Денсаулық сақтау

Төрт сағатта 400-ден астам адамды қабылдады

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында ұйымдастырылған ашық есік күні он үш адамда обыр дертіне күдік,  42 азаматта рак алды ісіктер және онкологиямен байланысты емес басқа ауруларға189 күдік анықталды. Жергілікті онкологтар төрт сағаттың ішінде 400-ден астам адамды қабылдады.

Орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексерілуге тек өскемендіктер ғана емес, маңайдағы Глубокое, Ұлан аудандарынан, Шемонайха, Алтай, Риддерден де келіпті,  отбасыларымен келгендер де бар.

Тұрғындарға түрлі бейіндегі жоғары білікті онкологтардан, клиникалық бөлімшелердің меңгерушілерінен емхана дәрігерлерінің жолдамасынсыз тегін кеңес алу мүмкіндігі берілді. Мамандар келушілерді жай қарап қана қоймай, әртүрлі тексерулер жүргізді. 33 адамға УДЗ жасалып, онкоцитологияға 79 анализ алынған. Соның нәтижесінде бірнеше адамға қатерлі ісікке күдік және обыр алды ісіктері сияқты диагноздар қойылды. Енді олар орталықтағы жоғары технологиялардың көмегімен дерттерінен құлантаза айығып та кете алады.

Келушілердің көп болатынын болжаған ұйымдастырушылар сол күні үйлестірушілер үшін де, шартты түрдегі пациенттер үшін де қолайлы жағдай жасапты. Азаматтарға кәдімгі талондардың орнына онкологтардың бейініне қарай белгіленген түрлі-түсті талондар берілді. Әр кабинеттің есігінде дәрігердің бейініне сәйкес келетін түсті шарлар ілініп тұрды. Үйлестірушілер әр пациентті қажетті дәрігердің кабинетіне дейін ертіп апарды.

–Осы жолы келушілердің арасында жиырма жас шамасындағы жастар өте көп болды. Отбасыларымен келгендер бар. Әдетте қырықтан асқандар, зейнет жасындағылар жиі келетін. Тексерілуге келген, өзі де дәрігер бір келіншекті кішкене баласы мен күйеуі тосып отырғанын көрдім. Тұрғындар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарай бастағаны қуантады, – дейді мамандардың бірі.

Тіпті ресейлік азаматтарды да қабылдапты. Магаданда тұратын ерлі-зайыптылар Өскеменде тұратын балаларына қонаққа келген беттері екен.

–Мен онколог мамандардың қабылдайтыны туралы хабарландыруды кездейсоқ көріп қалдым. Жұбайымыз екеуіміз де қаралуға келдік. Жолдасымның қан қысымы бірнеше күннен бері көтеріліп, мазасызданып жүрген. Біз білікті маман Ибраевтың қабылдауында болдық. Бізге кішіпейілдік танытып, сөзімізді мұқият тыңдады. Медбикелер күйеуімнің қан қысымын да өлшеп, дереу дәрі де берді. Бір тиын да төлеген жоқпыз. Сақтық шаралары сақталған, барлығы маскамен жүр. Өскемендік дәрігерлерге деген алғысымыз шексіз, – деген ризашылығын жеткізді ресейлік азаматша.

COVID-19 пандемиясы жағдайында өткен  іс-шара кезінде әлеуметтік қашықтық, қолды өңдеу, термометрия сияқты эпидемияға қарсы шаралар қатаң сақталғанын ескерткіміз келеді. Ауаны залалсыздандыратын бактерицидтік қондырғылар жұмыс істеп тұрды. Маскалары жоқ адамдарға бетперделер таратылған. Ал медбикелер қажетсінген адамдардың қан қысымын өлшеп берді.

Кәмал Естай

 

 

Осы айдарда

Back to top button