 23935 тұрғын ғана қалыпты.
Тіпті қырық жылдай ядролық жарылыстан көз ашпаған, кәрі-жасының денсаулығына үлкен зиян келген Абай ауданын алатын болсақ, өткен жылы бұл өңірде 239 сәби дүниеге келіп, 110 адам дүниеден қайтқан екен. Бұл көрсеткіштер дүниеге келген сәбилер бақилыққа аттанғандардан екі еседен астам артық екендігін көрсетеді. Сонда жері көкорайлы, ауасы жанға жайлы катонқарағайлықтар ұрпақ өсіру жағынан абайлықтардан неге көш кейін қалып отыр?
Қоғамымызда тамыр жайған тағы бір әлеуметтік дерттің бірі – жастардың ажырасуы. Мәселен, облыс бойынша 2017 жылы некелескен 10121 адамның 5045-сі ажырасып кетіпті. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 176 адамға артық. Ал аудандарға келсек, Ұлан ауданы бойынша 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ажырасқандар саны 13 адамға азайғанмен, өткен жылы шаңырақ көтерген 118 адамның сексен бірі (үйленгендердің 68 пайызы) ажырасып кетіпті. Сол сияқты Курчатов қаласында өткен жылы үйленгендердің 66,6 пайызы ажырасқан. Бұл – республиканың орта көрсеткішінен екі еседен астам артық.
Тамыры тереңге кеткен бұл олқылықты оңдау әрине оңай іс емес. Орын алған оралымсыздықтар қоғамдық ұйымдар жұмысының нашарлығынан ба, жастар арасындағы тәрбие жұмыстарының осалдығынан ба, әлде осы бағыттағы жоспарлы жұмыстардың дәйексіз жүргізілуінен бе, тоқ етері, бұл келеңсіздік ажырасудың себеп-салдарын терең ашып, одан нақты қорытынды жасауды қажет етеді.
Қолымызда нақты мәлімет болмаса да, қай ауданда болмасын жасанды түсік жасату жалғасып келе жатқаны күмәнсіз. Облыс имамының орынбасары Дәулет Қабидолдин: «Шариғат бойынша себепсіз жасанды түсік жасату харам. Жатырдағы балаға жан берілгеннен кейін түсік жасатуға тыйым салынады. Алайда сенімді әрі әділ бірнеше дәрігердің қорытындысы бойынша құрсақтағы бала ананың өміріне қауіп төндіретін болса, оның өмірін сақтап қалу мақсатында жасанды түсік жасауға рұқсат етіледі» деді.
Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай ұшыраспақ. Өткен жылы бір ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай, келбетті азамат сыр бөліскен еді. Екі сөзінің бірінде «Әттең, жас кезімде үлкен қателік жібердім. Соны ойласам, өзімді қоярға жер таппаймын» деді. Ол үйленгеннен кейін зайыбымен ақылдасып, «Дүниеге ұрпақ келтірмес бұрын материалдық жағдайымызды жақсартайық деген байламға келеді. Сөйтіп, қызметтен қол үзбеу үшін келіншегі жасанды түсік жасатқан екен. Өйткені келіншегі еңбекақысымен күнделікті ішіп-жемін айырса, өзі білек сыбанып үй салады. Сонымен үйі де салынады, жағдайын да жақсартады. Бірақ тұрмыстары жақсарғанымен, мынадай бақытсыз оқиғаға тап болған екен. Жасы отыздан асқанда келіншегі көркі көз тоярлықтай балпанақтай ұлды дүниеге келтіріпті. Екеуінің қуанышында шек болмайды. Содан бір күні ұлдары ауырып, ауруханаға түскеннен кейін, ұзамай шетінеп кетіпті. Жиналған туған-туысқандары «Балаңның дене бітімі келісті еді. Оған көз тиген шығар» деседі. Көңілдеріне күмән кірген ерлі-зайыптылар медицина қызметкерлеріне «Сіздер баламызды дұрыс емдемедіңіздер. Балпанақтай баламыз не себептен шетінеп кетті?» деп олардың үстінен шағымданыпты. Тексеріс тобының мүшелері бұл кілтипанның себебін анықтағанда, ертеректе жасалған жасанды түсік сәбидің шетінеуіне әкеліп соққан екен. Осындай қателікке ұрынып, артынан өкініп жүргендер аз емес.
