Қоғам

«Төр Алтай жырлайды…»

Мейрамтай Иманғали

 «Төр Алтай жырлайды…». Өскеменде осындай атпен тамаша бір поэзия фестивалі болып өтті. Ақындықтың ақ туын аспандатқан биылғы  поэзия фестивалі  Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың 150, заңғар жазушы М.Әуезовтің 125 және  Әзілхан Нұршайықовтың, Сырбай Мәуленовтің, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына арналды.

Жыр мерекесі ақындықтың алып тұлғасы Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.  Алатаудың етегіндегі әсем қала Алматыдан Өскеменге арнайы  келген  Әлібек Асқаров,  Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Бабажанұлы, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қаламгерлер   ұлы ақынның рухына тағзым етіп, бас иді. Бұдан кейін келген қонақтар Шығыс Қазақстан Өнер музейіне ат басын тіреп,  есімі республикаға ғана емес, шетелге де кеңінен танымал суретші Алпысбай Қазығұловтың «Уақыт сәулесі» атты көрмесін тамашалап, осында жиналған оқырман қауыммен жүздесті. Бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуы, жаңа шығармалар, өңір әдебиеті туралы жан-жақты сұхбаттасты.

Ал түстен кейін жырсүйер қауым асыға күткен поэзия фестивалі басталды. Залда жиналған қауымды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Ахметжанов құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған іс-шараға өңірдің  қырыққа жуық жас ақын-жазушылары қатысып, ел мен жер тарихы, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері туралы шығармаларын  ұсынғанын,  өңіріміздің бірнеше жас қаламгері Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өткенін сүйіншілей жеткізген басқарма басшысы:

– Ең бастысы  – Шығыс Қазақстан өңірінде поэзия мерекесі, өлең мен өнер мерекесі өткізіліп, ақын-жазушыларға қолдау көрсетіліп жатыр, – деді.

Облыста жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы  аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен  2018 жылдан бері «Абай әлемі» жобасы іске асырылуда. Өңірдегі ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңес құрылыпты. 2021 жылдан бастап осы жоба аясында 69 атаулы кітап 158 189 данамен басылып шыққан екен. Жарық көрген кітаптармен облысқа қарасты кітапханалардың қоры толықтырылуда.  2021 жылғы басылымдар Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Өткен жылы өңір қаламгерлерінің 18 кітабы 9 мың данамен жарық көріпті.
Ал биыл  жобаны жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 30 миллион теңге қаражат бөлініп отырған көрінеді.  Биыл Ұлы жазушы М.Әуезовтің 125 жылдығы аясында жазушының еңбектері, шығармашылығы екі кітап болып қайта жарияланбақ. Бұдан бөлек аталған жоба аясында 12 автордың 13 кітабын барлығы 6500 данамен  шығару жоспарланып отыр.
Поэзия фестиваліне қатысушыларды жерлес ақын, жақында ғана «Алаш» әдеби сыйлығын еншілеген Бақытжан Райысова да құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Ардақты алтын қалам иелері, арысы адамзаттың бесігі, берісі күллі түркінің ата жұрты болып саналатын Алтын Алтайға қош келдіңіздер. «Қонақ құт әкеледі» дейді қазақ. Келген қадамдарыңызға гүл бітіп, жүрген жерлеріңізге құт дарысын, – деген ақын  жыр кешіне жиналған қауымға «Ахметтің монологы» атты өлеңін оқып берді. Сондай-ақ  ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин де жиналған қауымға өлеңнен шашу шашты.

Есімі  Алаш жұртына таныс айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Серік Құсанбаев ағамыз  «Арыстарды аңсау» атты өлеңімен поэзия фестивалін бастап кетті. Ақынның отты өлеңі залдағы жұртты ұйқысынан оятқандай селт еткізді.

…Қиянаттың мұзы қарып табанды,

          Сансыз сауал солқылдатты санамды.

          Сын сағатта сыр бермеген сырттандар,

          Болбыр ұрпақ білер ме еді бағаңды.

          Даудан сақтап қаламын деп далаңды,

          Жауларыңа жыртқызбадың жағаңды.

          Зығырданым қайнап кейде еске алам,

          Заңғарымды зар илеткен заманды.

          Көкбөрідей көкке қарап ұлимын,

          Аңсағанда арлан мінез бабамды…
Сондай-ақ  газетіміздің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі, белгілі ақын Хасен Зәкәрияның   «Асылдары Алаштың» өлеңі мен М.Әуезовке арналған «Темірқазық» өлеңі де өз тыңдарманын бейжай қалдырмады.

Жол бастаған ағаларынан жастар да қалыспады. Әскерхан Ақтай, Олжас Керейхан, Дәулеткерей Жекейұлы, Мұратхан Кенжехан, Құндыз Тасқынбек, Дана Исағұлова, Оразай Жеңісұлы, Естай Жаңабай сынды жас ақындар жырдан бұлақ ағызып, тыңдарман құлағын бір қандырғандай болды.

Осынау поэзия фестивалінен өңірімізде жас ақындардың жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқанын байқап, қуанып қалдық. Іздену жолынан таймаса, олардың қазақ поэзиясынан өз орнын алары да сөзсіз.

Поэзия кешінің соңында жыр кешіне қатысқан ақындардың барлығы арнайы сертификат пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ ақын Дәулеткерей Кәпұлы ақын Әлібек Қаңтарбайұлын 75 жас мерейтойымен құттықтап, елордадағы қаламгерлердің атынан иығына шапан жапты.

Осы айдарда

Back to top button