ҚоғамМәдениетТОП

Тоғызқұмалаққа тоқсан ойыншы қатысты

Қызырбек Дүргінбайұлы

Танымы мен тарихы терең қазақтың ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ. Бұл ұлттық ойынның астарында ұлттың дүниетанымы мен мәйекті мәдениет жатыр. Байырғы бабаларымыз тоғызқұмалақ арқылы болашақты болжап, маусымдық ауа райының жай-күйін есептеп отырған. Ойын арқылы ой тереңіне бойлап, ғарыштық дүниетанымның жұмбағын шешкен. Бүгінгі ұрпақ тоғызқұмалақ ойынының терең құпиясын меңгермесе де, ойнау барысын жетік меңгергеніне куә болып қайттық.

Тоғызқұмалақ ойыны уақыт өткен сайын төрге озатын сынды. Оған дәлел атақты ғалым Сәрсен Аманжоловтың 120 жылдығына орай өткен тоғызқұмалақ сайысына тоқсан ойыншы қатысып, ұлттық ойында өздерінің озық екендігін көрсетті. Ұлан ауданында өткен ұлттық ойынға облыс аудандарынан және Қарағанды, Абай өңірлерінен ойыншылар  қатысты.

– Ұлағатты Ұлан жерінде өтіп жатқан тоғызқұмалақ сайысының Сәрсен Аманжоловтың 120 жылдық тойына орай өтіп жатуының өзіндік себебі бар. Жерлес ғалым Сәрсен Аманжолов 1936 жылы алғаш рет өзінің кітабында тоғызқұмалақ туралы жазған болатын. Оны ұлттық ойынға деген ғалымның құрметі, болашақ ұрпаққа қалдырған ғылыми мұрасы деп білген жөн. Сондықтан осы өлкеден болашақта мықты тоғызқұмалақ ойыншылары шығуы керек деп ойлаймын. Ойыншыларға сәттілік, жеңіс тілеймін, – деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Барысұлы.

Бәйгеден үміткерлер 9 жас және 11 жас, 13-15 жас аралығы бойынша қыздар мен ұлдар болып сайысқа түсіп, өзара үздіктерді анықтады. Жалпы тоғызқұмалақтың талас пен тартысқа толы ойын екендігін ойнағанда ғана түсінесің. Тіпті бір кездері ойыншылар айғыр үйір жылқысын, қоралы қойын бәске тігетін бәсі жоғары ойын болған екен. Бүгінгі ұрпақ бәс тікпесе де, интеллектуалдық деңгейін арттыру үшін көбірек ойнайтыны ақиқат.

– Мен ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты 4 сыныпта үйрендім. Содан бері ойнап келемін. Соның нәтижесінде республикалық сайыста 2019 жылы 3-орын, 2022 жылы 1-орын алдым. Бүгінгі ойында да жеңістен үміткермін. Мен бұл ойынды өзімнің интеллектуалдық ойлау жүйемді дамыту үшін көбірек ойнаймын. Өйткені бұл – тұнып тұрған математика, – дейді тоғызқұмалақ ойыны бойынша спорт шеберінен үміткер Еркін Ернар.

Осылайша, ойын соңында тоқсаннан топ жарғандар жүлделі орындарға ие болып, марапатталды. Ұлттық ойынның мақсаты – бабадан қалған құндылықты ұлықтап, ұрпаққа дәріптеу. Сондықтан біз мақаламызды ойын тарихы мен мазмұны туралы деректермен толықтыра кетуді жөн көрдік.

Ойынның тарихы

Қазақ «қойшының ойыны» деп атағаны болмаса, бұл ойынның тарихы қай ғасырдың арнасынан бастау алып, басқа кімдер ойнағаны белгісіз. Кейбір деректерде тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар деп айтылады. Бәлкім, одан да ары болуы бек мүмкін. Қазіргі қолда бар ең көне деректердің бірі – Тараздан табылған тоғызқұмалақ тақтасы. Тараздағы қазба жұмыстары кезінде Х-ХІІ ғасырларға жататын Өрнек қаласынан тоғызқұмалақ тақталы тас табылған. Тағы бір тоғызқұмалақ тақталы тас Алматы облысы Түлкібас ауданынан табылған. Бұлар – тоғызқұмалақ ойынына қатысты табылған алғашқы археологиялық деректер.