Соған орай, тәжірибелі емгер Г.Мантаевамен пікірлескенімізде, ол былай деді: «Еңбек ете жүріп те бала-шаға өсіруге болады. Ол үшін қыз-келіншектер медицина қызметкерлерінен ақыл-кеңес алып, олардың қойған талаптарын мүлтіксіз орындаса, ана да, бала да аман болады. Өкінішке қарай, жаңағы айтып отырған адамдарыңыз теріс қадам жасаған екен.
Әсіресе алғашқы балаға түсік жасату – денсаулыққа аса қауіпті. Сондықтан алғашқы түсінікті жасатудан тартынған жоқ» деді.
Табиғи өсімімізге ішімдіктің келтіріп жүрген зиянын да өлшеп-тамай алмайсыз. Жұрт жиын-тойларда жаппай ішетін болды. Кейбіреулерақаңның артынан қуып салынып ішті. Ішімдікке салынған жап-жас жігіттер үйленбей жатып, үсіген гүлдей ерте солды. Ал үйленгендер үйінде бас алмай ішіп, бала-шағасы жайына қалды. Сөйтіп «мықтылық» дегеніңіз осалдық болып шықты. Осалдықты қойып сорға айналды. Бұл келеңсіз көрініс әлі тыйылған жоқ.
Өсиетке адалмыз ба?
Жасыратын түгі жоқ, кейінгі уақытта әйел-аналарды дүниеге ұрпақ әкелуден, бала көтеруден айнытатындай, тіпті, түңілдіретіндей пікірсымақтар айтылып жүр. Жұрттың үлкен-кішілі басқосуларын былай қойып, телеарналардың өзінен де қара аспанды төндіріп ақылгөйситіндер шыға бастады.
Олардың пікірлеріне жүгінсек, көп бала асырауды елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтермейді, еңбек етуге кедергі келтіреді, оларға баспана, қызмет тауып беруге жағдайымыз жоқ деген себептерді алға тартады.
Оңды-солды айтылып жүрген мұндай қисынсыз пікірсымақтар әкелеріміз бен аналарымыздың көп бала тәрбиелеу жөніндегі ұстанымдарын ортаға салуды мәжбүр етіп отыр. Тарбағатай ауданы, «Ақжар» кеңшарының ауылында тұрған соғыс және еңбек ардагері, запастағы капитан марқұм Жақсыхан Әкежанұлы алпысыншы жылдары Покровка (қазіргі Маңырақ) ауылындағы үйімізге жиі келетін. Жақаң әкеммен әңгімелескен кезінде:
-Ауылдан соғысқа бірге аттанған жолдастарымның көпшілігі майданда қаза тауып, ошақтарының оты өшіп, шаңырақтары ортасына түсті, көпшілігінің артында ұрпақтары да қалмады деп қынжылып отырушы еді. Тегі ол майданда қаза тапқан ауылдастарының орнын толтырғысы келді ме, өзі де он бала өсіріп, тәрбиеледі. Жақсыхан аға ауылға келгенде үйімізде бас қосқан жеңгелеріміз бен көршілес әйелдердің атын атап, түсін түстеп: «Әй, қарағым, сен неге пәлен баламен тоқтап қалдың?, Бұларың дұрыс емес. Көсегеміз көгерсін десеңдер, дүниеге ұрпақ әкеліңдер» дейтін. Ауылдағы басқа ақсақалдардың аузынан да осындай аталы сөз шығып жататын.
Тарбағатайлық батыр ана, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер марқұм Қанипа Дарабаеваны қысқаша таныстыралық. 1919 жылы Семей губерниясының Өскемен уезіндегі Айыртау болысының №3 ауылында дүниеге келген апайымыз мұғалім, есепші, ауатком бөлімдерінің меңгерушісі, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы міндеттерін абыроймен атқара жүріп, он бала тәрбиелеп өсіріп-жеткізген-ді. Өзінің мейірбандығымен, тындырымды еңбегімен, қоғамдық жұмысқа белсенділігімен аудан әйелдерінің көшбасшысына айналған апайымыз баспасөз бетінде «Бала еңбек етуге бөгет болмайды» деп жазғаны әлі есімізде. Оның артында қалған балаларының барлығы дерлік саналы, білімді, еңбекқор болып өсіп, жапырағын жайған бәйтеректей бір тайпа елге айналып отыр. Апайымыздың атқарған осы еңбегі ерлікпен пара-пар емес пе?
