ТОҚСАН ЖЫЛДАН СОҢ ТАБЫЛҒАН ЖӘДІГЕР
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Қазақ әлденеге ерекше сүйсінгенде немесе қатты таңырқаған шағында: «Апыр-ай! Мына жерге Алланың назары ауған екен!» деп жатады. Тау десе – асқақ-асқақ таулары, бау десе – бұйра-бұйра орманы бар, су десе – шалқып жатқан айдынды көлдері мен күркіреген өзендері бар Шығыс жеріне «Шынымен де, Алланың назары ауса ауған-ау!» демеске лажың жоқ.
Осы жерде: «Жері мұндай болғанда, елі қандай екен?» деген сауалдың өзінен-өзі туындайтыны да заңдылық. Иә, Шығыстан шыққан дарынды ұл-қыздардың арасындағы небір қарымды ақын-жазушыларды, таңдайына бұлбұл ұя салған жезтаңдай әншілер мен он саусағынан күй тамған небір дәулескер күйшілерді, сондай-ақ ғалымдар мен білікті дәрігерлерді, еңбек ерлері мен көзсіз батырларды, әлемге даңқы шыққан спортшыларды тізбектеп жазар болсақ тым тереңдеп кетеріміз сөзсіз.
Осы жұрт Халидиді біле ме екен?
Сондықтан бүгінгі әңгімені беріден қайыра отырып, шығу тегі әріде жатқан қазақ халқының, оның ішінде Шығыс өңірінің тарихын зерттеп, көрген-білген, естіген баяндарын қағазға түсіріп, сол замандағы алдыңғы қатарлы ғұлама ғалымдармен кеңесе келе бірнеше кітап етіп бастырған этнограф, ғалым, дінтанушы ғұлама, имам Құрбанғали Халидидің ХХ ғасырдың басында жоғалып кетіп, ХХІ ғасыр басталған тұста, нақтырақ айтсақ, 2005 жылы табылған еңбегі жайында баяндамақпыз.
Халидидің бұл еңбегі зерттеуші-журналист Айбек Тілеуханның құрастыруымен 2022 жылы «Исламның биографиялық сөздігі» деген атаумен Семей шаһарында жарық көріп отыр.
Құрбанғали Халидидің осы және «Тауарих хамса» атты еңбектерінде есімі құрметпен аталатын адамдардың бірі – Абд-аль Файз Қазани. Ол ХVIII ғасырдың 28-ші жылдарында Семей облысы аймағына келіп, ислам дінін алғаш насихаттаған имамдардың бірі әрі бірегейі. Оның ұлы Ғұбайдолла имам мен немересі Ғабдолла имам, шөбересі Дәуіт қазірет жөнінде де мол мағлұматты Халидидің ғылыми еңбектерінен табамыз. Дәуіт бабадан тараған ұрпақтары бұл күнде Көкпектіде, өсіп-өніп еліміздің өзге де өңірлерінде баянды ғұмыр кешуде.
Текті әулеттің қысқаша шығу шежіресін: «Дәуіттен – Ағзам, Ағзамнан – Сағидолла, Сағидолладан – Мұхамедолла» деп тарататын болсақ, бұл күндері Құдайдың берген ерекше қарым-қабілетімен, ғылым-білім саласындағы атқарған елеулі еңбектерімен қазақ халқын күллі әлемге паш етіп жүрген Ағзамов (Мұхамедолла) Мұқан ағамыз (суретте) ортамызда жүр.
Мұқаңдай ағамыздың ғылымдағы, спорттағы, кәсіпкерліктегі жеткен жетістіктері мен таудай табыстары кім-кімге болса да үлгі, өнеге. Ол кісінің өмірі мен өнері, ата-бабасы мен отбасы, жастық шағының қалай, қайда өткендігі жайында болашақта молынан ақпарат бере жатармыз.