Ал тоғызқұмалақ жайлы тілдік ұғымдарды халық арасынан көптеп кездестіруге болады. Бұл ойынның «қойшының ойыны» деп аталуының себебін анықтайтын сүбелі сөз тіркестері баршылық. Ойындағы әр жүрісті малдың бағымы мен бабына қатысты атаған. Мысалы, әр құмалақты отаудан қозғарда «Май жалаттым», «Қой телідім», «Сиыр желіндеді», «Қосақ тіркедім» деген сияқты шаруашылық жайымен байланыстыра атаған.

Кез келген мәдениет пен өркениеттің дамуы тіршілік тетігімен байланысты екенін ескерсек, уақыт өте келе тоғызқұмалаққа қатысты толғамды ойлардың біразы ұмыт қалған болуы мүмкін.

«Тайыншадан» басталады

Ойыншылар әр ойынды философиямен астарлап, тарихпен тамырластырып, этнографиямен байланыстырған. Осы кезде ойын тақтасындағы құрылымдарды әр өңір әртүрлі атайтын жағдай кездеседі. Бір өңірде құмалақ жиятын жерді қазан десе, кейбір өңірде оны отау дейтіндер де болған. Ал тоғызқұмалақтың бес, жеті, тоғыз отаулы болуы – ойыншының деңгейіне байланысты қалыптасқан үрдіс. Өйткені ойын барысында ауа райын айтып, болашақты болжаған ойыншы «ойын төресі» атанған. Мысалы, бес отаулы тақтамен ойнайтын ойынмен мал жайын, жеті отаулы тақтамен ауа райын, тоғыз отаулы тақтамен болашақты болжап ойнайтын болған. Тіршіліктің тамырын малмен байланыстырған бабаларымыз ойынның да өлшемдік атауын төрт түлікке қатысты атапты. Мысалы, бес отаулы тақта – тайынша ойын, жеті отаулы тақта – жылқы ойын, тоғыз отаулы тақта – атан ойын деп аталған. Осылайша тоғызқұмалақты тайынша ойынынан бастап үйрену қалыптасқан. Мәселен 5, 7, 9 отаулы үш түрдегі ойын тақталарының өзіндік ережесі, атқарар міндеті, шешер жұмбағы болған. Бес отаулы тақтаға тоғыздан құмалақ әзірлегенде он отауға тоқсан құмалақ салып ойнап, бір маусымның тоқсан күніне таласу арқылы ойыншылар осы маусымдағы ауа райы, малдың жай-жағдайын есепке салады екен. Ал жеті отаулы тақтаға бір жағына алпыс үш құмалақтан, жиыны 126 құмалақ салып ойнаған. Бұл ойында амалдар мен тоғаулар арқылы алдағы ауа райын болжаған. Тоғыз отаулы тақтаның бір жағына тоғыздан 81 құмалақтан, он сегіз отауға 162 құмалақ салып ойнаған. Тоғыз отаулы тақта арқылы нағыз ойыншылар ойнап, тағдырдың түйінін шешкен.

Сонымен қатар тоғызқұмалақ тақталарының да атқаратын міндеті мен шешер жұмбағына қатысты атаулары болған. Олар «үндемес», «көзтимес», «құлақ естімес», «көкпен үндес» деп аталған. Үндемес тақтасы арқылы қарапайым ойыншылар ойнаса, құлақ естімес тақтасы арқылы табиғаттың тілін білетін ойыншылар ойнаған. Ал көзтимес тақтасы арқылы жаратылыстық құбылыстар мен адамдардың болашағын болжай алатын әккі ойыншылар ойнаған екен. Көкпен үндес тақтасымен жұлдыздың сырын, Тәңірдің тілін білетіндер ойнапты. Міне, біздің бабалар ойынға да ойлы көзбен қараған.

Бұл ойынды бабаларымыз адам ойының кемелденуімен де астастырған көрінеді. Мысалы, бес отаулы ойындағы 45 құмалақты – «Ердің жасы», жеті отаулы 63 құмалақты ойынды – «Пайғампар жасы», тоғыз отаулы 81 құмалақты ойынды – «Құдай берген қарттың жасы» деп те атаған. Бұл ойынның күрделілігі мен философиялық жұмбағына қатысты шыққан атау болғандығы сөзсіз. Өйткені алдағы ауа райы мен болашақты болжау үшін де өмірдің сүрлеуінен өтуің заңдылық.

