Түнгі қаланың тіршілігі
Облыстық жергілікті полиция қызметі, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті және Жастар ресурстық орталығы үшжақты келісімге келіп, Өскемендегі ойын-сауық отауларын аралап шығуды ұйғарған екен. Мақсат – жастар арасындағы құқықбұзушылықты анықтау, алдын алу, болдырмау… Тәртіп сақшыларының қолында бір парақ әлгіндей мекемелердің тізімі бар. Күн жұма. Сағат 22:00.
«Неге түнгі уақытта?» деп сұрай қоймассыз… Неге жұма күні екендігін де шамамен болжап отырған боларсыз… Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, бұл – соңғы жұмыс күні, ертең демалыс…
Құқық бұзған бойжеткен
Әуелі Мыза көшесінің бойындағы «Қанағат» дәмханасына бас сұққан едік. Қос қабатты ғимараттың астыңғы жағы тамақтанатын орын болғанымен, негізінен би алаңы іспетті: соқыр қараңғылықты қызыл, сары түсті оттар ғана олай-бұлай қидалап, көз қарықтырады. Тәртіп сақшылары келген соң барып, бұл жердің шамы жағылды. Құлақ тұндырған қатты музыканың да көмекейі кептелді. «Құжатымыз үйде қалып қойып еді» деген үш бойжеткен сүтпісірімдей түлкібұлаңға салғанымен де, құтылып кете алмады. «Ұмыт қалған» төлқұжатты қалтадан алып шығуға мәжбүр болды. Екеуі 18-де, ал бірі бұл жасқа толмаған екен. Демек…
– Әкімшілк кодекстің 442-бап, бірінші бөліміне сай, кәмелетке толмаған қыз баланың түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) жақындарының қарауынсыз ойын-сауық мекемесінде болғаны үшін, оның заңды өкіліне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – деді кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Гүлжан Құсайынова.
Ел ертеңі – жастардың болашағы үшін алашапқын болып жүрген Арайлым Есімбекова қаршадай қызға не аяушылық танытарын, не кінә арта сөйлерін білмеген дүдәмал күйде: «Қызым-ау, сабағыңды оқып, үйде отырмаймысың…» – деді. Сосын мекеменің әкімшісіне бұрылып: «Сіздер жіберген осында олқылықтардың салдарынан біздің облыс жастар арасындағы құқықбұзушылық жөнінен алдыңғы қатарға шығып кетті», – деп қатқылдау тіл қатты. Ал әкімші мынадай астан-кестең оқиға үстінде айтылған сөздің төркінін түйсінді ме екен? Бұл – енді басқа мәселе.
Инспектор Г.Құсайынова мекеме басшылығының да жауапкершіліктен жалтара алмайтындығын мәлімдеді.
– Әкімшілік кодекстің 132-бабына сай, кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық отауларына кіруіне жол бергені үшін, мекеме басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл төлейді, – деді ол.
Мекеме әкімшісінің бар айтқан жауабы мынау: «Бұл бикештер бізге кәмелеттік жастан асып кеткенбіз деп еді…». Болды. Мұнысы мекемені ақтай ала ма? Жоқ, әлбетте.
Оңалту орталығына жөнелтілді
«Қанағаттан» шыққан соң «Bingo Boom», «Zoom», «Буллит», «Ретро Восток», «Сибинка», «Фаворит», «Тез» сынды көптеген көңіл көтеру орталықтарын адақтап шықтық. Жас жеткіншектер жым-жылас жоқ. Жастар ресурстық орталығының өкілдері алғашқы барған жерде-ақ адамдар рейд жүріп жатқандығы туралы таныстарына жедел хабар тарата бастағанын айтып еді… Я болмаса, бұл, шынымен де, қуантарлық жағдай болып тұр.
Жастар жасырынып қалды немесе жылыстап кетті деп нық сеніммен айтудан аулақпыз. Дегенмен де кейбір дәмханаларда кәмелеттік жасқа толмағандардың қызмет істейтіндігі туралы сөз болып еді. Тіпті бір мекеменің әкімшісі «бізде бір ғана даяшы бар» десе, келушілер әлгінде ғана үш-төрт қыз бала қызмет қылып жүргендігін айтып қалған-ды.
Рейд барысында анық болғандай, бозбала мен бойжеткендердің дені кальян шегуге арналған орындарда көңіл көтереді екен. Әлбетте олардың жасы 18-ден асқандықтан, қорқор будақтатуы заңға қайшы әрекет еместігін айтады жергілікті тәртіп сақшылары. Сондықтан да жастардың құқығын шектеуге жол берілмейді. Бастысы, бір қорқор 10 тал темекіден де қуатты екендігін, тұқым қуалайтын аурулар туғызатындығын біліп барып қолданса игі. Біз атап көрсеткен сырқаттан басқа да ауруларға душар етері хақ. Оларды да толық зерттеп, білсін жеткіншектер.
…Жоспарға енген мекемелерді түгел тінтіп шыққан соң, кейіндеп қалған тәртіп сақшыларынан қосымша ақпараттар келіп түсті. Уақсыз – уақта көшеде жүрген кәмелеттік жасқа толмағандармен қатар, шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтар да анықталған екен.
– Бүгін шартты түрде сотталған екі адамның көшеде жүргендігі анықталып отыр. Бұл кісілермен ары қарай Үлбі аудандық пробация бөлімі заң шеңберінде жұмыс жүргізетін болады, – деді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті Үлбі аудандық пробация бөлімінің инспекторы Әділет Асинов.
– «Nota» дәмханасының ауласында жүрген екі баланың кәмелеттік жасқа толмағандығы анықталды. Олардың бірінің ата-анасына Әкімшілік кодекстің 442-бабы, екінші тармағы бойынша хаттама толтырылды. Ал екіншісі әке-шешесінің қаладан тыс жерде болуына байланысты Оңалту орталығына жөнелтілді, – деді қалалық ішкі істер басқармасы Үлбі полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Раушан Қажыбаева.
…Танымал әнші Дәурен Сейітжанның қоржынында «18-ге толған қыз» атты ән бар. «Әпкесіне ұқсаймын деп боянады 18-ге толған қыз», «көбелектей алауға ұмтылады 18-ге толған қыз» деп келетін еді сол әннің жолдары. Шамасы, сөзін жазған адам заң шеңберінен шықпауды көксесе керек. Әйтпесе, 18-ге толмаған қыздар арасында алауға ұмтылған ессіз көбелектей қанатын күйдіріп алып жатқандары бар…
Тасқын Болатұлы