Бүгін біз сөз етіп отырған Құрбанғали Халиди еңбегінің төрт тілде (шағатай, қазақ, ағылшын, орыс) жарыққа шығуына бірден-бір себепкер болып қаржылай да, шығармашылық жағынан да жан-жақты қолдау білдірген Мұқаңмен жолығып аталмыш кітаптың мазмұны мен тарихы жөнінде аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
– Бұл кітаптың авторы 1845 жылы өзіміздің Аягөздің Сергиополь (қазіргі Мамырсу) елді мекенінде дүниеге келген Құрбанғали Халиди деген адам екен. Бұл кісі әсіресе ислам дініне ерекше ден қойған, соны жан-жақты зерттеп-зерделеп бірнеше кітап жазған. Соның ішіндегі ең үлкен еңбектерінің бірі – «Тауарих хамса» деп аталатын кітап. Еңбектерінің барлығы шағатай тілінде жазылған. Құрбанғали 1770 жылдан 1912 жылға дейінгі аралықтағы «Шығыс Қазақстанның ислам тарихы» атты үлкен еңбек жазып қалдырған.
– Сонда бұл кісі қазақтан шыққан оқымысты болды ғой?
– Халидидің шыққан тегі шалақазақ дейді. 1926 жылдарғы патша заманындағы санақ бойынша шалақазақ деген ұлт болған екен. Қайсыбір кітаптарда «Шалақазақ дегеніміз әке жағынан ноғай да, арғы аталары Солтүстік Кавказдағы соғыстан қашып келген башқұрттар» деп жазылады. Енді бір деректерде, оларды қазақ даласына дін тарата келіп, қазақ халқынан қыз алысып, келе-келе сіңісіп кеткен татарлар деп те айтады.
Бүгін біздің сөз етіп отырған «Исламның биологиялық сөздігі» атты кітаптың авторы Құрбанғалидың шыққан тегін «Бұл өзіміздің қазақ!» деп иемденіп алмай, ноғай, яғни, татар деп қарастырғанымыз әділ болады.
Осыдан 152 жыл бұрын қазіргі Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысы тұтасымен, Қарағандының Қарқаралысынан бастап бірқатар ауданы Семейге қараған екен. Халиди өзі өмір сүрген уақытта сол Семей өңірінде қандай-қандай дін адамдары болды, олар нендей қызмет атқарды, діни білімдерін қай жерде алған, діни атақ-дәрежелері, лауазымдары қандай болған? Міне, осының барлығын ерінбей-жалықпай, қыс демей, жаз демей ел ішін аралай жүріп жинақтап қана қоймай, ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеген. Еңбек өте құнды.
Ғалым осы соңғы еңбегін 1912 жылы жазып бітіріп, 1913 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында қайтыс болады. Тарихтан білетініміздей, арада аз уақыт өтер-өтпесте Октябрь революциясы басталып, дүние астаң-кестең болады. Осындай алма-ғайып заманда бұл қолжазба жоғалып кетеді. Қолды болған құнды еңбекті іздейтін автор дүниеден озған. Өзге іздеушілер болды ма, болмады ма, ол жағы бізге белгісіз. Тіпті болған күннің өзінде не деп, қалай деп іздемек, қолжазбаның түпнұсқасы ізім-ғайым жоғалып кетсе?!
Алмас кездік қап түбінде жатпайды
Ал енді мына қызықты қараңыз. Қызық емес, ғажап деуге болады. Жоғалғанына 90 жыл болған осынау құнды еңбек, қайдан табылғаны белгісіз, 2005 жылы АҚШ-тың Бостон штатындағы баспалардың бірінен түпнұсқадағы шағатай және ағылшын тілінде кітап боп басылып шығады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір ғасырға жуық уақыт бұрын зым-зия жоғалып кеткен дүние табылып қана қоймай, кітап боп басылып шығады. Мұндайда біздің қазақ: «Алмас кездік қап түбінде жатпайды, ол күндердің бір күні бәрібір тесіп шығады» дегенді мақалдап жеткізген.
– Мынау расында да, ғажап жаңалық екен. Сонда ол қолжазбаны осы уақытқа дейін кім, қалай сақтап келген және екі тілде кітап боп шығуына қызығушылық танытып, қаржылай қолдау білдірген кімдер болды екен?
– Мен ол жағының анық-қанығын әлі біле алмай жатырмын. Дегенмен менің қолыма қалай тигендігін айтып бере аламын. Көкпектіде Қайрат Малғаждаров деген журналист інім бар. Бірде сол телефон шалып:
– Мұқа, маған Санкт-Петербордан бір материал келді, – деді.
– Ол неғылған материал? – десем.
