Қоғам

Төртінші тоқсанда қалай оқимыз?

2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсаны да басталды. Еліміздің Бас мемлекеттік  санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бұл тоқсанда оқушылар аралас форматта білім алатын болады.   Оқу форматындағы өзгерістер туралы облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, өңірімізде үшінші тоқсанды дәстүрлі форматта және қашықтан  193 212 оқушы  аяқтаған.  43 мың оқушы дәстүрлі форматта, ал  150 мың оқушы қашықтан және аралас форматта білім алыпты.  Ал наурыздың 25-сінде  еліміздің Бас  мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Жаңа қаулыға сәйкес тәуекелі төмен және орташа аймақтарда орналасқан  жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы бала санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат берілген.  Осыған сәйкес оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Пәндердің бір бөлігі дәстүрлі және келесі бөлігі қашықтан  өтеді. Ал 300 орынға  дейінгі шағын мектептің барлығы дәстүрлі форматта жұмыс істейді. Сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы тиіс.  «Бір кабинет – бір сынып» қағидасы қатаң сақталуы керек. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Тек ерекше жағдайларда, яғни оқушы   ауырған  немесе науқастармен байланыста болған  жағдайда  ата-анасының өтінішімен қашықтан білім алуына рұқсат етіледі.

-Барлық мектептер 1-ден 11-сыныпқа дейінгі  оқушыларды қабылдауға әзір. Мектептердің барлығы тазалық құралдарымен жабдықталған. Оқушылардың бір жерге топталып қалмауы үшін  сыныптарға  үзілістер де  әр уақытта ұйымдастырылады, – дейді С.Жұмаділова.

Облыстық білім басқармасының басшысы сондай-ақ министрліктің дайындаған әдістемелік ұстанымдарына да тоқталып өтті.  Әр білім беру ұйымы қашықтан немесе штаттық режимде пәндер бойынша оқытудың ауысымдылығын  мектептегі нақты жағдайға  байланысты өздері реттейді. Бір ауысыммен оқи ма,  әлде екі ауысымға көше ме  оны да мектептің  өзі шешетін көрінеді. Министрлік  музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері,  графика, кәсіпкерлік қызмет пен бизнес негіздері секілді пәндерді қашықтан оқытуды ұсынады. Сонымен бірге денешынықтару және спорт сабақтарын  ашық ауада өткізуге кеңес береді.

Білім басқармасының басшысы  каникул кезінде оқушылардың білім сапасындағы олқылықтарды толықтыру бойынша  біршама жұмыстар атқарылғанын айтты. Бұл жұмыстар ары қарай  да жалғасын табатын болады.  Осыған байланысты  білім басқармасы аймақтағы  педагогтарды даярлайтын университеттермен, педагогикалық колледждермен арнайы жұмыс жоспарын жасаған.  «Бір студент – бір оқушы» қағидаты бойынша  үлгерімі төмен оқушыларға  осы оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтардың биылғы бітіретін студенттері  бекітіліп берілген.  Яғни, олар оқушыларға консультативті көмек көрсетеді.

Төртінші тоқсанда оқушылар мектепке қандай киім киеді? Облыстық білім басқармасының басшысы «оқушы мектепке   өзіне ыңғайлы, таза киіммен келсе болды» дейді. Төртінші тоқсан үшін арнайы форма алып, шығындалудың қажеті жоқ.

Мектептегі асханалардың жұмысы да қадағалауға алынып, тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа қабылдау  басталады. Болжам бойынша, келесі жаңа оқу жылында  21 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттайды. Қабылдау электронды форматта жүргізеледі.

Сондай-ақ бас педагог  9-11-сыныптардың қорытынды аттестациясы қалай өтетіні жайлы да айтып өтті. Биыл 16 мыңнан астам оқушы 9-шы сыныпты, 9 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіреді.

Онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы орта мектепте болған келеңсіз жағдайға байланысты облыстың  сантиралық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев қысқаша ақпарат берді.  Оқырманның есінде болса, наурыздың 18-інде аталған мектепте балалар жаппай астан уланған  болатын.  Соған байланысты үшінші тоқсанның соңғы бір-екі күнінде мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшірілген-ді.  Мектепте барлығы 127  оқушы астан уланса, 343 адам  қатынаста болған. Уланғандардың жартысынан көбінің талдауларынан дизентерия қоздырғышы, гастроэнтерин анықталған. Департаменттің эпидемиологтары әлі де жұмыс істеуде.  Осы іске байланысты  қылмыстық іс те қозғалыпты.

Бірақ Қанат Тұрдиев іс мектептегі асхананың жұмысын ұйымдастырушы жеке кәсіпкерге байланысты қозғалып отырғаннан кейін  біраз нәрселерді ашық айта алмайтынын жеткізді. Тек қылмыстық іс біткеннен кейін  жария етілетін болады.

-Қазіргі таңда  жағдай жаман емес, Өскемен қаласындағы Ана мен бала  орталығына жатқызылған 67 баланың 47-сі жазылып, үйіне оралды. Жағдай  облыс әкімінің, жауапты басқармалардың тікелей бақылауында, – дейді Қанат Тұрдиев.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button