Қоғам

Тоғыз жүз спортшының ішінен топ жарды

Семейлік полицей кикбокстан өткен Әлем кубогы үшін жарыстың қола жүлдегері атанды. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Белгілі болғандай, Түркия астанасы Ыстамбул қаласында өткен байрақты бәсекеге әлемнің 45 елінен 900-ге жуық спортшы қатысып, бірнеше салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтаған. Олардың ішінде шығысқазақстандық саңлақтар да аз емес еді. Соның бірі – Семейдегі жедел әрекет ететін арнайы жасақтың инспекторы, полиция лейтенанты Саят Тұрысбеков болды.

Төрт күнге созылған додада жерлесіміз 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскенін айту керек. Саят жаһандық бәсеке барысында өз салмағындағы қарсыластарының түгелдей дерлігін сенімді жеңіп, жүлделі үшінші орыннан көріне білді.

Осы ретте айта кетер жайт, бұл жолғы Әлем кубогы үшін жарыста еліміз бен Шығыс Қазақстан облысының намысын бес бірдей спортшымыз қорғаған болатын. Солардың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижені Саят Тұрысбеков қана көрсете білді.

Қалалық полиция басқармасынан хабарлағандай, Саят кикбокспен 10 жасынан бері шұғылданып келеді және осы аралықта талай байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрініп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. Қазіргі уақытта Тұрысбековтің еншісінде Әлем кубогы үшін жарыстың қола жүлдесінен бөлек, 2014-2017 жылдардағы жаһан біріншіліктерінің алтын медальдары да бар екенін ерекше атап өткен орынды. Ол сонымен қатар 2015 жылғы Азия чемпионы деген атаққа ие.

Еске салайық, осыдан біраз бұрын жерлесіміз елордада жалауы желбіреген республикалық чемпионатта да қарсылас шыдатпай, кезекті мәрте тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. Астанада өткен жарыс соңынан Саятқа ұйымдастырушылар тарапынан екі бірдей жүлде – ересектер мен жастар арасындағы чемпионаттардың кубоктары табысталды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button