– Оны өзіңіз оқып, көре жатарсыз. Ішінде сіздің аталарыңыз жайлы мәліметтер бар екен, – деп поштама салып жіберіпті.
Сөйтсем, осы кітап екен. Мен енді шағатайша оқи да, жаза да білмеймін. Содан азын-аулақ ағылшыншам бар, тіпті білмеген жерін сөздіктің көмегіне сүйене отырып, әйтеуір оқып, біраз мағлұмат алдым.
Енді бұл кітаптың ағылшынша мәтінін орысшаға аударту керек және аударма сауатты болуы тиіс. Содан, ақысы төленетіндігін ескертіп, аудармашыларға конкурс жарияладым. Ағылшын тілді бес аудармашының арасынан Қазақ-Американ Еркін университетінің шет тілдер кафедрасының меңгерушісі, бір орыстың келіншегі аударатын болды.
– Аудармашыға қандай талаптар қойылды? Мәтіннің көлемі қанша еді?
– Мәтіннің көлемі бар-жоғы 137 бет болатын. Мен конкурсқа қатысқан бес адамға екі беттен тұратын, мәтіні бірдей жазба бердім. Міне, мына мәтінді екі күннің ішінде орысшаға сауатты етіп аударыңдар! – деп. Содан сол КАЕУ-дың кафедра меңгерушісі конкурста жеңіп шықты. Аудармасы маған ұнады. Тілі жатық, сөйлемдері аса шұбалаңқы емес, жеңіл оқылады екен.
– Сонда сіз осы кітаптың ағылшын тілінен орысшаға аударылған мәтінінен бастап, құрастырушы редактор, безендіруші, корректордың еңбегі, т.б. барлық шығынын көтеріп ап тұрсыз ғой, солай ма?
– Иә, солай десек те болады. Себебі бұл кітапта жоғарыда айтқанымыздай: «Біздің Шығыс өңіріндегі Ислам дінінің қалай пайда болып, қандай жолдармен, қаншалықты дамыды? Оны сол заманда ел арасына насихаттаған кімдер, олар білімін қайдан, кім деген ұстаздардан алған?» деген секілді көптеген сұрақтың жауабын осы кітаптан алуға болады. Сосын дәл осы кітаптың 102 /44а/ және 125-ші /68а/ беттерінде менің аталарым Дәуіт молда мен Ғұбайдолла имам жайында мағлұматтар бар.
Онда автор: «Дәуіт молда Семейдегі әулие Камал ад-Динмен бірге оқыды, содан кейін Стамбұлға барып, әйгілі жазушы Ахмет Мидхат Эфендимен кездеседі. …Мидхат Эфенди мұндай сауатты адамның осындай провинцияда тұратынына таңғалғанын және біздің оны ешқашан кездестірмегенімізге өкініш білдірді (102.б./44а/)», – дей келе:
«Ғұбайдолла Семей өңіріндегі екінші имам болды. Ол Ибраһим Ахун қайтыс болғаннан кейін бас имам болып қызмет атқарып, 1900 жылы қайтыс болды. Адамдардың әңгімелеріне сәйкес, оның оқуы шектеулі болғанына қарамастан, кездесулерде керемет уағыздар айтқан адам». (125.б./68а/) – деп менің аталарым жайлы бірқатар мағлұмат беріп кетеді.
Иә, Құрбанғали Халиди тарихи оқиғаларды жинақтап қағазға түсірумен қатар халықтың тіршілігіне де назар аударып, салт-дәстүрін баяндайтын естеліктерін болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткен ізгі ниетті ғалым болып саналады.
Отаршыл саясат барынша белең алып, өңірге шіркеулер қаптап, қоңырауларын қаға бастағанда исламнан пана тапқан елдің нағыз қорғаны бола біліп, дінге бас бұрғызған, дін арқылы болса да білімге үгіттеген ғұлама имамдардың қызметіне баға беріп, аз да болса өмір жолдарынан мағлұмат жазған да бірден-бір ғалым Құрбанғали имам болса керек.
Бабаларымыз: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенде Құрбанғалидай елін, жерін, оның салты мен дәстүрін сүйіп, қасиетті дінін қастерлей білген еңбекқор, елжанды, оқымысты адамдарды айтса керек.
Бабалардың баға жетпес жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтай білу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.
Ендеше, құнды қазынамыздан көз жазып қалмайық, ағайын!