Қоғам

Тоғызқұмалақта тапқырлық бар

Назарбаев зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан дәстүрлі желілік спартакиада өтті. Онлайн форматта «PlayOK» платформасында ұйымдастырылған  шараға 22 мектептің өкілдері қатысты.

Төрешілер құрамында Қазақстанның Ұлттық спорт төрешісі Нұржан Қоңырбаев, тоғызқұмалақтан Жетісу облысының аға жаттықтырушысы Бауыржан Шурин бар.  Биыл олардың қатары тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсайыновпен толығыпты.
– Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналып, зият пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ ойынына қатысатын оқушыларымыздың саны артқаны – біз үшін командалық жеңіс, – деп атап өтті NIS-тің дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Бұл додаға Өскемен қаласындағы NIS мектебінен  төрт  оқушы қатысты. Солардың бірі – Төрежан Қалибекұлы. Ол   тоғызқұмалақты әкесінен үйреніпті. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындарын демалыста ойнау – бұл отбасында дәстүрге айналған екен.

– Желілік спартакиадаға мен биыл екінші рет қатысып отырмын. Қарсыластарымыз мықтылығын тәуір-ақ танытты. Біз де жеңісті бермеуге тырысып бақтық. Жалпы ойын болған соң жеңістің де, жеңілістің де болуы орынды, – дейді Төрежан. Жалпы биылғы  спартакиадаға зияткерлік мектептердің жүзге жуық оқушысы қатысып, бақ сынады. Байқау аясында #Тоғызқұмалақта тапқырлық бар бейнероликтер челленджі де өтті.

2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілген болатын.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button