«Токамак» «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты экспонаты болмақ
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай Ұлттық ядролық орталықтың 25 жылдық мерейтойына орай, Курчатовта «Ғылыми-техникалық әріптестікке – 25 жыл: жетістіктер мен алдағы жобалар» тақырыбымен халықаралық конференция өткен-ді. Салтанатты жиынға Энергетика вице-министрі Бақытжан Жасқалиев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, АҚШ, Франция, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдерден өкілдер қатысты.
Айта кету керек, ширек ғасырда Ұлттық ядролық орталық көптеген жетістіктерге қол жеткізе білді. Мерейтоға байланысты құттықтау жолдаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ айтуынша, алдағы уақытта ғылымның, атомның озық саласының өрістеуіне қолдау көрсетіле бермек.
-Әлемдегі алпауыт мемлекеттер ішінде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тұңғыш рет адамзатқа апат әкелген ядролық сынақ полигонын жапты,-дейді облыс басшысы, -Қазақстан өз еркімен әлемдегі ең ірі төртінші ядролық қарудан бас тартты. Атап айтқанда, 1200 ядролық оқтұмсығы бар, 110 баллистикалық ракеталардан арылдық. Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат ел атанды. Бұл жұмыстардың барлығы «Ұлттық қасіреттен ұлттық мақтанышқа дейін» деген ұранмен жинақталуы да өте дұрыс.
Конференцияға келген шетелдік қонақтардың ішінде Әзірбайжан ядролық ғылыми-зерттеу орталығының төрағасы Әділ Гарибов сөз алып, осы 25 жыл ішінде Қазақстан қиындықтарға қарамастан ядролық сала бойынша әлемдегі ең озық ғылым иесі атанып отыр, деді. Бұдан соң Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, ғалым Эрлан Батырбеков пен ұжым қызметкерлеріне түрлі марапаттар, мақтау қағаздар, арнайы сыйлықтар табысталды. Қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде қарапайым халыққа ғылыми орталықтың жұмысын жақсы таныстыра білгені, бейбіт атомды насихаттап әрі түсіндіргені үшін «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Парасат» орденінің иегері Сұлтан Картоев «Ұлттық ядролық орталыққа – 25 жыл» медаліне ие болды.
Бас директор Эрлан Батырбеков мәлім еткендей, қазақ ғалымдары Елбасының бейбіт атомды дамыту тапсырмасына орай, ядролық энергетика саласындағы жаңалықтарды ғылыми ортаға дендеп енгізуде. Солардың бірі «Токамак» термоядролық материалтану реакторы-алдағы уақытта өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты экспонатының бірі болмақ. «Токамакқа» ең ірі алты ел қазір бірден қызығушылық танытып отыр. Ресей Федерациясы бірінші болып арнайы келісімшарт бекітпекші. Бұрынғы Семей полигоны ашық тәжірибе алаңына айналған. Бұл жердің 50 пайызы толық зерттелген. Ғалымдар радионуклидтердің адам мен жануар ағзасына тигізген кері әсерін әлі де қарастыруда. Осыған орай, жапондық әріптестермен жұмыстар бірлесіп жүргізілуде. Қазақстан-жапон ядрошылары «Фукусима» реакторына жаңа жабындыны бірігіп ойластырып жасап жатыр.
-Мен Ұлттық ядролық орталықта бірнеше рет болдым,-деді жапондық ғалым, реактор бойынша маман Масаки Накагава,-қазақстандық ғалымдардың біліктілігін жоғары бағалаймын. Біз енді «Фукусимадағы» апаттың алдын алатын реакторларды жетілдіре түспекпіз.
Жиын барысында мәлім болғандай, Ресейде жаңа заман реакторларын жасау қолға алынады. Осы үшін де бүгінгі жиынға бір топ ғалым келіпті. Қазақ ғалымдарынан үйренетіндері көп. Сондықтан жиын барысында Ұлттық ядролық орталық пен Ресейдің «Н.Доллежал атындағы ғылми-зерттеу және конструкторлық энерготехника институты» арасында келісімшарт жасалды.
ҰЯО-ға қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология институты жетекшісі Сергей Лукашенконың айтуынша, полигон аумағындағы 7,5 мың шаршы шақырым жердің әзірше 300 шаршы шақырымы өнеркәсіптік қолдануға жарамды деп танылды. 20 шаршы шақырымы пайдалануға мүлде жарамсыз. Қалған жерлер таза. 2021 жылы осы зерттеу жұмыстары толық аяқталады. Жергілікті атқарушы билік Курчатов қаласын ғылымы мен өндірісі қатар дамыған сәулетті қалаға айналдырмақ.
Раушан Нұғманбекова
Курчатов қаласы.