Қоғам

Толғанайға көмек қажет

Толғанайға көмек қажет

Бес жасар Толғанай Дауытованың ата-анасы қайырымды жандардан көмек күтеді. Балалардың церебралды салдануы (БЦС) ауруымен ауыратын Толғанайды емдеуге қомақты қаражат қажет.
Бұл дерт Толғанайға туа біткен екен. Қазір жасы бестен асқан балғын тәй-тәй басып, өз бетінше жүргенімен, оның қозғалысынан бір кінәраттың бар екенін аңғару қиын емес. Алайда, Толғанайдың ата-анасы қыздарының қазіргі жағдайына да шүкіршілік етіп отыр. Себебі, бұған дейін оның тіпті балдақпен қозғалуының өзі мұң болыпты. Енді Толғанай дертінен құлан таза айығуы үшін шетелге апарып, емдету қажет. Ал бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Ал Дауытовтар отбасының хирургиялық отаға қажетті мұндай ақшаны табуға қауқары жоқ.
– Қызымызды апармаған жер қалмады. Жергілікті медициналық орталықтардың да көмегіне жүгіндік. Олар мұндай ауыр дертке қатысты оталарды жасай алмайды екен, – дейді Толғанайдың анасы Гүлжан. – Біз церебралды сал ауруын емдейтін мекемелер Қытайда бар екенін біліп, қызымызды сол жаққа, Үрімші қаласына үш рет апарып келдік. Бұл емдеу курстарынан кейін бұрын балдақпен жүрген қызымыз өзі жүре алатын болды. Дегенмен, бес-алты рет қана аттай алады. Және оның өзінде де қатарынан бірнеше қимыл жасауға шамасы келмейді.
Толғанайдың анасының айтуынша, баланың басына діңгекті жасуша (стволовая клетка) қойылуы қажет. Ондай ауыр отаның құны арзан емес, 100 мың қытай юанін (2,5 миллион теңге) құрайды екен. Бұл – жол жүру құны сияқты өзге шығындарды қоспағандағы сома. Қос мұңлық – ата-анасы өздері ішіп-жемей, бар тапқан-таянғанын Толғанайдың аяғынан тік тұрып кетуіне жұмсаса да, қысқа жіп күрмеуге келер емес.
– Отағасы жұмыс істейді, ал мен төрт баланы бағып, үйде отырмын. Қазір мойнымызда 5 несие бар. Сондықтан банктер несие де бермейді. Енді барар жер, басар тауымыз қалмады. Бар үміт – кішкентай қызымыздың халіне бей-жай қарамайтын жомарт жандарда, – дейді Толғанайдың анасы.
Ота келер жылдың 9-ақпанына жоспарланыпты. Хирургиялық емшара Бейжің қаласының ең мықты ауруханаларының бірінде жасалмақ екен. Қытайлық дәрігерлер отаға қатысты ақшаны алдын ала төлеп, науқасты ертерек жеткізуді сұрап отыр. Ал ота сәтті жасалғанның өзінде сауықтыру кезеңі орта есеппен үш айға созылатын көрінеді.
Кішкентай Толғанай болса, ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарайды екен. Бала көңілі кіршіксіз. Аурудан құлан-таза айығып, қатарластарымен құлдырыңдап ойнайтынына сенеді.
Егер сауапты іс жасаймын, жас баланың қауіпті дерттен айығып кетуіне септігімді тигіземін деушілер болса, арнайы есепшот ұсынамыз. Дауытовтар отбасы жомарт жандардан көмек күтеді.

\”Қазпоштадағы\” есепшоттың нөмірі KZ 565630704AA0060343
Телефон: 8 (775) 173-03-55, 8 (705) 624-22-27.
Мекенжайы: ШҚО, Глубокое ауданы, Глубокое ауылы, Попович көшесі, 23-34.

Осы айдарда

Back to top button