Төте бұрылыстар саны артады

Алдағы уақытта Өскемен көшелеріндегі көлік кептелісін азайту мақсатында бірқатар шаруа қолға алынбақ. Атап айтсақ, өткен жылдары басталған көше қиылыстарында төте бұрылыстар салу жұмыстары биыл да жалғасатын болады.
– Бұрылыстар салу жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табады. Тізімді әзірлеу барысында ең алдымен менің және қала әкімдігінің аккаунтында тұрғындар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері негізге алынды, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Оның айтуынша, биыл Қазақстан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында («Қазақтелеком» тұсынан), сондай-ақ Мыза мен Қазақстан, Протозанов пен Қабанбай батыр, Қабанбай батыр мен Новаторов (екі бұрылыс) көшелерінің қиылыстарында бұрылыстар пайда болмақ. Сонымен қатар мұндай төте жолдар Шәкәрім және Абай даңғылдарының, Абай даңғылы мен Путевая көшесінің, Сол жағалау емханасынан шығар жол (Булатов емханасы) мен Сәтпаев даңғылының және Сәтпаев даңғылы мен Өтепов көшесінің түйіскен тұсында салынады деп жоспарлануда.
Сәрсен Қабылым