Жүз құмалақ ұтылсаң –  қоралы қой

Заманына сай ойынды ойнаудың да заңдылығы, елге белгілі ережесі болған. Ойынның бастаушысы мен қостаушысы бар. Бүгінгідей кубик иірмей-ақ, құмалақты шертіп шеңберге түсіру арқылы ойынның бастаушысын анықтаған. Бір дана құмалақты алып аспандатып шертіп қалғанда кімнің құмалағы қазанға дәл түссе, сол ойынды бастаған. Ал құмалақты аспандата  шертерде «Ау, бәле, аспанда құмалақ, сөйлерсің бір ғажап» немесе «Ақ сөйлеп, әділ бас», «Құмалақ емес, қырық бір шөптің басы, әулие-әнбиелердің дұғасы» деген тілектер айтқан. Ойынды бастарда әр ойыншы өзінің іштей стратегиялық жоспарын жасайды. Қазақы дүниетанымдағы ырыс-құт деген ұғымды негізге алып отауға бір құмалақ қалдырып отырады. Отауға құмалақ қалдырғанда «Май тастадым» немесе «Қор тастадым» дейді. Ал екі құмалақ отауда тұрса «Қосақ» немесе «Қоспа қостым» дейді. Үш құмалақ болғанда «Сиыр желіндеді» немесе «қой желіндеді» деп, бір құмалақты отауда қалдырып, екі құмалақты алып, екінші отауға көшіреді. Екінші отауда да көшіп барған құмалақпен солай үшеу болса, екеуін алып отырады. Жүруші байқамай отаудағы құмалақ санын төрт құмалаққа шығарып алса, қарсы жақ байқап отырып, «Арамза туды» деп, түкіріп үш құмалақты алып алады да, өз отауына салады. Қарсы жақ әлгіндей «Арамза туғанды» ұтып алып өз отауына салғанда, отауындағы құмалақ алтыға жетсе «Қора толды», жеті құмалақ болса «Ел көрді», сегіз құмалақ болса «Құдай берді» деп, тоғызға барғанда отаудың бетін жауып қояды. Бұл «Отау толды», «Отау байыды» дегені. Ойыншы жоғарыдағы түкіріп алынған қоспа жиналған отауды әрбір жүрісте аттатып отырады. Ол отауға құмалақ тастауға болады, бірақ құмалақ алуға болмайды. Егер қарсы жақ ол отаудан байқамай құмалақ алып қалса, «Сұғанақ» болдым деп өзінен үш құмалақ ұттыруы керек. Бұл кеткен үш құмалақ «Қуғын» немесе «Ауыс» деп аталады. Ойын соңында ұтылып қалса, жауып қойған отаудағы тоғыз құмалақ екінші жаққа түгелдей «Олжа» немесе «Жеңіс» болып беріледі. Бұл – ойынның байырғы бабалардан қалған бір шарты.

Ойындағы жеңімпазды анықтау қазандағы құмалақ санымен өлшенеді. Өз отауыңа тиесілі құмалақтан бір құмалақ артық ұтсаң – лақ, қозы; екі құмалақ артық болса – ешкі, қой; үш құмалақ артық ұтсаң  – қозылы қой; төрт құмалақ артық ұтсаң – ірі қара; бес құмалақ артық ұтсаң – жетегімен жеті жылқы жеңісің үшін аласың. Ал қарсыластан басым түсіп қазаныңа жүз құмалақтан артық жинасаң «Айғыр үйір», «Тоғыз тоғанақ», «Қоралы қойын» аласың. Ойын барысында қазаның құрғақ қалса, «Қатын өлген» атанып, одан кейін бұл ойыншымен ойнамауға уәде бересің. Міне, «уәде құдай сөзі» деген көшпенділердің ойындарында да осындай қатал заңдылықтары болған.

P.S.:   Тоғызқұмалақ ойыны туралы тарқатылмаған түйін, айтылмаған анықтамалықтар әлі де бар екені анық. Әлемнің көптеген елдері мен ұлттарында тоғызқұмалақпен аты да, заты да, ойнау ережесі де ұқсас ойындар бар. Осыған қарап-ақ, ойынның ғасырлар бойғы адамзат мәдениетімен мәйектес екенін көруге болады. Соның ішінде көшпенділер ойын арқылы ойлау жүйесінің биігіне көтерілгенін көреміз. Қысқасы, тоғызқұмалақ ойыны – байырғы бабаларымыздың қой да баққан, ой да баққандығының бір дәлелі.

 

Осы айдарда

Back to top button