Қанипа апайымыздың жолын жалғаған Кеңес Кенжалина, Зейтуна Искакова, Күпән Бөлекбаева, Қанипа Кәкімжанова, Сәбетсиял Ятайқызы еңбек етумен бірге он және одан да көп бала тәрбиелеп өсіріп, өркен жайдырды.
Зейнеткер Сіләмғазы Абзалбеков бірде Маңырақ ауылындағы ерлі-зайыпты ұстаздар Сәуле мен Амантай Құнапышовтар бес бала өсіріп, тәрбиелеп келе жатқанын айтқан еді. Сәуле үшінші баласын көтергеннен кейін, аурухана гинекологы: «Осы үш баламен тоқтағаның дұрыс. Өйткені сырқатың бар ғой. Енді бала көтерсең, сол сырқатың өміріңе қауіп төндіруі мүмкін» депті. Бірақ балажан Сәуле сырқаттығына қарамастан тағы да екі перзентті дүниеге келтіріпті. Міне, нағыз азаматтық, жанкештілік деп осыны айт! Қазір Сәуле де, оның балалары да дін аман. Бүгінде ол жұбайымен бірге Маңырақ ауылының мектебінде жемісті қызмет етуде.
Елімізде шаңырағын шалқыған шаттыққа бөлеген отбасыларының қатарынан Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылының тұрғыны Фатима Нұрмағамбетова мен Сабыт Қаршығаевты мақтан етіп келген едік. Осы ерлі-зайыптылар 18 бала (11 ұл, 7 қыз) тәрбиелеп өсірген екен. Әзірге елімізде бала-шаға саны жағынан бұл отбасынан асқан ешкім жоқ шығар деп жүргенімізде, бұл рекордты Семей қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Ольга мен Виктор Каныба қайталады. 13 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген бұл отбасына облыс әкімі Даниал Ахметов «Парыз» қоры арқылы микроавтобус сатып әперуге, баспана құрылысын салу үшін жер бөлуге көмек жасайтын болды.
Осы адамдардың бәрі де ұрпақтарымен арқаланып, соларды мақтан етеді. Оларды өсіріп-тәрбиелеудің қуанышын көрмесе, қиындығы мен кедергісін көріп жүрмегендерін алға тартады.
Демогафиялық құбылысты сөз еткенде, қалалық елді мекендерді айналып өте алмаймыз. Алдымен облыс орталығы – Өскемен қаласына келейік. Тәуелсіздік алғаннан кейін, қаланы ұлттық реңкке көшіруде біршама жұмыстар атқарылған. Оның алаңдары мен көшелеріне халқымыздың біртуар тұлғаларының есімдері қойылып, ескерткіштер тұрғызылған. Облыс орталығындағы қазақ халқы 2018 жылдың 1 қаңтарында 146,6 мыңға жетіп, қала тұрғындарының 42,9 пайызын құрады. Қалалықтардың дені жастар. Демек оның болашағы да алда.
Семей қаласы да көркейіп келеді. Мәселен, 1989 жылғы халық санағының қорытындысында ондағы қазақтардың үлесі 27,4 пайыз (86,4 мың) ғана болса, 2018 жылы 71,2 пайызға (маңымен қосқанда 247,2 мың) жетіп отыр. Осы салыстырмалы кезеңде қаладағы қазақ халқы үш есе өскен. Өзге ұлт өкілдерін қосқанда, қазір бұл шаһарда 347,3 мың тұрғын бар. Сонымен қатар облысымыздың шағын қалаларындағы жергілікті халықтың үлесі де арта түсуде. Мәселен, Зырян қаласында 1989 жылы 7,7 мың қазақ тұрса, қазір ол 13553-ке, Риддер қаласында 1989 жылы 3,7 мың қазақ тұрса, қазір ол 8543-ке өсіп отыр.
Қазақстанға 2050 жылға қарай әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарынан көріну міндеті қойылып отырғандықтан, халық саны жағынан да кем соқпауы керек қой. Халқымызда «Бір бала – жоқ бала, екі бала – жарты бала, үш бала – толық бала» деген сөз бар. Ал бала саны одан да асып жатса, нұр үстіне нұр.
Амангелді Жанахмет
Өскемен.