Қоғам

Тоқанның шәкірттері тоғыз құмалақтан ешкімге дес бермейді

Тоқанның шәкірттері тоғыз құмалақтан ешкімге дес бермейді

Өткен жылдың күзінде жергілікті телеарналардың кешкі жаңалықтарының бірінен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Нұрорда» халықаралық мектебінде өткен «Отбасындағы тәрбиені нығайтудағы әкенің рөлі» атты үлкен форумның жұмысы туралы хабарға куә болдым. Кең залға жиналғандардың алдыңғы қатарында бір ауылда сиректе болса ұшырасып жүретін Тоқан Нүкежанұлын жазбай танып, қуанып қалдым. Ауданымыздың атынан үлкен слетқа қатысып қайтқан азаматпен әңгімелесуге асықтым.
Облыстық деңгейдегі сол слетқа Тоқан Бозаевтың қатысуының әбден жөні бар. Жұбайы Күләш екеуі бес баланы тәрбиелеп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отыр. Бүгінгі қоғамымызда жанұядағы әкенің ролінің төмендеп бара жатқаны шындық. Бірде-бір танысымның «балаларымның бәрі телефонмен шешесімен сөйлеседі. Мен балаларымның амандығын әйелімнен білемін, әйтпесе менде де қалта телефоны бар ғой» деп сырын айтқаны бар.
Жоғарыда аталған слеттен Тоқан ұстаздың мерейі үстем болып оралды. Әртүрлі қойылған сұрақтар мен ұйымдастырылған ойындарда белсенділік көрсеткені үшін «Ең үздік ойыншы» атағымен марапатталыпты. Онда «рухани мәдениетіңіз бен азаматтық жауапкершілігіңіздің, ар-ожданыңыздың биіктігі үшін құрметтейміз» делінген екен.
Өткен өмірге сәл көз жіберсек, оның Семейдің сол кездегі мұғалімдер институтының дене тәрбиесі факультетін ойдағыдай аяқтап, қазіргі Найманбай мектебіне жұмысқа келгеніне отыз үш жылдың жүзі болыпты. Онда ат жалын тартып мінген жігерлі, еркін, көрсем-ау, білсем-ау деген құштарлығы басым, еңбекке жаңа араласқан жас маман еді. Енді міне, ойы толысқан, әр нәрсеге үлкен мән бере, ой жібере қарайтын салиқалы жасқа да жетіпті.
Жұбайы жоғары санатты ұстаз Күләш Канадиқызы екеуі талай шәкіртті тәрбиеледі. Біз жетпеген биіктерге оқушыларымыз жетсе деп үміт етті, тілектес болды.
Тоқанның әке-шешесі қарапайым еңбек адамбары шопан болса, Күләштың әкесі Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер. Бұрынғы танк жүргізушісі кейіннен жүргізуші мамандығын мүлтіксіз атқарып, тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты. Анасы Сара да соғыста медбике болыпты.
Қарапайым жанұядан шыққан қос ұстаздың көңілі кімге болса да ашық, дастарқаны жаюлы.
Тоқан Нүкежанұлымен бір кездескенде «тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер екенсің, соның жолы қалай?» деп сұрағанмын.
«Тоғызқұмалақ – қазақтың көне ойыны. Ойға, ойлауға құрылған ойын жас балалардың ой-өрісін кеңейтуге үлкен ықпал етеді» дегені бар. Жеткен жетістіктерін де тоқталып айтып өткен. Өзінен бұрын шәкірттеріне тоқталған еді. Оқушылары Еділ Шайықов, Айбек Базылжанов тоғызқұмалақтан облыстық құрама команданың құрамында республикада облыстың намысын қорғады.
Жаңыл Бозаева спорттың осы түрінен мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында облыс намысын қорғап, жүлдегер болып, тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атанды. Кереку қаласында өткен оқушылар арасындағы спорт сайысында Еділ Шайықов екінші орын алды. Бұл жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және ел құрамасы қатысқан еді. Шәкіртінің осындай дүбірлі додада топ жарып шыққаны сөз жоқ Тоқан ұстазды қатты қуантқан болатын. Өткен жылы қараша айының ортасында Семейде орта оқу орындары арасында тоғызқұмалақтан ұлдар арасында өткен сайыста Нұржан Қайырбеков ешкімге дес бермеді.
Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы Оразғали Асылбековты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде шәкірті Дастан Жармұхаметов екінші орын алды. Өткен жылы тәуелсіздік күнінде өткен үлкен жарыста шәкірті Дана Смагұлова бірінші орынға шықты.
Сөз жоқ, Тоқан Нүкежанұлы тәрбиелеген шәкірттерінің жетістігі көп. Әрбір шәкіртінің жетістігіне ұлағатты ұстаз қуанып, ақжол тілеп отырады. Оның мінезі осындай. Мінез дегеннен шығады, әкесі Нүкежан шопан болған, сөздің бағасын білген, той-томалақта жанынан шығарып өлең айтып отыратын адам болған. Ал анасы Бәтен үй шаруасындағы екі қыз, екі ұлының тәрбиесімен, оқуымен айналысқан абзал ана болатын. Сол әке-шешенің үміті ақталды.
Тоқанның бойындағы ұйымдастырушылық қабілетті байқаған жоғарғы орындар кезінде аудандық атқару комитетінің бұқаралық спорт бөлімінің меңгерушілігін сеніп тапсырған. Кейін аудан әкімшілігі құрылғанда әкімшіліктің жастар ісі, спорт және туризм комитетіне жетекшілік етті. Осында еңбек етіп жүргенде Баћадүр батыр Қабанбайдың 300 жылдық, бұлбұл әнші композитор Әсет Найманбайұлының 125 жылдық мерейтойларында бұқаралық спорт жарыстарын сәтті ұйымдастырып, мақтау-мадақтауға ие болды.
Тоқан – педагог. Ол өз сабағында әрбір оқушының бойынан спорттың қай түріне бейім екенін байқап отырады. Байқап қана қоймай, спорттың сол түрінен тереңірек айналысу үшін ақыл кеңесін де аямайды.
Тоқан Нүкежанұлының тағы бір шәкірті Ерасыл Жұмақұлов еліміздің Қарулы күштерінің қатарында қызмет етеді. Ерасыл Ерланұлы өткен жылы халықаралық танкі биатлон жарысында озық шығып, екінші орын алды. Үстіміздегі жылы Ресей, Сербия, Армения, Азербайжан, Түркия, Қытай мемлекеттердің танкистерінің арасында танкінің жылдамдығын арттырудан, кедергілерден тоқтаусыз өту, нысана көздеуден өз экипажымен тағы екінші орынға шығып, қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың жылы сөзін естіп, марапатталды.
– Сіздер еліміздің әскери қуат күшінің қандай екенін бүкіл дүниежүзіне таныттыңыздар. Сол үшін сіздерге мың алғыс!, – деген болатын сонда министр. Осыны теледидардан көрген Тоқан Бозаев танкіге өзі отырғандай қатты қуанды.
Өмірден орнын тапқан шәкірттер ұстазымен хабарласып, келсе амандығын біліп тұрады. Тоқан бұған да мейірленіп қуанып отырады.

Мұратқазы Саябаев
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button