Қоғам

ТӨР АЛТАЙДА ЭТНОМУЗЫКА әуеледі

   Катонқарағайда болып өткен халықаралық аламан айтыс  кешкісін “Balkaragai tunes” (Балқарағай сазы) атты этномузыкалық фестивальге жалғасты. Атап өтпеске болмас, Мұндай  фестиваль ауданымызда тұңғыш рет өтіп отыр. Десе де ұйымдастырушылардың айтуынша, бұдан былай фестиваль ауданымызда  жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

«Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен әрі демеушілік етуімен  өткен бірегей музыка кешінде елімізге танымал мәдениет қайраткері, композитор,  мультиинструменталист этномузыкант, бүгінде Катонқарағай ауылында жергілікті мектептердің оқушыларын музыкаға  баулып жүрген Еділ Құсайыновпен  бірге сонау Ресейдің Тува елінен «Одучу» тобы мен Туваның еңбек сіңірген әртісі, этникалық музыка жанрындағы танымал әнші Сайзан Сюрюн мен Алматыдан келген можерн-джаз бағытында өнер көрсетіп жүрген  «Steppe sons» өнерпаздар ұжымы қатысып, жиналған қалың қауымды түркі халықтарының  таңғажайып  музыка әлеміне бөледі.

Жалпы, аталмыш фестиваль – Алтай қазақтарының мұрасын, түркі тілдес халықтарының тарихы мен мәдениетін жандандыруға арналған  айрықша іс-шара.

– Бүгін абыздар мен алыптар туған қасиетті Төр Алтайдың  топырағында, киелі Катонқарағайда «Balkaragai tunes» деген атаумен ерекше мәндегі  этномузыкалық фестивалімізді ашып отырмыз.  Осы жерде тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан, биыл фестивальдің аясы соншалықты ауқымды емес. Келесі жылы бірнеше күндер бойы өтетін ауқымды іс-шараға айналдырамыз әрі бұл фестиваль жыл сайын өтіп отыратын дәстүрлі музыкалық мереке болмақ. Онда жан-жақтан ағылған көптеген музыканттар мен топтар өз өнерлерімен көрермендерді тамсандыратын болады.

Бүгін біз алдарыңызда тувалықтар мен қазақ халқының, бір сөзбен айтқанда, түркі тілдес ағайынның  музыкасын орындаймыз.  Өнеріміз бір, түп тамырымыз бір, өйткені  бәріміз де  осы  Алтайдан шыққанбыз. Сондықтан болар, фестивальді әдейілетіп  осы жерде өткізіп отырмыз. Концертіміз үзіліссіз өтеді, яғни, әңгіме айтып уақытты алмаймыз, себебі сөздің көкесін айтыста тыңдап, барынша қанық болдыңыздар. Біздің кеште басынан соңына дейін тек музыка ғана болады.  Сондықтан, бүгінгі кештен барынша жағымды әсер алып, рухани байып қайтарларыңызға сенімдіміз,– деді  фестиваль шымылдығын ашқан музыкант Еділ Құсайынов.

Бұдан кейін алыс-жақыннан жеткен, әрбірінің өз елінде, шетелдегі  әнсүйер қауым арасындағы абырой-беделі таудай, түркі халықтарының этникалық музыкасын насихаттаушылар ортасында  ойып тұрып орын алатын  сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздар орталық стадионға  жиылған халықты бір жарым сағат  этникалық музыка өнерінің тұнығына шомылдырды.

Фестиваль қатысушысы Туваның халық әртісі  Сайзан Сюрюн мен «Одучу», «Stepp sons» топтары  мен Еділ Құсайынов тува мен қазақтың музыкалық фольклор қоржынындағы бірнеше танымал туындыларды сыбызғы мен сазсырнай, домбыра мен қобыз, дауылпаз бен гитарада өздерінің сүйемелдеуімен  заманауи нақышта өңделген нұсқаларын  қосыла шырқап, сондай-ақ бірнеше көмеймен айтылатын әндерді де орындап, көрермендерге естен кетпес өнер  кешін  сыйлады.

Фестиваль соңында өнерпаздардың саф өнерін жақыннан көргісі келген жұрт сахнаны қаумалай       жақындап, бір кештің аясында  жүректерін жаулап алған әртістерді ұзақ уақыт бойы сахна төрінен жібермей, қошеметтерін жаңбырдай жаудырды. Жиылған халықтың өтінішін ескеріп, өнерпаздар тағы да бір-екі әндерін орындап берді.

– Біз  этноджаз, бүгінде «альтернатив фольк» деп аталатын музыка жанрында өнер көрсетеміз.  Бұл барлық  жанрлардың қосындысы деуге болады.  Шығысқа, оның ішінде Катонқарағай жеріне алғаш рет табан тіреп отырмыз. Біз осындай фестивальдер мен түрлі іс-шараларға қатысамыз. Көбінесе шетелде жүреміз, Қазақстанда мұндай фестивальдер енді ғана дамып келе жатыр. Шетелде Словения, Австрия, Италия, Мәскеуде болдық. Сол жерлердің фестивальдеріне қатысып, өнер көрсеттік. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында «Құлагер» спектаклінде өзіміздің музыкамызды жазған болатынбыз. Спектакль біздің музыка арқылы қойылады. Бастан-аяқ біз сүйемелдеп отырамыз. Бізде 30-дан астам қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары бар. Домбыра, сыбызғы, үрмелі, ұрмалы аспаптарымыз бар. Солардың барлығының қосындысынан  музыкалық композиция жасаймыз.

Келесі жылы да шақырту алып жатсақ, міндетті түрде  келетін боламыз, – деді «Stepp sons» тобының жігіттері.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button